5.08.2016, 17:57
Оқылды: 49

Жәнібек ауданында аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Жәнібек ауданында аналар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оны аталмыш кеңестің төрайымы Дина Сапашева жүргізді. Басқосуға сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудандық аурухананың психологі Лаида Ахмурзина және барлық ауылдық округтердегі аналар ұйымдарының төрайымдары қатысты.аналар кеңісі

Алдымен, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева кеңестің құрамы мен ережесіндегі өзгерістермен және алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып өтті. Мұнан кейін Күйгенкөл ауылдық округіндегі аналар ұйымының жұмысы жөнінде аталған ұйымның төрайымы Жеміс Бисенова баяндады. Жеміс Биқашқызының айтуынша, аналар ұйымы ауылда оздырылатын түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді атсалысады. Мәселен, жуырда ауылдағы аналар ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Келін оңбай, қазақ оңбас» атты шара өтіп, онда ибалы келін болудың маңызы жайында талқыланыпты. Аналар ұйымының төрайымы Күйгенкөл ауылында осы бағыттағы кездесу, дөңгелек үстелдер алдағы уақытта да жалғасын табатындығын, ол үшін іс-шаралар жоспары құрылғандығын атап айтты.

Басқосуда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізу жөнінде хабарлама оқыды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбавтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» акциясын өткізуге бастама жасаған. Үстіміздегі жылдың 29 тамыз күні оздырылатын акция еліміздің барша азаматтарын этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыруға бағытталған. Бұл күні ауданның барлық ауылдарында аналар соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарының ескерткіштеріне гүл шоқтары мен ақ орамалды қояды және жас келіндер мен жаңа босанған әйелдерге ақ орамалды сыйға тартады.

Кеңес отырысының соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, бірнеше өзекті мәселелерді ортаға салды.

Д.Зеннат

Жәнібек ауданы    

  www.zhaikpress.kz          

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале