6.12.2016, 16:31
Оқылды: 85

«Тіл мен тілші» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

                Батыс Қазақстан облысында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға биыл 46 мақала қатысқан.

«Байқау мақсаты еліміздегі тіл саясаты жайында қалам тербеуші тілшілерді анықтау және қолдау, мемлекеттік тіл жайындағы материалдардың идеологиялық мазмұнын саралау және тіл мәселесіне тың ойлар мен ұсыныстар айтуға жетелеу» деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали.

Қазылар алқасының төрағасы ақын, ұстаз Үзілдік Елеубаева байқауға қатысқан жұмыстарға шолу жасап өтті. «Тілшілер көрнекі ақпараттардағы қателермен күрес, тілдің қоғамдағы қажеттілігі, тілдің мәртебесін арттыру жолдарын әлі де көбірек қозғау қажет деп білемін. Байқауға қатысқан мақалалар ақпараттың жаңалығы, тақырыптың өзектілігі мен ашылуы, автор ойының тұщымдылығы, тіл шеберлігі, мәселеге жаңаша көзқарасы мен шешім жолдарын көрсете білуі тұрғысынан сараланды. Нұртай Алтайұлы байқауға 12 мақаласын жолдаса, соның жетеуі республикалық басылымдарға жарық көрген екен. Мақалаларында жастардың мемлекеттік тілді игеруі, мемлекеттік сайттардың сауаттылығы, бәйге жаршыларының сауаты, зағиптарға мемлекеттік тілде баспа өнімдер қажеттігі, тіл заңнамасын қайта қарау қажеттігі, үш тілді білім беру, такси қызметінің мемлекеттік тілді менсінбеуі сияқты көптеген өзекті мәселелерді көтерген» деді Үзілдік Елеубайқызы.

 

Байқау қорытындысы бойынша І орын мен 400 мың теңге қаржылай жүлде облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Алтайұлына берілді. ІІ орын тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев пен «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинге бұйырды. ІІІ орынға Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Мүсірбек Айташев, Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің тілшісі Түгелбай Бисен мен Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі Меңдігүл Фазыловалардың жұмысы лайық деп танылды. Екінші орындардың - 150 мың, үшінші орындардың 100 мың теңге жүлдесі бар.

"Жайық Пресс" ақпарат орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале