30.01.2018, 18:24
Оқылды: 29

«Сот кабинеті» сервисінің мобильді қосымшасы бар

 

Батыс Қазақстан облыстық соттар әкімшісінің мамандары электронды сервис жүйесін таныстырды. Ғимаратқа кіре берісте «Электронды ақпараттық дүңгіршек» орналасқан. Дүңгіршек арқылы тұрғындар судьялар тізімі мен сот актілерімен танысады, мемлекеттік баж және басқа да төлемдер мөлшері, оны өтеу тәртібі туралы ақпарат алады.

Қазіргі уақытта жаңа технологияларды енгізу арқылы көпшелі сот отырысын өткізуге жұмсалатын уақыт пен қаржы шығынын қысқартуға көңіл бөлінуде. Яғни, сот отырыстары бейнебайланыс арқылы өтеді. Сот отырысы жүргізілгенде түзету мекемелерінің тергеу изоляторынан сотталушыларды залға әкелудің қажеті жоқ. Олармен судья, прокурор және адвокат онлайн режимде байланыста болады.

– Былтыр жыл бойына 643, биыл қаңтар айында 24 ұсыным бейнебайланыс арқылы қаралды. Онлайн жүйе арқылы сот процесіне қатысушылар еліміздің басқа өңірлерінен, тіпті, ТМД елдерінен бейнебайланысқа шыға алады. Айта кетерлігі, бұл технология сот жүйесінде ғана қолданылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бөгде мүддеге пайдалануға шектеу қойылған,-деді сот мәжілісінің залындағы бейнеқұрылғыларды көрсеткен Орал қалалық сот кеңсесінің меңгерушісі Сәуле Қайсарова.

Одан бөлек, бейнебайланыс арқылы мәжіліс өткізу үшін алып экран орнатылған сот отырысының залы таныстырылды. Енді аудандардағы судьялар мен мамандар облыс орталығына келуге мәжбүр емес. Олар бейнемәжіліс арқылы БҚО соттары залында өтетін маңызды шаралардан тыс қалмайды.

БҚО соттарының әкімгері Нұрлан Қажығановтың мәліметінше, «Сот кабинеті» сервисі арқылы былтыр 33 мыңнан астам талап арыз, заңды және жеке тұлғалар тарапынан мыңнан астам өтініш, 15 мыңнан астам әкімшілік істердің материалдары жолданған. Қазіргі уақытта электронды сервис жетілдірілуде. Енді сот шешімін тоқтатуға, мемлекеттік салықты қайтаруға байланысты және басқа да бағыттағы жеке өтініштерді жолдауға болады. Сервистің мобильдік қосымшасы да қолданысқан енген. Сонымен қатар сот мамандары биыл республика бойынша алғаш рет БҚО-да электронды медиация іске қосылғанын айтты. Яғни дауласушы тараптар ХҚКО арқылы немесе электронды қолтаңбасы болса, «eGov.kz» порталы арқылы өтініш жолдап, өзі қалаған медиаторды таңдай алады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале