19.04.2017, 18:04
Оқылды: 61

Оралдағы бірінші қазақ сиезіне 100 жыл

Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев ескерткіші орналасқан саябақта «Алаш Орда» ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналған шара өтті. Өңірдегі тарихшылар мен өлкетанушылардың мұрындық болуымен ұйымдастырылған жиынға зиялы қауым өкілдері, студенттер, қала тұрғындары қатысты.

Шара Алаш қайраткерлерінің ел үшін атқарған еңбегі туралы театрландырылған қойылымды тамашалаудан басталды. 

- Құрметті оралдықтар, өздеріңіз жаңа ғана куә болған тарихи қойылымның мәні тереңде жатыр. Осыдан тура 100 жыл бұрын дәл осы біз жиылып тұрған алаңда Алаш зиялыларының, Орал қазақтарының бірінші сиезі 1917 жылдың 19 сәуірінде түскі сағат 12.00-де басталған болатын. Аталмыш сиезге 800-ден астам делегат жиылған. Олар қазақ жерінің әр аймағынан келді. Өз өңіріміз бойынша ауылдардан, болыстардан, уездерден көзі ашық, жүрегі қазақ деп соққан ұлт зиялылары осы жерде бас қосқан еді. Ол уақытта бұл жерде ағаштан салынған цирк үйі болған. Ішке сыймаған адамдар айтылып жатқан әңгімені дәл осы жерде сыртта тұрып бір-біріне таратып тұрған. Сиездің бірінші күнінде Жаһанша Досмұхамедов осы жиынның төрағалығына сайланады.

Жиын Ресейде болып жатқан саяси төңкерістің мәнін, қазақ халқына өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізетін уақыт келгенін ұқтыруды мақсат тұтқан. Сиезді ұйымдастырушылардың бірі Ғұбайдолла Әлібеков те Жаһанша Досмұхамедов секілді Орал реалды-әскери училищесінің түлегі болатын. Аталмыш сиезде Жаһаншаның орынбасарлығына екі адам сайланады. Олардың бірі Ғұбайдолла Әлібеков, екіншісі  Алпысбай Қалменов еді. Хатшылық қызметке үш адам сайланған. Үшеуі де сол кездегі қазақтың зиялы қауым өкілдері болған.

Мысалы, Ғаббас Жетпісов Орал әскери-реалды училищесінің түлегі, сол кезде атағы жер жарған Қайыршаһ Ахметжанов болса өте білімдар хазірет еді. Ол  медресе ашып, көптеген қазақты сауаттылыққа үйреткен жан. Үшіншісі  Сақыпкерей Арғыншиевтің немере ағасы Ермұханбет Арғыншиев болатын. Осы Орал қазақтарының сиезі төрт күнге созылды. Сиездің бірінші күнінде негізгі үш мәселе қаралды. Біріншісі  мемлекеттік  басқару жүйесі. Өйткені Ресейде патша тақтан құлады. Екінші мәселе уақытша үкіметке, ал үшіншісі бірінші дүиежүзілік соғысқа деген көзқарас туралы болды.

Екінші күні аграрлық және діни мәселелер қаралды. Сол уақытқа дейін қазақ жері Патша үкіметінің қол астында болатын. Енді қазақтың жерін өзіне қайтару мәселесі көтеріледі.
Жиынның үшінші күнінде Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың басқару жүйесін қайта құру туралы «Уақытша ережелер» деп аталатын бағдарламасы ұсынылады. Сол кезде мемлекеттік басқару жүйесін осылайша жария ету  қазақ зиялыларының, соның ішінде Оралдағы оқыған қазақтардың өте білімдарлығын, іскерлігін және мемлекет, халық үшін жанын қиюға әзір екенін көрсетеді. Уақытша ережелерді даярлау Орал қазақтарының Қазақ автономиясын құруға әзір тұрғандығының айғағы еді, - деді шарада алғаш болып сөз алған Алаш тарихын зерттеуші ғалым Дәметкен Сүлейменова.

Өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев аталмыш тақырып аясында тебірене сөйлеп, жиылған қауымды, әсіресе, жастарды ата-баба аманатына адал болуға, туған ұлтын, тілін, жерін сүюге шақырды.

Нұртас НАБИОЛААҰЛЫ

zhaikpress.kz

Суреттер Айбатыр НҰРАШТІКІ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале