4.04.2018, 17:48
Оқылды: 40

Жұмысшы мамандықтары насихатталды

20180404_111021Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облысы бойынша «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионатының жабылу салтанаты өтті.

Жұмысшы мамандықтарды насихаттап, дәріптеуді, кәсіби даярлық пен біліктілік стандарттары мен беделін көтеруді мақсат еткен бұл байқау елімізде 2015 жылдан бері өтіп келеді. Биылғы чемпионатқа облысымыздағы техникалық, кәсіптік бағытта білім беретін 38 колледждің арасынан 26 білім ошағы қатысты. Чемпионаттың өткен жылғыдан ерекшелігі биыл құзыреттіліктер саны артып, студенттер «Сандық бағдарламамен басқару станогындағы токарьлық жұмыстар», «Дәнекерлеу технологиялары», «Электр монтаждау», «Кірпішті қалау», «Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары», «Бояу және сәндік жұмыстары», «Ағаш шеберінің ісі», «Шаштараз өнері», «Дизайн және киімдерді үлгілеу», «Аспаз ісі», «Мейрамхана сервисі»,«Наубайшы шеберлігі», «Графикалық дизайн» және «Веб - дизайн» мамандықтары бойынша сынға түсті.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында кәсіби-техникалық мамандықтарды тегін оқыту жөнінде айтқан болатын. Бұның өзі еліміздегі жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың күрт өсуімен тығыз байланысты. Сондықтан да жастар бұл байқауда таңдаған мамандықтары бойынша біліктіліктерін шыңдайды. Өздері ұнатқан кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Жастарымыздың халықаралық байқауларда топ жаруын тілеймін», - деді  өңірлік чемпионаттың жабылу салтанатына қатысқан  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.

Салтанатты жиында өздері оқып жатқан мамандықтары бойынша практикалық сынақтардан сүрінбей өткен студенттер Аэлита Амангосова, Роман Самигуллин (Сервис және жаңа технологиялар колледжі), Евгений Славиогло (Ақсай техникалық колледжі), Айдар Урынбай (Шыңғырлау колледжі), Темірлан Орынов, Асланбек Мурзагалиев (Батыс Қазақстан индустриалды техникалық колледжі), Ернар Ысмағұлов, Ернар Биғалиев және Бақтияр Қаженов (Орал политехникалық колледжі), Алексей Фралов, вадим Богданов (Орал ақпараттық технологиялар колледжі), Юрий Гапонов, Сержан Құспанов және Альфия Намазова (Орал «Сервис» технологиялар колледжі) алтын медальға ие болып, сыйлыққа смартфондар табыс етілді. Олар енді республикалық байқауға қатысатын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын бағаланатын кәсіби құзыреттіліктер санымен қатар, қатысушылар мен сарапшылар да артып келеді. Чемпионаттың өтуіне колледждердің әлеуметтік серіктестіктері қолдау көрсетіп отырады. Осы шарада облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова әлеуметтік серіктестіктер Алматы қаласының «Хама Парк» мейрамхана кешенінің директоры Серикхан Адильхановты, «Балзия»  ЖШС директоры Балзия Евенеева мен «Отделстрой» құрылыс фирмасының директоры Валентина Михноны, «Ай-Керім» ательесінің директоры Сәуле Сарманбекованы алғыс хатпен марапаттады. Шара барысында студенттер ән мен биден шашу шашты.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале