3.12.2019, 12:46
Оқылды: 252

«Ұшқынның» ұшқан ұясына сапар

«Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің 100 жылдығына арналған кешенді шаралардың бір парасы өткен аптаның соңында Батыс Қазақстан облысында және Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өтті.

egemen (1)

«Жүз жылдық – қатардағы қарапайым мерейтой емес, бұл бір ғасырлық жүріп өткен жолыңа қайта қарайтын, тарихыңа тағзым жасап, тағылым алатын, жаңа дәуірге бет түзейтін меже. Сондықтан біз де газеттің 100 жылдық мерейлі белесін қилы кезеңдегі қиындықтарды қайыспай көтерген аға ұрпаққа тағзымды ұштастыра отырып, «Тағзым мен тағылым» деп атап өтуді мақсат еттік» деген болатын «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. Абай жерінде басталып, Орынборда нүктесі қойылған мерейтойлық шаралар шоғырының да басты бағдары осы болды.

Оралдағы орайлы іс

Мерейтойлық шара шеңберінде Орал қаласына ат басын тіреген «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен ақын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлын Жайық жұрты жылы қарсы алды. Өңір басшысы Ғали Есқалиев меймандарды арнайы қабылдап, құрмет көрсетсе, Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейінде «Жүз жылдық жылнама» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

egemen (1)

- Ел газетінің мерейтойына байланысты алғашқы шарамыз Семейден, ұлы Абайдың туған топырағынан басталды. Алаш арыстары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығымен орайластырып, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Талдықорған, Шымкент қалаларында, барлық өңірде өтті. Орал қаласына, Бөкей ордасы ауданына арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Бұл жолғы сапарымыздың мәнісі бөлек. «Ұшқын» газетінің редакциясы орналасқан ғимаратқа ескерткіш белгі орнату үшін Орынборға бара жатырмыз. Бұл игі іске қолдау көрсетіп, қол ұшын берген – Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов және Орынбор қаласының мэриясы. Экспедицияны Орал қаласынан бастап отырғанымыз да бекер емес. «Ұшқынның» алғашқы редакциясында қызмет атқарған, басшылық еткен – негізінен оралдық азаматтар еді, - деді «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы.

Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейінің бір залы қазақ ұлттық баспасөзінің қалыптасу тарихына арналған болатын. «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ», «Ұран», «Мұғалім», «Дұрыстық жолы» секілді ұлттық газет-журналдардың арасында «Ұшқын» газетінің де орны ерекше. Астаналық меймандар музей жәдігерлерімен танысқан соң жергілікті зиялы қауым өкілдерімен – тарихшы ғалымдармен, ардагер журналистермен, студенттермен жүздесіп, салиқалы әңгіме-дүкен құрды. Газет басшысы Дархан Қыдырәлі мерейтойлық жыл аясында атқарылған жұмыстарды таныстырып өтті.

– Газетіміз алғаш рет «Ұшқын» деген атпен осыдан тура жүз жыл бұрын, 1919 жылы Орынбор қаласында жарыққа шықты. Сол себепті де зиялы қауым өкілдері, тарихшы, өлкетанушы азаматтардан құралған топ Оралдан Орынборға арнайы экспедицияға аттанбақшымыз. Ол жақта дөңгелек үстел, тарихи орындарға сапар ұйымдастырылады. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің кезіндегі редакция алқасында, газет авторларының қатарында да Алаш қайраткерлері болған. Басылымға 1919-1937 жылдар аралығында басшылық жасаған 18 басшының 15-і саяси қуғын-сүргін жылдары «халық жауы» атанып, атылып кеткен болатын. Сондықтан Орынборда «Ұшқынға» қойылатын ескерткіш – бүкіл Алаш арыстарына құрмет болмақ, - деді Дархан Қуандықұлы.

Мерейтой аясында басылымның бір ғасырлық тігіндісі сканерленіп, жүз жылды қамтитын цифрлық архив жасақталған. Газеттің 1970 жылға дейінгі сандарынан іріктелген мақалалар «Жүз жылдық жылнама» деген атаумен бес томдық кітап болып жарық көрген. Дархан Қыдырәлі басылымның ғасырлық тігіндісін жинақтау ісі оралдық азаматтардың, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бұрынғы басшысы Жантас Сафуллиннің «Egemen Qazaqstan» редакциясына «Ұшқынның» 1919-1920 жылдардағы көшірмесін сыйға тартқанынан басталғанын айтып өтті. Сондай-ақ газеттің қазіргі ұжымы, қолға алған жаңа жобалар мен басылымды оқылымды ету бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайын да тарқатып айтып, оралдық оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.

egemen (2)

Оралдағы орайлы кездесулерден кейін экспедицияға Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар қосылып, бірқатар республикалық БАҚ журналистері мен жергілікті өнерпаздар «Орынбор, қайдасың?!» деп автокөлікпен жолға шықтық.

Орынбор, орның бөлек қазақ үшін!

Айта кетейік, Орынбор сапары аяқ астынан туған идея емес еді. Мәселен, «Ұшқын» газетінің 1919 жылғы ғимаратын анықтаудың өзі 2-3 жылға созылған. Ал оған ескерткіш тақта орнату үшін жергілікті биліктің рұқсатын алудың да машақаты аз болмапты. Қаншама хат алмасылып, келіссөздер жасалған. Бұл істе Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің көрсеткен көмегі көп. Қазақстандық делегацияның осы сапарының да сәтті өтуіне елшілік қызметкерлері зор еңбек сіңірді.

Орынборға түнделетіп келіп ат шалдырып, 28-қарашаның таңын осы жерден қарсы алған меймандар Қазақстан мен басылым тарихына қатысы бар орындармен танысты.

egemen (6)

Әрине, біздің алғаш ат басын тіреген жеріміз – 1919 жылы «Ұшқын» газеті редакциясы орналасқан тарихи ғимарат болатын. Бұл қазіргі Ленин көшесіндегі 17 үй екен.

egemen (15)

Екі қабатты көне ғимараттың алтынсары бояулы сыры кете бастағанымен, сыны кетпепті. Жаппай суретке түсіп жатырмыз. Делегация құрамында келген белгілі ақын ағамыз, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы жол бойы шығарып келген жаңа өлеңін оқи жөнелді:

Егеменім,

Абызым, көп жасаған көрегенім,

Өмірге қарлығаштай қанат қағып

Өзіңде жарық көрді көп өлеңім.

Әр күні көкірегіме сәуле тағып,

Нұрындай атқан таңның себеледің.

Тағдырын қазағымның тасқа басып,

Ғасырлық шежіресін шегеледің.

Заманға көз жіберсем сен өткерген,

Өтіпсің сан қиыннан, сан өткелден.

Қақ жарып қара қылды әділ сөзің

Қиянат көргендерге көмек берген.

Атың сан өзгергенмен, затың асыл,

Халқымды жүз жыл бойы жебеп келген.

«Егемен Қазақстан» атанғалы

Қырандай шарықтадың қанат керген.

Тәуелсіз бүгін міне, кешегі елім,

Осы ғой көгергені көсегенің.

Ең алғаш Орынбордан ұшқын атып,

Есімде ойдың шоғын көсегенің.

Бастаған баспасөздің ұлы көшін,

Не деген көсем едің, шешен едің.

Жарқылдап, жасын атып, жаңаланып,

Баһадүр бас газетім, жаса менің!

Осы жерде таяу болашақта орнайтын ескерткіш тақтаның макетімен бірге естелік суретке түстік. Сапарымызды ұйымдастырушы елшілік қызметкерлерінің айтуынша, тарихи ғимарат қабырғасына ескерткіш белгі орнату мәселесі түбегейлі шешілген. Жыл соңына дейін созылатын мораторий мерзімі өтісімен Орынбордағы қазақ тарихына қатысы бар тағы бір ғимараттың сыры көпшілікке жария болмақ.

Әрине, Орынборда ұлт тарихында ерекше орны бар ғимараттар көп-ақ. Қазақ баласы үшін ерекше қадірлі Орынбор шаһарының орталық көшесі Советская – Совет көшесі деп аталады. Бір басы Жайық өзенінен басталып, автокөлік жүрмейтін жаяу көшеге айналған осы мүйіс те тарихи естеліктерге толы. Аңызға айналған совет ұшқышы Чкаловтың алып ескерткішінен басталған көшенің басында тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин оқыған жоғары авиация училищесі де тұр. Дегенмен, біз 1920-1925 жылдары Қырғыз (қазақ) Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі – Қазақ ССР-інің тұңғыш үкіметі орналасқан тарихи ғимараттың айналасында көп аялдадық. Орынбор – астана болған, барша қазақ даласына бас қала болған кездер еді бұл.

- Шіркін, біздің сұлу Сәкен маңғаз басып осы жерде талай жүрді-ау, - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музейіне жетекшіліп отырған Несіпбек ағамыз тебірене.

egemen (4)

Осы көшенің бойында, дәлірек айтсақ №7 ғимаратта 1850-1857 жылдары Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин оқып, кейін қазақ балаларына сабақ берген екен. Ғимарат сол күйінде сақталған, бүгінде №3 мектеп ретінде әлі күнге білім ұясы міндетін атқарып тұр екен. Мектеп жанында өңірдегі барша педагог мамандарға арналған ескерткіш орнатылған.

Бұдан кейін іргетасы 1842 жылы қаланған, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи Керуен сарайға да арнайы бардық.

- Мәдени кешендер мен тарихи ғимараттарды қорғауда, жалпы қала келбетін сақтауда Орынбордан үйренеріміз көп екен. Шаhарды шарлап жүріп бейне өткен ғасырларға еніп кеткендей күй кешесің. Әр көшесі тұнып тұрған тарих. Бұл тұрғыдан алғанда біз Семейді сақтай алмай отырмыз, Алаш арыстарының көзіндей болған тарихи ғимараттар көз алдымызда көнеріп, қирап барады. Алматы да тарихи келбетінен біршама айырылып қалғандай. Орал қаласының ғана көне келбеті сақталған сияқты. Қалаға рух беретін – оның тарихы мен көне келбеті. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті, - дейді Дархан Қуандықұлы.

Осы ой 1913-1918 жылдары әйгілі Ахмет Байтұрсынұлы тұрған Чичерин көшесі, 75 мекенжайдағы екіқабатты үйді көргенімізде тіпті беки түскендей болды. Екі қабатты, терезе жақтаулары әсем жапсырма ою-өрнекпен әдіптелген ғимаратта әлі күнге дейін тұрғындар тұрып жатыр екен. «Дәл осы үйде тұрып Ақаң «Қазақ» газетін шығарды, қазақ құрылтайларын ұйымдастырды, ұлттың ұпайын түгендейтін талай мәжілістер өткізді. Әлихан мен Міржақып, қазақтың талай марғасқа ұлдары осы үйдің табалдырығын сан аттады» деген ойдың өзінен тебіреніп кетесің. Дархан Қуандықұлының: «Болашақта осы үйді сатып алып, Алаш арыстарына арналған музейге айналдырса, шіркін!» деген ойын бәріміз қолдадық. Бұл мемлекеттің де, тіпті ұлтжанды меценаттардың да қолынан әбден келетін шаруа ғой.

Осы орайда тарихшылар мен өлкетанушыларға, Орынборда тұратын қандастарымызға бір ұсыныс айтқымыз келеді: Қазақстаннан немесе басқа да ел-жерден келетін қазақтар үшін Орынбордың ұлтқа қатысты тарихын түгендейтін мағыналы жобалар, туристік экспедициялар, экскурсиялар жобасы жасалса дейміз.

Достыққа дәнекер жиын

Бұдан кейін Н.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап кітапханасында газеттің мерейтойына орай дөңгелек үстел отырысы өтті. Қазақша әуен – газеттің гимнімен басталып, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің ғасырлық тойына арналған деректі фильммен жалғасқан шараға Орынбор облысы басшылары, Орынбордағы қазақ ұлттық ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Мәжілісті ашқан Орынбор облысы мәдениет және сыртқы байланыстар министрі орынбасарының міндетін атқарушы – халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Александр Калинин қазақстандық делегацияны газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, Орынбор мен Қазақстанның көршілес облыстары арасында тығыз мәдени-экономикалық қарым-қатынас орнағанын, бұл игі үрдіс алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін атап өтті.

egemen (9)

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева сөз алып, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хатын Дархан Қыдырәліге табыс етті. «Сонау ғасыр басында, яғни 1919 жылғы желтоқсан айында Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген «Ұшқын» газеті де азаттық аңсаған ел арманын ту етті. Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымда дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты. Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіретімен «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып атауы өзгергенімен, республикалық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Өзгермек те емес. Еліміздің төл басылымының ғасырлық торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, «Egemen Qazaqstan» тамыр тартқан үрдістің баянды болуын тілеймін» делінген Елшінің құттықтау хатында.

Жиында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қарым-қатынас, рухани байланыстар жөнінде жиі айтылды. «Ресей халықтары достастығы» коммерциялық емес автономды ұйымының сарапшысы, Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Константин Моргунов Орынбор рабфагында оқыған қазақтар туралы өте қызықты, дерекке толы баяндама жасады. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар да екі елдің достығына арқау болатын ізгі шаралардың бірі – осы мәжіліс екенін айтты. Ақын Несіпбек Айтұлы мен Бауыржан Халиолла газет мерейтойына арнаған өлеңдерін оқыды.

- Бойынан кие қашпаған,

Көрсе де заман дауылын,

Армысың, көне астанам,

Бармысың, қандас бауырым!

 

Қайтарсың түбі, жыл құсым,

Тарихтың күмбір күйісің.

Бейбарыстарым, жүрмісің,

Сағынып жусан иісін.

 

Егемен үшін іс қылдың,

Жүз жылда қанша мағына!

Мәртебесіне «Ұшқынның»

Ұшқындап жауды қары да.

 

«Егемен» бүгін сөйлесін,

Көзіндей ұстаз әкемнің.

Көремін сенен бейнесін

Бейімбет, Ахмет, Сәкеннің.

 

Орынбор, сұлу әлемім,

Аңсаймын, саған құштармын.

Қабыл ал ыстық сәлемін,

Қазыналы Қазақстанның! – деп жырлаған Бауыржанның сөзіне Орынбор қазақтары ерекше риза болып, қол соқты.

«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған басылымның бүгінде халықаралық деңгейде қызмет көрсетуге көшкенін айтып өтті. Газет сайты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығады. Қазақ тіліндегі нұсқаның өзі үш түрлі әліпбимен таралады. «Egemen Qazaqstan» газеті халықаралық баспасөз каталогына енгендіктен, газетке енді Ресей жеріндегі, соның ішінде Орынбордағы оқырмандар да жазыла алады.

- Алаштың алтын ордасы – Орынборға арнайы келіп, тарихи маңызы зор шара ұйымдастырғаныңызға, Орынбор қазақтарының жадына бір ғасыр бұрынғы тарихи оқиғаларды жаңғыртқаныңызға өте ризамыз. Біз, Орынбор қазақтары да қол қусырып қарап жатқанымыз жоқ. Өткен жылы демеушілеріміздің көмегімен «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы» атты кітап шығардық. Енді жақында Қазақ ССР-інің Жер жөніндегі халық комиссариаты – Наркомзем ұйымының тарихына арналған жаңа кітап шығады. Жаңа жылдан бастап «Ұлы дала» альманағын шығара бастаймыз. Орынбор қазақтарының қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық-мәдени автономиясы, «Бәйтерек» қайырымдылық қоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігі белсенді жұмыс істейді. Дегенмен, тарихи Отанымыздан, Қазақстан тарапынан жасалатын көмек-қолдаудың біз үшін орны бөлек, - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігінің жетекшісі, Орынбор облыстық «Достық үйінің» төрайымы Сәуле Тәйкешева.

- «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығын Орынборда атап өту – жалпы Қазақстан үшін де, Ресей Федерациясы үшін де екі жақты байланысқа өте пайдалы шара. Еліміздің маңдайалды газетінің алғашқы саны шыққан жерінде ғасырлық тойды тойлау - біз үшін үлкен абырой болды. Біздің елшілік қызметкерлері Иманғали Нұрғалиұлының тікелей тапсырмасымен Орынбор әкімшілігімен етене араласып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын атқардық. Шараның бағдарламасы жасалды, Қазақстаннан келетін делегацияның құрамы анықталып, әрқайсының мақсат-міндеті белгіленді. Осылайша бүгінгі шараның куәгері болып отырмыз. Бүгінгі дөңгелек үстелде Ресей ғалымдарының Қазақстан бойынша ғылыми зерттеу жүргііп, баяндама жасауы – үлкен еңбек. Жалпы Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7500 километр. Осының өзі де үлкен мәнді білдіреді. Өйткені екі ел арасындағы достық қарым-қатынас осындай шаралардың нәтижесінде нығая түседі. Ғасырлық тойды бір ғана елдің көлемінде емес, халықаралық деңгейде, Ресеймен, көрші мемлекетпен бірге атап өту – Қазақстан үшін де, Ресей үшін де үлкен шара деп ойлаймын, - дейді бізге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева.

egemen (14)

Дөңгелек үстел мәжілісінен соң Орынбор қазақтары қауымдастығы ұйымы төрағасының орынбасары Жәнібек Иткузов пен «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

egemen (13)

*   *   *

Міне, «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тойы аясында тағылым мен тағзымды ұштастырған ең негізгі іс-шаралар Семейде басталып, Алашқа астана болған Орынборда қорытындыланғандай болды. Бірақ, бір нәрсенің соңы кейде жаңа бір дүниенің басы болатын кезі аз емес. Делегация жетекшісі Дархан Қыдырәлі Орынбор әкімшілігімен әңгіме барысында Орынбор қаласының қазаққа астана болғанына және осындағы алғашқы үкіметтің құрылғанына 2020 жылы 100 жыл толуына орай осы тарихи оқиғаны да бірлесе атап өту жөнінде ұсыныс жасады. Қала басшылығы бұл ұсынысты қолдап отыр. Ендеше, ұлт тарихын түгендейтін ойлы шаралар Орынборда келер жылы да жалғасуы мүмкін. Ылайым солай болсын!

 

Суреттерді түсірген Ерлан Омаров 

Қазбек Құттымұратұлы,

«Egemen Qazaqstan»

Орал-Орынбор-Орал

egemen (2) egemen (3) egemen (5) egemen (7) egemen (8) egemen (10) egemen (11) egemen (12)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале