5.05.2018, 12:58
Оқылды: 26

Ақжайық ауданында оқушылардың «Ел есіндегі ерлік» атты айтысы өтті

Ақжайық ауданында жылдың басында ғана ауыл-ауылдан сөз өнеріне талпынғандарды жинап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында айтыс өткізген болатын. Міне, мамыр мерекелері құрметіне балапан қанаттардың кезекті айтысы ұйымдастырылды.

«Ел есіндегі ерлік» атты бұл өнер мерекесінің сахнасына бірінші жұпта Базартөбе ауылдық округіндегі Еңбекші негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы Абзал Наурызғали мен Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Жанболат Нығметуллин шықты. Әрине, ел алдында сөз бастау қиын. Дегенмен, жасөсіпірімдер салғаннан-ақ қалың көрерменді үйіріп әкетті. Жанболат еркін жырлауға дағдыланып келе жатқан жас. Ол әлі де жинақылыққа дағдыланары кәміл. Абзал болса, қашанғы сабырлы қалпымен салмақты сөз, тұшымды ой айта білді. Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан қазақ батырларымен қатар, ескідегі батыр-жырауларды да өлеңіне арқау ете білді.

Екінші жұпқа шыққан Базартөбе ауылдық округі, Қадырқұл негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Дінмұмед Зинеш пен М. Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Азат Қадырғалидың айтысы өте тартысты өтті. Дінмұхмед астарлы әзілдерімен, қарсыластың шымбайына тиіп, шымшылап отырды. Және тақырыпқа тыңғылықты дайындалған. Мақам әуезділігі, домбырада ойнауы, бәрі де үйлесіп тұрды. Азат бұған дейін де додаларға түсіп, азда болса, тәжірибе жинап үлгерген оқушы. Ұлы Отан соғысында жанқиялықпен ерлік көрсеткен батырларды, ауданнан шыққан қаһармандарды, бүгінде 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Михаил Абдоловтың ерлігін тамаша жырлады. Осындай тұлғалардың арқасында келген бейбіт ғұмырдың маңызын ұғыну жайында айтты. Ол:

Айтыс та соңына енді жетті ақырын,

Жырласам, ауданымда көп батырым.

Мысалы, Темір Масин, Шурухиндер,

Жүріпті жауды қуып көп шақырым.

Михаил Абдолов бар содан кейін,

Еді ғой Орақбаев бек батырың.

Туған ел, түгел болсын төрт құбылаң,

Тудырған дәл осындай төрт батырын,-деп жырлағанда, көрермен қошеметтеп, көтермелеп алып кетті.

Ақжолдағы Қаршы мектебінен келген 7-сынып оқушысы Әділ Жәрдем мен Базаршоландағы Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Құралбек Бақтыгерей бабалар ерлігін ұмытпауды, сол арқылы ұлдардың ерлікке, Отан қорғауға дайын болуын тілге тиек етті. Осы беттерінен таймаса, екеуі де болашағынан көп үміт күттіретін балғындар екені анық байқалды.

Қашанда өнерлі өрендерді іздеп жүретін ақын Сағынтай Бисенғалиев бастаған қазылардың шешімі бойынша І орынды қадырқұлдық Дінмұхмед Зинеш, ІІ орынды ақжолдық Әділ Жәрдем мен қызылжарлық Абзал Наурызғали, ІІІ орынды М.Әуезов атындағы мектептен қатысқан Азат Қадырғали, базаршоландық Құралбек Бақтыгерей, Абай атындағы мектеп-гимназияның шәкірті Жанболат Нығметуллин еншіледі.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерде: айтысқа қатысушылар; І орын иегері Дінмұхамед Зинеш өзінің ауылдас ағасы, облыстық айтыстарда танылып жүрген ақын Абылайхан Мақсотовпен бірге

Суретті түсірген Нұрхат МАҒЗОМ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале