2.03.2018, 14:18
Оқылды: 143

Оралда «Танылмаған талант» байқауының жеңімпаздары анықталды

Ел арасында көзге түспей жүрген талантты да дарынды жастарды танып, шеберлігін шыңдайтын «Танылмаған талант» облыстық байқауы өз мәресіне жетті.

Жоба өткен жылы «Ақжайық» телеарнасының тікелей қолдауымен, облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасы және облыстық, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының тікелей ұйымдастыруымен басталған болатын. Аудандар мен қала жастары ішінен дарындылар іріктеліп, байқаудың алғашқы кезеңдерінде 700 өнерпаз бақтарын сынады. Таланттылар арасынан топ жарған 18 қатысушы ғана финалға шықты. «Ән және ақын номинациясы бойынша өте көп қатысушы болды. Жастардың байқауға деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Осы жылдың жас мезгілінен бастап аудандарға қайтадан іріктеу кезеңіне барып қалуымыз мүмкін. Бірақ өткен жылы қатысқандар бұл жаңа жобаға қатыса алмайды», - дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Гүлжанар Қаленова.

Дарынды жастарды танытып, шеберлігін шыңдап, шығармашылыққа деген ынтасын оятуды көздеген байқау финалында қатысушылар 6 номинация бойынша өнерлерін ортаға салды. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, көрермендр киелі сөз өнерін серік етіп, ақындықты жанына жақын тұтқандардың, әсем әнді әуелете шырқағандардың, домбыраның шанағынан құдіретті күй төккен, би өнерінің сан түрін құбылта орындағандардың, тіпті әзіл әлеміне саяхат жасағандардың өнерін тамашалады. Ал әділқазылар әр аталым бойынша жастардың көрсеткен өнеріне жеке-жеке сын-пікірлерін білдіріп, кеңестерін айтты. Әсіресе, өлең өрген жастардың шығармаларының мән-мазмұнына үңілген «Жайық үні» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Сүйіншалиева «Әдебиет – ардың ісі» екенін баса айтып өтті. Ал жобаға қолдау білдіріп, облыс тұрғындарының тамашалауына мүмкіндік берген «Qazaqstan» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев ел ішінде танылмай жүрген таланттарды танытуда мұндай жобалардың зор рөл атқартынын атап өтті. Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Аян Сакошев жастарға жаңа жеңістер тіледі.

Жүйріктен жүйрік озған байқау нәтижесінде «Үздік ақын» аталымы бойынша теректілік Айбек Әбілқалым, «Үздік ән» аталымымен Шыңғырлау ауданының өнерпазы Асқар Елеусін, «Ерекше өнер иесі» болып М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Мәжит Бейсенбек, «Үздік аспап орындаушы» номинациясы бойынша қазталовтық Гүлшат Ізмағамбетова мен Әсем Бекжан, «Үздік әзіл орындаушы» номинациясымен тасқалалық Бақдәулет Сұлтанмұратов, үздік топтық және жеке би орындаушы ретінде Сырым ауданының «Айналайын» би тобы лауреат атанды. Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале