12.02.2015, 6:34
Оқылды: 36

Жыл ішінде 600 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ


 Әкімдердің есептік кездесуі - еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесін түйіндейтін жиын. Билік пен халық арасындағы ашық диалог ашықтықты, түсіністікті қамтамасыз етіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс істеп, табысқа жетуге бастайды. Жыл бойы атқарылған жұмыстар түйінделіп, алда атқарылар шаралар пысықталған кездесу апта басында Зеленов ауданында да өтті.


Есептік кездесуге байланысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар ауданға арнайы келді. Облыс әкімінің  сапары Зеленый ауылынан басталды. Өткен жылдың соңында халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория тәулігіне 35 адамға дейін қызмет көрсете алады. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 102 млн. теңге бөлінген еді.

- Сапалы салынған дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Зеленый мен Егіндібұлақ ауылдарының тұрғындары ұзақ жыл бойы бейімделген ғимаратта ем алып келсе, мұнда кешенді тексеруден өткізу мүмкіндігі мүлдем басқа. Арнайы зертханалар, стоматология, күндізгі стационар, жедел әрі дәл диагностика жасау кабинеті, туберкулез ауруынан емдеу, анализ алу кабинетін қамтыған ғимарат өз кезегінде жұмыс тиімділігін арттырады. Дәрігер мамандарға халық денсаулығына қалтқысыз қызмет етуге барлық жағдай жасалды, - дейді амбулаторияның бас дәрігері Орынбасар Аханов.


Бірегей мекеме жұмысымен танысып, ем алушылармен тілдескен облыс басшысы Нұрлан Асқарұлы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі тиімді атқарылғанын атап өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен есептік кездесуге облыстық, аудандық мекеме-кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

- Өткен жыл аудан үшін экономикалық, әлеуметтік және саяси жағынан табысты болды. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өнеркәсіп өн-дірісінің көлемі 161,0 млрд. теңге құрап, есепті кезең деңгейінен 0,5 %-ға өсті. Негізгі капиталдың инвестициялық көлемі 50,4 млрд. теңге. Өткен жылы аудан бюджеті 4,9 млрд. теңгені құраса, оның 1,2 млрд. теңгесі ауданның өз пайдасынан құралды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мемлекеттің қаржылай көмегі айтарлықтай. Былтыр агроқұрылымдарға 568 млн. теңге  субсидия бөлінді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алаңы 186,2 мың гектар болды. Қуаңшылыққа қарамай дәнді дақылдардан орташа өнімділігі гектарына - 12,2, күздіктен - 21,3, жаздықтан 8,3 центнер өнім жиналды. Ағымдағы жылы 92,8 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, ол 101 %-ға орындалды. Былтыр 34 бірлік техника лизингке алынды. 133 гектар тамшылатып суару жүйесі жұмыс істеді. Ол 2013 жылмен салыстырғанда 82 гектарға ұлғайды. Ауданда 9 жылыжай бар. Мал басы да өсуде. Былтьр 7,6 мың тонна ет, 38,1 мың тонна сүт, 50,3 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Аудан бойынша 2332 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, олардың саны 2,7%-ға артса, салада жұмыс жасайтындар саны 4480 адамға жетті. Өнім өндіру 9,2 млрд. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға өскен. Бюджетке 1,4 млрд. теңге түсіп, көрсеткіш 7,6%-ға артты. Шағын және орта бизнес саласында  600 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 42 шағын цехта 275 адам қызмет етеді. Өндірілген өнім көлемі 732,1 млн. теңгені құрап отыр. 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында жалпы құны 9 млрд. теңге болатын барлығы 46 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Соның ішінде ағымдағы  жылы  жалпы құны 3,9 млрд. теңге болатын 17 инвестициялық жоба қолға алынып, 300-ден аса жаңа жұмыс орны ашылды, – деген аудан әкімі одан соң  әлеуметтік сала көрсеткіштеріне тоқталды.

2014 жылдың аудан халқы үшін басты табысы – Махамбет, Зеленый, Мичурин, Трекин ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулатория салынып, Мичуринде мектеп, Дариянда балабақша, Переметныйда №13 Зеленов колледжінің асханасы мен жатақханасының күрделі жөндеуден өтуі. Тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж жандар мен жас қызметкерлер үшін 6 пәтер бой көтерді. Озерный, Зеленый елді мекендеріне газ тартылып, Қаражар ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен су жетті. Ауыл шаруашылығы саласында 17 ұтқыр жоба қолға алынып, мал азығы мол дайындалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауыл көшелері жарықтандырылып, спорт алаңқайлары салынды. Ең бастысы, 600 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жарыссөз кезінде сөз алған дарияндық зейнеткер, украин этномәдени орталығының жетекшісі Галина Гарбуз аудан әкімінің жылдық жұмысына оң баға берді. «Білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыс жасалуда. Оған аудан тұрғындарының қуанышы ерекше. Десек те, білім беру, мәдениет саласында әлі де өзекті мәселелер баршылық», деген ол Дарияндағы мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ғимаратының ешқандай талапқа сай еместігін алға тартып, мүмкін болса, жаңа мектеп салу керектігін айтты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде облыс орталығынан Көшім ауылына қоныс аударып, ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүрген Надежда Назмутдиннің әрекеті көптің көңілінен шықты. Ол ұлтаралық, дінаралық татулық орнап, теңдік салтанат құрған жерде береке де, байлық та болатынын айтып, аудан, облыс басшыларының жұмыстарына табыс тіледі. «Жарты ғасырға жуық мүлдем жөндеу көрмей әбден тозған Мичурин мектебін күрделі жөндеу қажеттігін өткен жылғы жиында ауыл ақсақалы мәселе қып көтерген болатын, - деді ауыл тұрғыны Жандарбек Ғабдешев. – Енді, міне, балаларымыз пән кабинеттері бар, заманауи құрылғылармен жабдықталған, жылы да жарық мектепте алаңсыз білім алуда. Бұл болашақ үшін жасалған ғұмырлы іс».

– Өткен жылды өңіріміз қай салада да оңтайлы қорытындылады. Алға қойған межелер уақтылы іске асып, табыс еселене түсті. Бұл Елбасының бізге қойған нақты тапсырмасы. Зеленов - облыстағы өндірісі қарқынды, егін алқабы ауқымды, даму сипаты өзгеше аудан. Еңбекке жұмылған сан ұлт-тың өкілі татулықта ғұмыр кешіп отырған ауданның әр жетістігі, әр жаңалығы көз алдымызда. Ауыл шаруашылығында, өндірісте, кәсіпкерлік пен құрылыста өсім бар. Әлеуметтік сала даму үстінде. Жоғарыда көтерілген мәселелер де біртіндеп шешімін табатынына сенім мол, өйткені бізде жүйелі жоспар бар. Аудандардың біріне жол салынып, біріне газ тартылды, енді бірі әлеуметтік нысандарын күрделі жөндеді, ал сіздерде жыл ішінде төрт бірдей жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына енген Орал-Тасқала тас жолының қайта салынуына биыл республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Жұмыстар көктем шыға басталып, 32 шақырым жол биыл салынбақ. Бұл – бүгінгі мыңдаған жаңа жұ-мыс орындары әрі елдің ертеңгі жарқын болашағына қызмет ететін игі істер. Қол жеткенді әрі қарай дамыта түсу - біздің негізгі ұстанымымыз. Сондықтан ауданның ауыл шаруашылығында әлі де пайдаланылмай отырған мүмкіндік-терді іске қосу керек-ақ. Мемле-кеттің несиелік қолдауын тиімді пайдаланып, қарызды уақтылы қайтаруды әр азаматтың түсінетін уақыты жетті. Бүгінде аудандағы шағын кәсіпке бағытталған 91 млн. теңге несие кері қайтпай отыр. Бұл өз кезегінде бағдарламаның іске асуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ отандық тауар өндіру-шілерді қолдау қағидасын да естен шығармайық. Ауданда жаңадан салынған немесе күрделі жөнделген әр нысанға отандық құрылыс материалдары қолда-нылуы керек. Мерейлі де мерекелі жылымыз берекелі болып, әр шаңырақта жақсылық болсын, - деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.


 

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Нұржан  ДҮЗБАТЫР,

Зеленов  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале