5.01.2018, 18:05
Оқылды: 23

Жергілікті полицияға 600-дей қызметкер қажет

Бүгін Достық үйінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен облыстық ішкі істер органдарының қызметкерлерімен кездесті. Депутат еліміздің құқық қорғау саласында қолға алынған реформалар жайын, мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асып жатқан іс-шараларды баяндады.

– Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласы қоғамда серпіліс туғызды. Рухани жаңғыру жолында бір-біріміздің сана-сезіміміз бен кәсіби біліктілігімізді жетілдіруге, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға септесуіміз керек. Ата-баба дәстүрін сақтай отырып, бір-бірімізге деген сый-құрметімізді арттыруымыз қажет. Әрқайсымыз прагматикалық бағытта еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуға тиіспіз. Қазіргі уақытта бала құқығын қорғауға айрықша назар аударылуда. Жасөспірімдер тәрбиесімен айналысатын мектеп инспекторлары рухани жаңғырудың мән-мазмұнын кеңінен түсіндіруге үлес қосуы қажет. Жақында БАҚ саласына қатысты жаңа заңнама талаптары қабылданды. Соның аясында кәмелетттік жастағы баланың дербес және биометриялық деректерін жариялауға тыйым салынды. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігі және ұялы байланыс желілері компанияларымен келісімге келе отырып, мектептерде балаларға арналған таза интернет-ресурстарын қолдану мақұлданды. Осы жоба арқылы ақпарат кеңістігіндегі жасөспірімдерді қатерлі контенттерден қорғайтын боламыз. Таза интернет желісін әр үйге тарту мақсатында ата-аналарға ұсыныс жасалады, – деді Бақтияр Мәкен.

Депутат облыста жүзеге асып жатқан жаңа реформалар жайына қанық  екенін айтты. «Қауіпсіз қала»  қоғамдық бейнебақылау жүйесін дамытуға екпін беріліп жатқанын, салт атты сақшылардың патрульдік бақылауға шыққанын игі жобалар ретінде бағалады. Бақтияр Мәкеннің айтуынша, Парламент отырыстарында ҚР Ішкі істер министрлігі басшылығымен өзекті мәселелер талқыланады. «Әсіресе, учаскелік полиция қызметкерлерінің жағдайын жасауға баса назар аудару қажет екені белгілі. Оларды баспанамен және көлікпен қамтамасыз ету, кеңсе ашып беру жайы өзекті. Бұл бағытта жергілікті атқарушы құрылымдар қолдау көрсетулері тиіс», – деді ол.

Кездесуде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полицияның генерал-майоры Махсудхан Аблазимов құқықбұзушылықпен күрес жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, Орал қаласындағы кезекші бөліміне тәулігіне  200-300 шамасында хабарландыру түседі. Бір күнде 20-дан бастап 50-ге дейін қылмыстық оқиға дерегі тіркеледі. Департамент басшысы жергілікті полицияның қызметкерлерінің құрамын толықтыру үшін 600-дей штат бірлігі бос тұрғанын айтты.  Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен бұл мәселелерді қаперіне алатынын жеткізіп, құқық қорғау саласында заңнама талаптарына жетілдіру мақсатында полиция қызметкерлерін ұсыныс-пікірлерін жолдауға шақырды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале