24.12.2016, 18:08
Оқылды: 147

Жаңа аурухана ашылды

fb_img_1482565588090-1    Бүгін облыс орталығында қалалық көпбейінді аурухана ашылып, пайдалануға берілді.

    Жаңа аурухананың ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов, медицина саласының қызметкерлері, осы нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.


  -Құрметті дәрігерлер қауымы, құрылысшылар, қала тұрғындары! Бүгін баршамыз үшін үлкен мереке, қуанышты күн. Өйткені, дәл қазір қала мен облыс тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсететін жаңа көп бейінді қалалық аурухана ашылмақ. Сонымен қатар, бүгін облысымыздың медициналық ұйымдарына реанимобильдер табысталады. Бұл -Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыс тұрғындарына жасаған үлкен тартуымыз. Елбасымыз өз Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесіне үлкен мән беріп, еліміздің барлық аумағындаreceived_615171182014303 медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыру жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, бүгін мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындап, тағы бір денсаулық сақтау нысанын халыққа қызмет ету үшін беріп отырмыз. Еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде 103 денсаулық сақтау нысаны қайта ашылып, пайдалануға берілді. Тек биылдың өзінде төрт денсаулық сақтау нысаны жөндеуден  өтті.  Алдағы 2017 жылы тағы 15 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда, бұған бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Бұдан басқа алдағы жылы тағы бір жаңа емхана ашуды көздеп отырмыз. Осының бәрі медициналық қызмет сапасын арттырып, халықтың сапалы дәрігерлік көмек алуы үшін жасалып жатыр.

received_615171238680964

    Жазда жедел жәрдем қызметі орталығында болғанымызда, біз сол мекеменің дәрігерлерінен «Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін не істеу керек?» деп сұрағанбыз. Сонда олар «Жедел жәрдем көлігін көбейту керек» деген болатын. Міне, бүгін дәрігерлер қауымының сол тілегі орындалмақшы. Облыстың денсаулық сақтау нысандарына дәрігерлік қызмет көрсететін 60 көлік берілмек. Осы көліктердің 40-ы аудандарда халыққа қызмет көрсетіп жүрсе, ал қалған 20-ы қалада қалмақ. Соның 15-сі су жаңа  реанимобильдер. Шұғыл жағдайда дәрігерлік қызмет көрсететін бұл көліктер медициналық қызмет сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді деп ойлаймын. Қазір ашылғалы тұрған көп бейінді қалалық аурухана талапқа сай замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осы жұмыстардың барлығы облыс тұрғындарының игілігі үшін жасалуда. Ауырып қалған жағдайда, тұрғындар басқа жерлерге бармай, осы замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған ауруханада қаралсын,  неден ауырып тұрғанын осы жерде анықтап, сапалы ем-домын жергілікті ауруханалардан алсын деп жатырмыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1993 жылы бюджеттен облыстың денсаулық сақтау саласына 24 млн. теңге бөлінсе, биыл жыл қорытындысы бойынша 28 млрд. теңге бөлінді. Яғни, 1993 жылмен салыстырғанда соңғы жылдары мемлекет денсаулық сақтау саласына қаражатты 1200 есе көп бөлген. Мұның өзі мемлекеттің осы бір әлеуметтік маңызы зор мәселеге - тұрғындардың денсаулығына үлкен мән беріп, барынша көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Біз осы мәселені мемлекетпен бірігіп шешудеміз. Олай болса, бүгінгі баршамызға ортақ қуаныш құтты болсын! Жаңа замануи аурухана сіздердің игілігіңізге қызмет етсін! Тәуелсіздігіміз құтты болсын, баянды болсын!, –деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

received_615171235347631-1-1   Бұдан соң жаңа нысанды тапсыру рәсімі басталып, аурухана құрылысын жүргізген мердігер «Болашақ-Т»  компаниясының жетекшісі Қайдар  Қощанов жаңа нысан кілтін көп бейінді қалалық аурухана директоры Арман Қалибековке табыс етті. Өңір басшысы құрылыс жұмысын жүргізген кезде 100 шақты жерлесімізді жұмыспен қамтып, облыс бюджетін ауқымды салық төлемімен толықтырған компанияға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Шара барысында еңбек ардагері, қаламыздың құрметті азаматы Хамза Сафин сөз алып, жиналғандарды жаңа емдеу нысанының ашылуымен құттықтады.

     Осыдан кейін Алтай Көлгінов аурухана ауласында тұрған жедел жәрдем және реанимобиль аутокөліктерінің кілтін иелеріне табыс етті. Нақтырақ айтсақ, 9 реанимобиль аутокөлігі қалалық жедел жәрдем стансасына, 6 реанимобиль аутокөлігі қалалық емханаларға және 6 «УАЗ» маркалы аутокөлік облыс аудандарына берілді. Бұдан кейін көп бейінді қалалық аурухананың ашылу рәсіміне орай,  денсаулық саласына ұзақ жыл қызмет еткен еңбек ардагерлері Бақтығали Ахметов пен Тамара Чеусова лента қиды.

   Салтанатты рәсім аяқталған соң жиналғандар жаңа аурухананың ішіне кіріп, ондағы арнайы қызмет көрсету бөлмелерімен және құрал-жабдықтармен танысты. Мұндағы кардиология, токсикология, ота жасау және жансақтау бөлімі, пульмонология, сәулелі диагностика және рентген бөлмесі, шынымен де ең замануи құрал-жабдықтармен жасақталыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің  мәлімдеуінше, аурухана 8 негізгі және 5 көмекші корпустардан тұрады. Аурухана құрылысына жергілікті және республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлінген. Және денсаулық сақтау нысандарына берілген 56 аутокөлікті сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 471 млн. теңге жұмсалған.  300 орындық аурухана ресейлік, жапондық, германиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда МРТ, компьютерлік томография, видеоскоп, мобильді рентген жүйесі, және тағы басқа да заманауи құрал-жабдықтар ел игілігіне қызмет етпек. Тағы бір айта кетерлік жәйт, мұндағы жұмыс орындары автоматтық жүйемен толық қамтамасыз етілген.

 received_615171218680966    Шара барысында «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелдерде білім алып келген бір топ жас дәрігер жаңа нысанның ашылумен құттықтап, өздерінің шетелде алған білім-біліктерін сапалы емдеу ісіне арнайтындарын жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзинаның айтуынша, облыс бойынша 56 дәрігер шетелдерде тәжірибеден өтіп, біліктілігін жетілдірген. 26 дәрігер халықаралық «Болашақ»  бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алған.  Сондай-ақ, көп бейінді қалалық аурухана жұмысын жаңа 2017 жылдан бастамақ. Және бұл мекеме мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале