19.10.2016, 16:14
Оқылды: 33

Сот-құрылыс сараптамасының қорытындысы күтілуде

????????????????????????????????????

  Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқанынан жұртымыз хабардар. Осы айтулы шара бойынша қам-қарекет ауданымызда 2013 жылы шеру тартты. Содан бері әлбетте, ауқымды істер тындырылды. Коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуды, баспаналарды күтіп ұстауды қамтамасыз етуді көздейтін бағдарлама өздеріне қуаныш әкелгенін көптеген тұрғыннан білуге болады.


Бірақ, бұл салада да бір түйіндер ұшырасып отыр. Осы жайында сөз бола қалса, ең алдымен «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ арқылы жөнделген Чапаевтағы Қонаев атындағы көше бойындағы №38 үй ауызға алынады. Бағдарламаны сүйемелдеуші «Игілік» ЖШС директоры Салауат Аймұқашевпен баспасөз мәслихатындағы әңгіме де алдымен аудан орталығындағы осы жалғыз бес қабатты баспананың төңірегін «шарлады».

58 пәтерлік осы «жалғызды» жөндеуге жұмсалған қаржы – 82638662 теңге. Содан бүгінге дейін тұрғындардан кем дегенде 14 млн. теңгесі қайтарылуы керек еді. Алайда, әлі күнге 7 пайызға да жетпейді немесе 1002635 теңге ғана. «Игілік» директорының айтуынша, он бес жылға бөліп есептелген, айына мысалы, екі бөлмелі үйге 7000, бір бөлмелі үйге 5000 теңгеден келетін қайтарым қаржыны тек 11 тұрғын тұрақты түрде төлеп келеді екен. Сонымен, пәтер саны ең көп бұл баспана есептесу жөнінен 2013 жылдан бері ауданда жөндеуден өткізілген басқа 10 үйге қарағанда, төменнен бірінші орында тұр. Себеп?

Себеп сол, біраз тұрғын жөндеу сапасының нашарлығын және төлем жарнасының жоғарылығын айтып, қайтарымнан бас тартқан. Құрылысшылар жіберген кемшіліктердің негізгілері мыналар: жертөле арқылы өтетін кәріз жүйесін, электр кабельдерін ойдағыдай бекітпеген; су, кәріз, жылу жүйесін жүргізген кезде құбырлар өткізілген тұстарды дұрыс бітемеген; терезелер жақтаулары мығым майланбаған, т.б. Сондықтан олардың шағымын орындау, сөйтіп, жарнаны арттыру мақсатында «Игілік» ЖШС мердігер «Алимбек» ЖШС-ін БҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына берген. Өткен 22 маусымда сот бұл азаматтық істі қарап, «Алимбекке» 25 тамызға дейін келісімшарт бойынша, кемшіліктерді жоюға мерзім тағайындайды.

Алайда, қимыл болмайды, енді мәселе сот орындаушыларына барып тірелді. Бұл аралықта №38 үй тұрғындарынан аудан прокурорының атына ұжымдық арыз түскен. Сондықтан сот-құрылыс экономикалық сараптама тағайындалады. Бұл сараптама да мәрелене келгендей. Енді оның қорытындысы күтілуде.

– Мұнымен қабат төлем қайтарымы жөнінде жұмыстар жалғасуда. «Игілік» ЖШС-нің №38 үй бойынша 19 тұрғынды сотқа жетелеуіне тура келді. Бүгінге олардың 16-сы бойынша іс қаралды. 6 тұрғынға мәжбүрлеп төлету жөнінде шешім шығарылды. 11 тұрғынмен арадағы мәселе медиация бойынша қаралды. Қайткенде де жарна өнуі керек-ақ. Күнкөріс деңгейіне қарай тұрғын үй көмеген алып жатқандар аз емес, сосын да «Игілік» тарапынан ұғындыруды қош алып, Чапаевта да, Тайпақта да жаңғыртудан өткен барлық пәтерлер бойынша төлемді ілгерілетіп жатқандар соңғы кезде көбеюде. Бірақ, мұнымен арқаны кеңге салуға болмайды. Жаңғыртуда кеткен мәкіліктер ерте ме, кеш пе, түзетілері сөзсіз. Демек, әсіресе №38-дегі пәтер иелеріне ешкіммен «ишшә» деспей, «Бұдан кедей күнімізде де тойға барғанбыз» дегенді қаперде ұстағаны жөн-ау,-деді С.Аймұқашев. Ол осылай деуінің мына негізін атады: бес қабатты үйдің әбден азғаны сондай, құлаудың аз-ақ алдында қалды емес пе? Әуелде орталық жылу жүйесі тарихқа кеткен соң мұржа қондырып, ағаш жағып, азаптанған күндер ұмытылуы керек пе? Ал қазір жағдай басқаша, әр пәтерге су, көгілдір отын келіп тұр, газ қазандықтары орнатылған.

Жарнаны көбейте түсудің маңызын айтып жату артық шығар. Өйткені, оның мезгілінде төленіп, қаржының түсімі молаюына кезек күтіп тұрған басқа үйлерді жаңғыртудың тағдыры тікелей байланысты. Ауданда қазір ондай кезекте 50-ден астам баспана тұр.

Иә, тұрғындардың өздеріне көп нәрсе байланысты. С.Аймұқашев әңгіме арасында мұны бірнеше рет атап көрсетіп, үйді күтіп ұстауға әлі күнге мойны жар бермейтіндер аз емесін де айта кетті. Сол №38-ден мысал келтірді: кіреберістің (подъезд) кейбірі тап-таза-ақ, ал көбі ыбырсып жатыр. Баспананың берекеті кетуі осындайдан басталады ғой.

Әлімгерей ҚОШАНОВ, аудан орталығындағы Исаев атындағы көше, №112 үй тұрғыны: 12 пәтерлік біз тұрған үй 2014 жылы жөнделді. Бірте-бірте төлем жарнасын молайттық. 3 бөлмелі баспанам үшін айына 13 мың теңгені мезгілінде төлеймін. Солай болуға да тиісті ғой. Бұрындары үйдің кейбір жері аңғал-саңғал болып, тамшы ағып тұрған шатырды лекерлеп бітеу үшін арқанмен төбеге шығып жүргеніміз ұмытылмайды.

Нұрберген БАУЫРЖАН

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале