30.04.2020, 9:32
Оқылды: 38

  «Ақшаттай ыстық мекен жоқ маған»

Өткен ғасырдың басында патша үкіметінің, соның ішінде Столыпиннің аграрлық реформасының негізінде Қазақстанға Ресейдің орталық аудандарынан, Еділ бойынан, Украинадан шаруалар көптен келіп қоныстана бастаған кезең еді. Анна Пономареваның әке-шешесі Поликарп пен Екатерина Бакландар да Шыңғырлау ауданы бұрынғы Лубен (қазіргі Ақшат) ауылына осы саясаттың негізінде 1908 жылы Украинаның Полтава облысынан қоныс аударып келген екен.

38892BFD-EF29-428E-A58A-654E92416305

Анна осы жерде, яғни 1935 жылы 22 шілдеде дүние есігін ашыпты. Отбасында 9 бала өсірген әкесі механизатор болып еңбек етсе, анасы сол кезде совхоздағы шаруаларға бел шеше араласыпты. Анна 8 класты ауылда тәмамдаған соң әрі қарай оқуын аудан орталығындағы Шыңғырлау орта мектебінде жалғастырады. Ұстаздарының ішінен ерекше есте қалған химия пәнінен сабақ берген Мамбет Жиенәліұлы екен. Химиядан сабақ үлгерімі айтарлықтай болмаған ол ұстазының көмегімен оқу жылы аяғында бұл пәнді 5-ке аяқтаған. Кластастарының ішінен Ақас Аманғалиевті ерекше ықыласпен еске түсіреді. Оқуға деген құштарлығын, темірдей тәртібін, алдына мақсат қоя білетін талапшылдығын білетін каластастары мен мектеп ұжымы оған үлкен үмітпен қараған. Сол Ақас Мәскеуде білім алып, сонда жұмыс істеп, Малайзия елшілігінде консул болып қызмет атқарған, Орал өңірінен шыққан тұңғыш өкіл еді деп мектеп кезіндегі кластасын мақтаныш сезіммен еске түсіріп қояды.

Орта білім алған Анна Орал қаласындағы медициналық колледжге фельдшерлікке оқуға түсіп, бітірген соң Ақтөбе облысында екі жыл тәжірибеден өтеді. Елге оралған жас қыз осы ауылға Воронеж облысы Лосевск ауданы Ершовка селосынан тың игеруге келген ерекше елгезек, айналасына жұғымды да ашық мінезді Иван Пономаревпен танысып отау көтереді. Совхозда электрик болып жұмыс істеген отағасы екеуі Василий, Галина, Сергей атты ұл-қызды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Бұл күндері балалары Ресейдің Ленинград облысында тұрып жатса, кенже ұлы Сергей анасын мәпелеп бағып отыр.

- Ес білгелі Ақшаттан алысқа ұзап көрмеппін. Жергілікті халықпен етене араласқанымыз соншалық, біз ұлтқа бөлініп көрмеген де сияқтымыз. Осы кезге дейін ешкіммен қабақ шытысып, бір ауыз сөзге келмеппін. Бала кезімде Гүлшат Мұхамбетқалиева атты құрбым болды. Екеуміз әманда бірге жүретінбіз, бірге ойнап, даладан тезек те тасыдық, қараған да шаптық. Даладан келгенде оның анасы біздің алдымызға ірімшік, қуырылған иісі ерекше бидайын, қазақтың ұлттық тағамдарын қойса, енді бірде біздің үйде жүретінбіз. Ол кезде ойын балалары өздері араласып тұратын отбасылардың үйіне емін-еркін кіріп шығып, тумаларындай жүре беретін еді ғой.  Ал есейе келе ерте көктемнен қара күзге дейін ауылдағы қырман басына барып шелектеп бидай тасып, тоқтың айналасын да сыпырдық. Сол кезде тоқтың бастығы болып Василий Максимейка деген азамат басқарған-тұғын. Ол әр жұмыс күні аяғында қалтамызға толтырып жұмысымыз үшін бір уыс бидай беретін. Осы бидайдан анамыз бізге дәмі тіл үйіретін көже пісіруші еді.  Біз болсақ үйімізге кішкентай да болса табыс тауып әкелгенімізге шексіз қуанатынбыз,- дейді Анна Поликарпқызы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, медколледжді бітіріп келген Анна  Лубен учаскелік ауруханасында 1956-1993 жылдар аралығында бір орында тапжылмай жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққан соң да әкімшіліктің өтінішімен тағы да төрт жыл еңбек етіпті. Жұмыс істеген жылдарында әкімшілік тарапынан мақтау қағаздарына ие болған оны ауылдастары өз ісіне берілген адалдығы үшін ерекше құрмет тұтады.

-Шүкір, ауылдастарымның әлі күнге дейін сәлемдері түзу, көрісе қалсақ жағдайымды сұрап жатады. Осы ауылда туып-өсіп, ұрпақтарымды өрбіткен Ақшаттан ыстық мекен жоқ маған. Ұлым Сергей әкесінің жолын қуып, мектепте электрик болып жұмыс істейді, келінім Галина «Азия қорғау» күзет кәсіпорнында жұмыста. Немерем Анна менің жолымды қуып медколледжде фельдшерге оқуда, екінші немерем Кирилл ауылда. Жерлестерімнің бүгінгі тіршілігіне ризамын, бәрі де әйтеуір қолы бос отырмай тірлік жасауда. Бірліктің арқасында олар мынау айтпай келген індеттің де ауырлығын білдіртпеу үшін жоқ-жітік жандарға қолұшын созып жатыр. Осындай ұйымшыл да мейірбанды ауылдастарымның барлығына қуанамын,-дейді бүгінде 85-тің төріне озғалы отырған кейуана.

Өмірі туған ауылымен бірге өріліп, әр жетістігіне мерейі тасыған, достықтың, бауырластықтың нақты көрінісін сезініп отырған Анна әженің ұрпақтары да осы жердің мәртебесін алысқа апарарына сенімдіміз. 

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале