15.11.2016, 10:05
Оқылды: 33

Жарайсыңдар, ел ұлдары – қаратөбелік кәсіпкерлер!

????????????????????????????????????

   Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қаратөбе өңірінің кәсіпкерлері бағындырған биіктер сан алуан. Олар кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін алдыңғы орынға қойып, аудан экономикасына елеулі үлес қосуда. Өздерінің ғана кәсіптерін дөңгелетіп қоймай, аудан, өңір халқының тұрмыс-тірлігіне  де  барынша  қарайласып  келеді.


  Қаратөбе өңірінде табиғи газ желісіне қоса ауыз су мәселесінің де түбегейлі шешілер күні жақын. Облыс орталығымен екі аралыққа қатқыл табанды жол төселіп, байланыс жақсарды. Сәулетті үйлердің  салтанат  құруы  арта  түсті.

   Ауданда кәсіпкерлікке бет бұрғандардың саны күн санап көбейіп келеді.

Бүгінде 210 шаруа қожалығы, 310 жеке кәсіпкер, 40 заңды тұлға тұрақты жұмыс істеп, мыңнан астам адамды жұмысқа тартып отыр. Соның нәтижесінде жыл басынан бері жаңадан 46 жұмыс орны ашылған.

Аудан орталығында орын тепкен «Дем» сусын цехының өнімдері жақсы сұранысқа ие. Тамыз айында Орал қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқау-көрмесінде цех жетекшісі Сержан Ашығалиев «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша ІІ орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.

????????????????????????????????????

  «Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Аға сеньорлар» жобасы бойынша канадалық эксперт Рон Джемсон өзара тәжірибе бөлісу мақсатында жеке кәсіпкер С. Ашығалиевтің «Дем» ауыз су өндіру цехында болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Тәжірибелі эксперт Р. Джемсон ауыз судың маркетингі, жарнамалау, жұмыс жасау бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Аудан бойынша кәсіпкерлік саласында орасан зор табысқа кенелген жергілікті кәсіпкерлердің ішінде Гүлнар Мұсаева мен Құсайын Мұқановтың есімін ерекше атауға болады.

Бірі аудан орталығының жекелеген тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етсе, енді бірі жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етіп, қамкөңіл жандарға  қомақты көлемде демеушілік танытуымен беделді.

Жеке кәсіпкер Г. Мұсаева аудан орталығындағы апатты үйде тұрған бес отбасыға жаңадан үй тұрғызуға өз қаражаты есебінен қажетті құрылыс заттарын алып беріп,  үй салып берді. Сонымен қатар жыл сайынғы қайырымдылық айлығы шеңберіндегі шаралардан тыс қалған емес.

Оған қоса мәдени-спорттық, көпшілік іс-шаралардың тұрақты демеушісі.

Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Г. Мұсаеваның оң қадамына ауыл тұрғындары дән риза. Сол себепті аудан әкімдігі, ауыл ақсақалдары, жастар белсенділері дара кәсіпкердің игі істеріне қолдау көрсетіп, тығыз қарым-қатынаста байланыс жасап  отырады.

Ал жеке кәсіпкер Қ. Мұқанов болса, Ұзақ күйші кесенесін тұрғызуға 600 мың теңге, қожалық қызметшілеріне 200-300 мың теңге көлемінде материалдық көмек берді. Сонымен қатар Аққозы ауылдық округі аумағында 800 түп жас көшетті отырғызып, күтімге алды.

Жеке кәсіпкер Құсайын Ізімұлы да ауданның қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласып, экономика, әлеуметтік бағыттағы шараларға үлесін қосып келеді. Аз қамтылған отбасылар, мұқтаж жандарға арнап қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, болашаққа сенімдерін нығайтып, мейірім шуағын ұялатып келеді. Ол шаруа қожалығын дамытумен қатар жергілікті тұрғындарға әлеуметтік көмек беру мәселесін назарда ұстауда. 2002 жылдан бері ардагерлердің шаруашылықтарына қарайласып, жыл сайын қысқы мал азығы ретінде 20 центнер шөп, Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлеріне 10-20 мың теңге көлемінде сыйлықтар тарту етіп отыруды дағдыға айналдырды. 2010 жылдан бері жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында 8-10 оқушыны спорт формасы және оқу-құралдармен қамтып отырады.

????????????????????????????????????

Саралжын ауылдық округінде жеке кәсіпкер Қасымбек Болатұлының «Ақеділ» наубайханасы, аудан орталығында ауыл тұрғыны Армат Көбешовтің «Әли» азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар сататын сауда нүктелері ашылды.

Кәсіпорын мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша «Қоржын» шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары Ақкүн Мұқанова Астана қаласында екі апталық оқу курсына қатысып, сертификатқа ие болды. «Сублимация әдісі арқылы жылқы сүтін ұнтақ түрінде өндіру» тақырыбында бизнес-жоба дайындаған ол қараша айында әңгімелесуден өтеді. Комиссия оң қорытынды берсе, Германияға тағылымдамадан өтуге барады.

Қазіргі уақытта аудан бойынша үлкен мәселеге айналып отырған өзекті мәселе – мал сою цехтарының жоқтығы. Ауданда мал өнімдерін орталықтандырылған жүйе негізінде ветеринарлық-санитарлық талаптарды орындау, сақтау мақсатында «Сатыбалды» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқанов мал сою цехының құрылысын бастап та кетті. Бұл жұмыстардың жоба құны 86 млн. теңге қаражатты құрайды. Оның құрамына мал сою алаңы, мал сою құрал-жабдықтары, мал өнімдерін сақтау тоңазытқышы кіреді.

Ертай  БИМҰХАНОВ

Қаратөбе  ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале