7.11.2016, 10:52
Оқылды: 19

Ведомствоаралық комиссияда

 %d0%b2%d0%b5%d0%b4%d0%be%d0%bc%d1%81%d1%82%d0%b2%d0%be%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d2%9b-%d0%ba%d0%be%d0%bc%d0%b8%d1%81%d1%81%d0%b8%d1%8f%d0%b4%d0%b0 Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Осында бөтеннің мүлкіне қол сұғушылықтың себептері, құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты іс-шаралардың тиімділігі бас бостандығынан айыру орындарынан босап келгеннің жұмыстың жай-күйі, басқа да мәселелер кеңінен қамтылды.

Жылдың 10 айында статистикалық мәліметке қарағанда, барлық 411 қылмыстың (былтырғы осы уақытта 458) 234-і бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты болды. Соның 79-ы – мал ұрлығы. Соңғы кезде ауылдарда ірі қараны асылдандыру мақсатында құрылған селолық тұтыну кооперативтер арқылы мал бағымын ойдағыдай ұйымдастыру көзделсе де, бұл істе келеңсіздік ұшырасып қалуда. Отырыста аудан прокурорының аға көмекшісі Досбол Жұманов содан мынадай мысал келтірді: Мергенде құрылған сондай кооперативте тиісті жұмыстар жүргізілмей, мемлекеттің қаражаттын жымқыру анықталды. Рас, ол шығын толық өтелді. «Ауданда 43 ауылда, сонымен қатар 22 әлгіндей кооперативте мал бағымы ұйымдастырылғаны жөнінде есептің біразы тек жалаң деректер болып табылмай ма, бұдан Мергендегі сол жайт хабар бермей ме?»,-деді Д.Жұманов.


ІІБ жергілікті қызметінің басшысы Руслан Алмағамбетов «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жайында баяндады. 1 қыркүйекте басталған бұл іс-шараға байланысты әр ауылдық округтегі полиция инспекторына тұрғындардан көмекшілер қосылған. Бүгінге дейін 236 қыстақ байқасталды, соның ішінде полицияның оперативтік қызығушылығын танытатын тұлғалардың болу ықтималдығына байланысты 89 қыстақ жан-жақты және толық тексерілді. Шаруа қожалықтарындағы алты ай қыстың қамындағы қызу еңбекке ешкім кесел келтірмеуге тиіс. «Чапаев, Жамбыл, Қабыршақты, т.б. ауылдарда есепке тұрмаған немесе құжатын жоғалтқан, құжатының мерзімі өткен 51 адам бар екені анықталды»,-деді ол.

1 желтоқсанға дейін созылатын «Учаске» барысында бүгінге дейін сондай-ақ отбасы шырқын бұзған 11 адам (көбі аудан орталығынан), ұсақ бұзақылық жасаған 26, қалдық-қоқысты ортақ орындарға тастаған 16, көшеде мас күйінде жүргені үшін 64, азаматтық қаруды сақтау ережелерін бұзған 15, пәтерді заңсыз жалға берген 7 адам анықталды. Профилактикалық есепте тұрған 309 азаматқа қатысты 510 тексеріс жасалды, жаңадан 17 тұрғын профилактикалық есепке алынды. Көпқабатты 66 тұрғын үйдің жертөлелері, шатырлары тексерілді.

Жылдың 9 айында әкімшілік хаттамалар бойынша 1303 азаматқа 9729469 теңге айыппұл салынып, бүгінге 5871079 теңгесі өндірілді.

Отырыста аудандағы пробация қызметтерінің аға инспекторлары Нұрлан Самиғалиев пен Серік Сабырғалиев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеев және аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрушев бас бостандығынан айыру мекемелерінен келгендермен тиісті жұмыстар туралы хабарламалар жасады.

Соңғы кезде пробация қызметтері бойынша біршама іс орындалып келеді. Қоғамнан оқшаулаусыз сотталғандар немесе бас бостандығынан айыру мекемелерінен келгендер арасында қайталап жасалатын қылмысқа жол бермеу, оларға медициналық, психологиялық көмек көрсету жөнінде де ілгерілеушілік аз емес. Сондай жандар арасында жұмысқа орналасып, кәсіпкерлікпен шұғылданып жатқандар, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламалары бойынша қам-қарекеттер де бар. Алайда, осындай жандар қатарынан өздеріне жұмысқа алуға ықылас бере қоймайтын ұйымдар кездесіп қалады.

Аудан прокуроры Орал Монтаев пробация қызметтерінің бас бостандығынан айыру орындарынан келгендермен қарым-қатысында сергектік, кәдімгі адами ахуал болуы қаперден шығарылмауын, олардың қайталап қылмысқа ұрынбауына ұдайы қол жеткізу қажеттілігін әңгімеледі.

Отырыс барысында аудан әкімі Әділ Жоламанов комиссияның хаттамалық тапсырмалары және бұлар бойынша нәтиженің молаюына қол жеткізу жайында кеңірек айтты.

Отбасы, тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда біраз мүмкіндік пайдаға аспай келеді. Тұрғындармен тығыз байланыс нығайтылса, талай қырсықтың жолын кесуге болады. Аудан басшысы мына жайтты де қозғап өтті. Айыппұлды «бас-көзге» қарамай салу, яғни жазалаудың санын көбейту дағдыға айналмасын. Мәселе мынада: кейбір отбасылардың оны төлеуге шамасы жоғы көрініп тұрады емес пе.

Қоғамдық тәртіптің сақталуына, ұрлық секілді жиі кездесіп отырған бәленің алдын алуда бейнебақылау камераларының маңызы барған сайын артуда. Осылардың сапасына қол жеткізу керек. Отырыста маскүнемділікпен күреске пәрменділік беру мақсатында алкогольді ішімдіктерді заңсыз сатудың бүкіл анықталған фактісі жалғанның жарығына шығуға тиістілігі де айтылды.

Борис МЫРЗАҒАЛИЕВ

Акжайык ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале