4.11.2016, 11:09
Оқылды: 28

Шаруалар шәкірттерді еңбекке үндеді

«Еңбегіне қарап, ерін таны». Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында осындай тақырыппен шаруа қожалықтары иелерінің жастармен, мектеп оқушыларымен жүздесуі ұйымдастырылды. Ауылдық округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиева осында жиналғандарды Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы төңірегінде ашық сырласуға шақырды. Шаруалар Меңдеш Есенқұлұлы, Нұрболат Зайдағалиұлы, Ұлан Әлібекұлы, Арман Ілиясұлы, Нұркен Сүйіндікұлы, Орынбасар Бақтыгерейұлы және Әліби Оразайұлы нағыз құдіретті еңбек бәрін жеңетін жаңа дәуірдің сағаты соққаны туралы риясыз көңілден әңгіме тиегін ағытты.

Мемлекеттік «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға», яғни ауыл тұрғындарының ұмтылысын қолдауға бағытталған бағдарламалар хақында бұл еңбеккерлер де, басқа тұрғындар да ұл-қызға үлгі болып табылатын жанды мысалдармен баяндады. Айталық Н.Зайдағалиұлының «Бірлестік» шаруа қожалығы барған сайын қанатын кеңге жаюда. Қыстақ, үлкен тұрғын үй көтерді. Күн қуатын пайдаланатын қондырғы орнатты. А.Ілиясұлының «Аңсар» шаруа қожалығында мысалы, «КамАЗға» дейін бар. Екеуі де малды асылдандыруға бағыт ұстауда. Осы екі азаматтың ауылға қамқорлығы, көмегі жайында да ілтипатпен айтылып жүр.

Иесі Н.Сүйіндікұлы болып табылатын «Әліп» шаруа қожалығы түлікпен қатар Ақжайық су қоймасында балық та өсіруді қолға алды. Кездесуде Ә.Оразайұлы басқарған «Дәулет» шаруа қожалығының малды асылдандыру тәжірибесі де кеңінен қамтылды. Жастар, олардан кейінгі кішкентай бауырлары да олардың әңгімесінен қиындықтарды жеңе білулері туралы жан-жақты білді, сұрақтарына жауап алды. Басқа да шаруа қожалықтарының аяқалысы жайында білді.

7 сынып оқушылары Ерік Ғабдулов пен Нұрдәулет Қайыржанов орындаған «Туған жер» әні бұл кештің маңызын тіпті еселеп, алтынбесік ауылдың қаншалықты ыстық екенін жаңғыртты. Мектеп директоры Нұрлан Есболатов алдыңғы толқынның еңбектегі өнегесінен ұл-қыздар ой түйсе, соларға ұқсап бақса, бақыт деген сол екенін әңгімеледі. Мектеп психологы Гүлден Жұмашева келген шаруалармен «Атомдар мен молекулалар» деген тренинг өткізді. Халық әндері мен термелері орындалып, бұл кездесуге ұйытқы болған орта мектеп ұжымына зор ризашылық арналды.

Болат Қосжанұлы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале