21.08.2017, 17:26
Оқылды: 21

Ақжайық ауданына тәжірибелі бапкер жетіспейді

 

Ақжайық ауданы орталығы – Чапаевта Спорт күніне орай форум өтті.


Аудан басшысы спорт ардагері, ақжолдық Абай Есқайыров, «Жігер» спорт клубының директоры, аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Марат Ығылманов, әдіскері Асхат Шанаев, Чапаевтағы №1 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ерлан Досалиев, Алмалы орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әскербек Құспанов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бокс үйірмесінің жаттықтырушысы Ерлан Хамзин мен самбо үйірмесінің жаттықтырушысы Әсет Ғабдолов сынды үздіктерге БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғысхатын тапсырды. Және спортта жақсы жетістікке жеткен бірқатар спортшылар мен мамандарды қошеметтеді.

Форумда сонымен қатар спорт  саласындағы түйткілдер сөз болды.

Қатысушылардың айтуынша, тұрғындардың еш кедергісіз спортпен айналысуы үшін спорт залдардың есігіне құлып салынбауы керегі туралы тапсырма болғанымен, кейбір ауылда бұған құлақ аспайтындар бар. Ат бәйгесі, қазақ күресі, асық ату секілді жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибелер бәсең таратылуда. Форумда «Жайықтехсервис» кәсіпорынының директоры Әлжан Досмақов ат спортының жұрттың саулығына тигізер пайдасы жайында сөз етіп, оны дамытуда әрқашан көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.

Аудан бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өзінде 11 спорт түрі бойынша 36 спорттық секцияға 856 бала қатысады. Балғын спортшыларға 37 жаттықтырушы тәлім бергенімен, әлі де бұл саладағы кадр мәселесі қол байлау болып отыр. Аталмыш мектеп директоры Қанат Жазықбаевтың айтуынша, тәжірибелі бапкерлер керек-ақ. Жайықтың сол жақ жағалауындағы мектептерде үйірме ашқылары келгенмен, спортқа ықылас танытушы оқушылардың саны жеткіліксіз. Сонымен қатар, Қанат Шарухияұлы аудан орталығында өтетін жарыстарға шалғай ауылдың балалары қатыса алмайтындығын бүкпесіз айтты. Мәселе - көлікте. Тіпті, кей жатықтырушылардың өз көліктеріне оқушыларды артығымен отырғызып, «сыйғызып» алып келетіні олардың өмірлеріне қауіп төндіретінін ескерсек, көлік мәселесін жіберуші жақ мүдделілік танытуы қажет-ақ.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале