17.08.2016, 11:01
Оқылды: 17

Жаңақалада келелі мәселелерді көтерген кеңес өтті

janakalaЖаңақала ауданына қарасты Бірлік, Қызылоба, Пятимар, Қырқопа ауылдық округтерінде қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті. Оған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айзада Шүкірғалиева, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы З.Сисенғали және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Т.Әйтекешов, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.

Алдымен сөз алған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы З.Сисенғали аудандық қоғамдық келісім кеңесінің атқаратын жұмысы, мақсаты мен міндетін, мәні мен маңызын хабарлады...

Мұнан кейін мемлекеттік қызметшінің қызмет этикасы жайлы аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің меңгерушісі А.Қапанов баяндама жасады. Ал, артынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М.Нұрғалиев эпизоотиялық ахуал, малдардың заңсыз, ретсіз қозғалыстарына тыйым салу, мал басының нақты есебін тиянақтау, ауру малдарды уақытылы жойып отыру секілді ветеринария саласындағы түйткілді мәселерді қаузап, тұрғындардың сұрақтарына жауап қатты. Оның айтуынша тұрғындар жылқы таңбалауда бейқамдық танытады екен. Бұл өз кезегінде мал ұрлығының ашылмауына себепші болады.

Осы тұста, әсіресе, сырғаның мал иелеріне уақытылы берілмеуі, мал ұрлығы, бруцеллез мәселесі кеңінен көтерілді. Әр округтегі тұрғындар көкейтесті сұрақтарын аудандық ветеринария бөлімінің басшысына төтесінен қойып, жанайқайларын жасырып қалмады. Әрине, тірлігін төрт-түлік малмен байланыстырған ауыл халқының «ашынғаннан шыққан ащы дауысы» орынды еді.

Алқалы жиында ауылдық округ әкімдері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтетін ауқымды шаралардың жоспарын, дайындық жұмыстарын мәлімдеді. Мұнан соң ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторлары жергілікті полиция қызметінің жартыжылдық жұмыс есебін берді.

Сонымен қатар, әр ауылдық округ бойынша сайланған депутаттар да жарты жылда атқарған жұмыстарын жария етті.

Жиын соңында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айзада Бекетқызы қорытынды сөз сөйледі. Ауыл халқын елжандылыққа, ортақ істе ауызбіршілік танытуға, ауыл тазалығын сақтап, гүлдендіруге шақырды.

 Алтынбек Серікқалиұлы

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале