7.10.2019, 11:01
Оқылды: 179

Шымкенттен жеңіспен оралды

Оралдық «Ақжайық» футбол клубы ел біріншілігіндегі кезекті матчын Шымкентте жергілікті «Академия Оңтүстік» командасына қарсы өткізді.

 futbol

Енді қалған ойындарда ұпай жоғалтса, жағдай қиындай түсетінін жете түсінген оралдықтар қарсыластарын бірден тықсырды. Дегенмен алаң иелерінің қорғанысы сыр бермеді. Тіпті қарсы шабуылдарға шығып, Авакянц командасын артқа қарайлап ойнауға мәжбүрледі. Осындай қарсы шабуылдардың бірінде бұрыштама тебуге мүмкіндік алған шымкенттіктер «Ақжайық» қорғанысының осал тұсын тауып, есеп ашты. Өздеріне қажетті голын соққан соң «Академия Оңтүстік» қарсыластарының шабуылдарын қайтарып, бірінші таймды өз пайдаларына аяқтады.

Екінші таймда команда тактикасына өзгерту енгізген бас бапкер Артур Авакянц шабуылға Роман Павиничті қосты. Маусым басынан бері жолы болмай жүрген шабуылшы барын салды. Романның жылдам қимылдары нәтижесін берді. Алдымен сол қапталдан көтерілген допты қарсылас қақпасына қадаған Роман Павинич есепті теңестірді. Бұнымен тоқтамаған Павинич матч аяқталуға бес минут қалғанда бұрыштамадан көтерілген допқа басқадан бұрын жетіп, командаға жеңіс сыйлады.

Шымкенттен үш ұпай еншілеп қайтқан «Ақжайық» турнир кестесіндегі орнын сақтап қалды. Енді келесі матчын өз алаңында 20 қазан күні өткізеді. Қарсыласы «Байқоңыр» командасы.

Түгелбай Бисен

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале