21.06.2019, 17:20
Оқылды: 501

Сағы сынбаған сержант

1939-1940 жылдары КСРО мен Финляндия арасында текетірес болғаны белгілі. 1941 жылы Германия фашистері соғыс ашып, ауыр майдан бес жылға созылды. Финляндия неміс басқыншыларымен бірге қайтадан бас көтеріп, Ленинград блокадасына қатысқаны мәлім. Сұрапыл жылдары қанды шайқасты бастан кешірген майдангердің бірі, атамның ағасы, кіші сержант Қапаш Қадырбаев туралы деректерді ресейлік «Память народа» сайтынан таптық. Атам 1915 жылы 6 наурызда Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. 1939 жылы желтоқсан айында аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Соғыс жылдары оған Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері мен «Ерлігі  үшін» медалі берілген.

kapash

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің 33-қоры, 686 046-тізім, 203-сақтау бірлігі, №49497429 жазба бойынша тіркелген құжатта Карель майданы 13-шабуылдау бригадасындағы бөлімше командирі Қапаш Қадырбаевты марапаттау парағы толтырылған. Парақта кіші сержант Ленинград үшін болған шайқасқа қатысқаны және Оңтүстік Батыс, Карель майдандарындағы ерлік жолдары көрсетілген.

1942 жылы 13 ақпан күні Ленинград облысындағы Погостье пункті түбінде 54-армия 11-атқыштар дивизиясы 31-дербес байланыс батальоны 2-рота құрамында соғысып, жау қоршауынан шығып келе жатқанда сол қолының саусағына бомба жарқыншағы тиіп, ауыр жарақаттанады. 16 маусымда 55-армия құрамындағы 73-кавалерия полкі 3-штаб ротасы Архангельск облысындағы Каргополь қаласын алуға шабуыл жасаған кезінде тағы да жарқын-шақтан зақым алады. «Ер кезегі үшке дейін» дегендей, от пен оқтың ортасындағы тағдыр тағы бір сынағын алға тартты. Сол жылдың 17 желтоқсанында Фин шығанағының оңтүстік жағалауындағы ескі Петергоф ауданы аумағына 3-парашютшілер ротасы әуеден түседі. Жауынгерлік тапсырманы орындау үшін авиадесантшылармен бірге парашютпен жерге қонғанда Қапаш атам иығын сындырып алады.

Ең сұрапылы – 1944 жылы 6 шілде күні Карелия Республикасы құрамындағы Питкяран қаласы үшін болған шайқас. Айта кетейік, 1940 жылы кеңес-фин соғысы аяқталғаннан кейін, Мәскеу бейбіт шарты бойынша Финляндия жерінің 11 пайызын, яғни Выборг провинциясының шығыс бөлігін Кеңес одағы иеленді. 1940 жылы 9 шілде күні осы аумақтағы Питкяран ауданына қала мәртебесі берілді. Бірақ шабуылға шыққан неміс фашистерімен Финляндияның тізе қосуымен байланысты 1941 жылы қайта тұтанған кеңес-фин соғысында қала дұшпан қолына өтті. Бірақ үш жылдан соң финдіктер Питкяранды тастап шығуға мәжбүр болды.

Питкяран қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан ұзындығы – 50, ені 7 метр көпір жолын фин әскері минамен қиратқан болатын. Карель майданы жорығына қатысқан 72-атқыштар полкіне жол ашу үшін бригада командирі взводқа көпірді қалпына келтіруге бұйрық берді. Кіші сержант Қапаш Қадырбаевтың бөлімі тапсырманы орындайтын взводты қорғауы тиіс болды. Кеңес әскерінің жақындағанын көрген финдіктер 50 метр жерден шабуыл ұйымдастырды. Ұрыс кезінде қорғанысқа көшкен взводтың 30 жауынгерінің 13-і оққа ұшты. Соған қарамастан жауынгерлер көпірді жөндеп, минадан залалсыздандырды. Көпірден өтпек болған 72-атқыштар полкіне финдер минометтен оқ жаудырды. Осы шайқаста ол оң жақ жіліншігі мен балтыры, сан еті қатты зақымданады. Осындай жанқиярлық ерлік арқасында полк көпірден тез өтіп, шегінген финдер ізімен ұрысты жалғастырды. Шайқастағы кіші сержанттың батыл қимылы бағаланып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қапаш Қадырбаевтың тағдыр соқпағы ауыр, соғыстағы жолы қым-қиғаш болды. 1945 жылы Венгрия жерінде немістердің тұтқынына түсіп қалды. Бірақ көп ұзамай босайды. Қасық қанын аямай соғысқан жауынгерді әскери тергеу әбігері күтіп түрды.

Дегенмен 1947 жылы елге оралуға мұрсат алып, бұрынғы Орда ауданына  келген соң, Қасымтау ауылдық кеңесінде еңбек етті. «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери полигондары ашылуына байланысты 1952 жылы аудан тұрғындары ықтиярсыз көшіріліп, Қасымтау ауылдық кеңесіндегі жеті ұжымшар Ақжайық ауданына қарасты Шалқар көліне жақын орналасқан бұрынғы Ленин ұжымшарының құрамына қосылды. 1965 жылға дейін осы ауылда механизатор болып еңбек еткен Қапаш атам Қатира әжеммен төрт қыз өсіріп, жиен сүйді. Қолындағы құжаты болмаған соң, оның ерлігі лайықты бағаланбады. Қарапайым еңбек адамы ретінде 1987 жылы дүниеден озды. Соғыс ардагері майдан жорығы жөнінде өмір бойына тіс жармай, тұтқынға түскенін ғана айтқан. Қапаш Қадырбаевтың ерлік жолында өшпес із қалдырғанын мақтан тұтамыз.

Әлия Қадырбай,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале