16.10.2017, 14:04
Оқылды: 26

Оралда сотталғандар арасында байқау өтті

БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Үміт-2017» атты байқау өтті. Байқау барысында қазылар алқасы сотталғандар қолынан шыққан суреттер мен мүсіндерді сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтады.

Қазылар алқасының құрамында облыстық суретшілер одағының мүшесі Қуандық Мәдіров, қоғамдық бірлестік өкілі Жанат Танабаева және облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Виктория Ерина болды. Комиссия жұмысына облыстық ҚАЖ департаменті басшысының орынбасары Дидар Атантаев басшылық етті.

Жиынды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы, Әділет майоры Тимур Дүйсалиев ашып, бұл бағыттағы байқаудың жыл сайын өткізілетінін айтты.

-Мұндай байқаулар сотталғандардың санасында эстетикалық талғам мен қоршаған ортаға қайырымды көзқарасты қалыптастырады. Сотталғандардың арасында да шығармашылыққа бейім, сурет салғанды, қолдан қашап мүсін жасағанды жаны сүйетін  адамдар бар. Бүгін жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бірқатар өнер туындыларын назарларыңызға ұсынып отырмыз, -деген Тимур Дүйсалиев қазылар алқасынан өнер туындыларын сараптауды өтінді. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бейнелеу өнері бойынша І орынды «Табиғат туралы» картинасы үшін РУ-170/2 мекемесінің жазасын өтеушісі Ринат Шукалов алды.

Тимур Дүйсалиевтің айтуынша байқау қорытындысы бойынша хаттама толтырылып, байқау қатысушыларының мекемелеріне жолданады. Мекеме басшылары байқау жеңімпазы атанған сотталушыларды арнайы дипломмен және  сыйлықтармен марапаттайды. Жазасын өтеушілер қолынан шыққан үздік туындылар Балалар үйіне тарту етілмек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале