9.09.2016, 10:36
Оқылды: 20

Келісіп пішкен тон келте болмайды

%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b0%d0%b3%d0%b5%d1%80Аудан әкімі А.Есалиев аудан ақсақалдарымен кездесу өткізді. Кездесуге барлық округтерден ардагерлер келіп, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары қатынасты.

Кездесуде ауыл әкімдерімен бірлесе отырып жұмыстарын өрістеткен, 15 бастауыш ұйымға біріктірілген аудандық ақсақалдар ұйымының өткен жылы атқарылған жұмыстарына шолу жасалды. Аудан басшысы аудан үлкендерімен алдағы міндеттерді таныстыра отырып, кеңесті.

Аудан экономикасының дамуы, мал санының өсуі мен кәсіпкерліктің қарқыны туралы тоқтала айтқан ол, аудан кәсіпкерлері бастап отырған игілікті шаруаларға тоқталды. Тұрғындар денсаулығын жақсарту мақсатында «жедел жәрдем» машиналары алынып, Тасмола, Алмаз, Белогор ауылдарына берілмек. Халық тығыз қоныстанған 20 елді-мекеннің 19 газдандырылып, Ақсуат ауылына да көгілдір отын келді. Орталықтағы бірқатар көшелер жөнделіп, асфальттау жұмыстары жалғасатын болады. Аудандық мұражайды ашу, 108 тұрғын үй салу үшін арнайы жұмыстар жалғасып, Алмаз мәдениет үйін жөндеу үшін де қаражат бөлінді,-дей келе аудан әкімі жиналғандардың ой-пікірлерін тыңдады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Рудь Қонақай көлінің суы азайып бара жатқанын айтса, Сүйеу Ығылманов Тәуелсіздік  көшесін жөндеу жөнінде, ауыл шаруашылығын дамытуға әр азамат өз үлесін қосса деген тілегін білдірді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін үлкен стадион салынса деген ойымен Альфред Исмагилов бөліссе, белогорлық зейнеткер Клим Бексейітов ұялы телефон байланысы, өзеннен өтетін көпір салу, жол жиегіндегі шөптерді жұлу мәселесін көтерді. Зейнеткерлер Темір Жантасов пен Ғайса Қанафин ауыл, көше атауларын өзгерту жөнінде айтты. Жаңылсын Тұяқова мәдениетке көңіл бөлу жайына, ал, Галина Ремизова көшелердегі қаулаған арапшөптердің зияндылығына тоқталды. Аудан тұрғындары Қаражан Әбдірахманов бұралқы иттерді жою, Кеңес Таңатов  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай аудан зейнеткерлерін Астанаға апару туралы ұсыныс білдірсе, А.Катькал мен  А. Қарлыбаев газ өткізу кезіндегі кейбір қиыншылықтар мен ауыл шаруашылығы тауарларын сату жөнінде ой бөлісті. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген бар. Аудан әкімі А.Есалиев алдағы уақытта осы мәселелердің бәрі сарапталып, зерделеніп, тиісті іс-шара алынатынына ардагерлерді сендірді .

Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале