15.09.2017, 19:05
Оқылды: 25

Жалпыреспубликалық акция өтті

263A5540Бүгін Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деген болатын.
Шарада сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мержан Әбілхас аталмыш акцияның мақсаты – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жұртшылық арасында, соның ішінде жастар ортасында кеңінен насихаттау екендігін атап өтіп, білімді, бәсекеге қабілетті, белсенді болуға шақырды.
Жалпыреспубликалық акцияға қаламыздағы жоғары оқу орындарының білім алушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенді жастар жұмыла үн қосты. Жалпы саны мыңға жуық жалынды жасты біріктірген акцияның жұлдызды қатысушыларының бірі - қазақ елінің атын асқақтатып, аспанмен таласқан тау шыңдарына көк туымызды қадап, абыройымызды асырып жүрген Мақсот Жұмаев. Жер шарында теңіз деңгейінен сегіз мың метр биіктікте жатқан 14 шыңды бағындырған жерлесіміздің есімі қазірде тек елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жақсы таныс. Ол сондай-ақ, Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Мақсатқа жету жолында төзімділік, табандылық пен қайсарлық таныту қажет. Біздің елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Қай салада болмасын, бастысы ерінбей, талмай, еңбектену керек»,-деген Мақсот Жұмаев өзінің жетістікке жету сырымен бөлісті.
Жалынды жастар қашан да елдің қамын жемек. Биікке қол созған жас, сол биіктен орын табады. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4 курс студенті, Президенттік шәкіртақы иегері Ақтоты Жанұзақ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің 3 курс студенті Мадияр Абдымонов замандастарын «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласының мән-маңызын терең ұғынып, туған жерді құрметтеуге, ұлттық тәрбиенің мәйегі салт-дәстүрді қастерлеуге шақырды.
Акция барысында жастар түрлі жарыстар мен викториналарға қатысты. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» логотипін насихаттау мақсатында флеш-моб ұйымдастырылды. 250 бастамашыл және белсенді жас көкке самғаған қыран құс белгіленген логотипті ортаға алып, batis және kz сөздерін латын қарпінде бейнеледі.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале