26.01.2018, 17:00
Оқылды: 24

Ақтаудағы мектепке күрделі жөндеу қажет

Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің есептік кездесуі Оян және Ақтау округтерінде жалғасын тапты.

Қосшылықтар жылды қалай қорытындылады? Өткен жылғы есептік кездесуде көтерілген Ақтау мен Оян арасында шұңқыры шыққан жолдың 17 шақырымы жөнделген.  Жол түгел жөнделмесе де, ауа райы қолайсыз мезгілінде жүру мүмкін болмайтын тұстары ретке келді. М.Маметова атындағы орталық көшеге тратуар жолы салынса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен ауылдың кіре-беріс жолына аялдама орнатылды. Өткен жылмен салыстырғанда, мал басында өсім бар. Жылдық есепті қорытындылаған ауыл әкімі Гүлжан Мұханбетқалиева, биыл орталық саябақта street workout ойын алаңы бой көтеретіндігін жеткізіп, ауыл халқын  қуанышқа бөледі. Ол үшін аудандық бюджеттен 5 млн.536 мың теңге қаражат бөлініпті.

Ауыл әкімінің есептік баяндамасынан соң сөз алған тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді. Халықтан бір ғана уәж, интернет байланысының жоқтығы. Мәселе болашақта шешімін таппақ.

Есеп беру кездесуі Ақтауда жалғасты. Ауылдық округтің тыныс-тіршілігін ауыл әкімі Нұрсұлтан Серік былайша баяндады:

-Аппаратқа бөлінген қаражат 18 млн. 355 мың теңгені құраса, оның 13 млн.64 мыңы әкімшілік қызметін ұйымдастыру үшін жұмсалды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ақтау ауылының Өмірзақов, Гагарин, Ардагерлер көшесінің жолы тегістеліп топырақ төселді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» І бағыты бойынша 7 тұрғын білім алса,  «Өрлеу» жобасымен екі отбасы қаржыға қол жеткізді. Әр отбасы ірі қара және ұсақ мүйізді мал, үй құстарын алып жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін жұмыстануда. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, сапасын арттыру үшін 9 шаруа қожалығы субсидия алды. Мал басында да өсім бар, - деген әкім ауылда атқарылған өзге де келелі істерге тоқталды. Ал Достық көшесіндегі бөгетті қалпына келтіру, әзірге күрделі болып тұр.

Биыл округте абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғасып, балаларға ойын алаңын салу жоспарда бар. Жас болса да, ауылға бас болғанжас әкімнің жұмысына халық оң бағасын берді. Бірақ көптің көкейінде бір сауал. Өткен жылы су жаңа көлік берілгенмен, білім ордасына күрделі жөндеу қажет. Тозығы жеткен мектеп қашан жөндеуден өтпек? Ауданда атқарылған ауқымды істер мен даму жоспарын баяндаған аудан әкімі Санжар Жұматайұлы: «Мектеп ғимаратын күрделі жөндеугежобалық-сметалық құжаттар дайын. Тек бюджет нақтылануы қажет» деп ақтаулықтарды бір қуантып тастады.

Динара НАСЫР,

Тасқала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале