23.04.2019, 12:37
Оқылды: 74

Ақжайық жұртшылығы ақын Үзілдік Елеубайқызымен кездесті

Ақжайық ауданының орталығында ардагер ұстаз, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызымен кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараның алдында оны аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдап, 65 жасына орай құттықтады, естелік сыйлық тапсырды. Ү.Елеубайқызының ауылдардан, Оралдан ұстаз әріптестері қатысқан қабылдауда Қ.Айтмұхамбетов оның еңбек жолы мен шығармашылығы үшін қуанышын бөлісіп, рухани кемелді жандардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі үлкен орны туралы әңгімеледі.

DSC_0159

         Туған топырағын, атажұртын егер жан-тәнімен сүйетін екі адам болса, бірі Үзілдік, біреу болса, тап соның өзі. Жұртымыздың айтатыны бұл. Әрине, Үзілдік ақынның тек жауһар жырларына қарап емес, ісіне қарап айтады да. Мәдени-демалыс орталығында ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген «Өлең боп қанат қаққан Өлеңтіден» атты кездесу мұны тағы бір көрсетіп берді. «Тағы бір...» деп отырғанымыз, Жұбан туған топырақтан түлеген Үзілдікпен ауылдарымызда да, облыс орталығында да жырсүйер қауым үшін олжа салған мұндай жүздесулер бұрында да өткен. Әлбетте, халқы сүйген осындай жандармен әр дидарласудың жөні бөлек.

         «Өлеңтісін, Сайқұдығын жер жәннаты деп есептейді. Қайда жүрсе де оның жанына қуат құяр самалы туралы таусыла жырлау дағдысына айналған.

         Жазира жайлауы кең елде туғам,

         Қойнауың жырға тұнған күнде думан.

         Ауылым, аман болшы, адамыңмен,

         Жай жатып, уақытынан ерте тұрған.

         Немесе

         Сағынтқан сапар шексем, Сайқұдығым,

         Тоқтамас жетпей саған сәйгүлігім.

         Бәрінен биікпін мен сенде жүріп

         Өмірдің елемеймін қайғы-мұңын,- деп кестелейді».

         Кездесуде ақын Тілес Жазықбай Ү.Елеубайқызының санаңды саф алтындай сәулелендірер осындай жыр шумақтарынан мысалдар келтірді, алпыс бесінші көктемін қарсылаған оның шығармашылығына қатысты түйдек-түйдек толғамдарын ортаға салды. Өнердің халыққа сыйлар дәулеті жайында сөз саптады.

         Үзілдік өзі ақ тілегіне бөленген Жұбан ағасының асыл бейнесін әркез жұлдыздай биікке қоятынын да Т.Жазықбай өзінің шолуында әдемі қамтыды.

         Өрге жүздің өмір деген өзенде,

         Ақын жаны жалғандыққа төзе ме?

         Жүректерде Жұбан болып қалдыңыз,

         Қазақ үшін тұманы мол кезеңде.

         Туған жердің даласына дән егер,

         Жігерлі жас келеді өсіп мұрагер.

         Айбатыңмен шығып аға алдымнан,

         Қайрат беріп қалың елге тұра бер,- деп төкпелеп, Желтоқсанның жебесі атанған, 1986-ның ызғарлы бұл айында бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын қуғын-сүргінге ұшыратқан билікке қарсы қасқайып тұрып ақиқатты айтқан Жұбан бейнесін асқақтатады.

         Бұдан соң сахна көркемөнерпаздарға, мәдениет қызметкерлеріне берілді. Жұбан туған топырақтан шыққан композиторлар арасында Үзілдіктің жырларына ән жазбағаны сирек. Әйгілі Жасталап Қуанғалиев әнін жазған «Саз сырнайым», Қамал Орынбаев әнін шығарған «Дарабоз бір бәйтерек» туындылары орындалды жан-дүниеңді толқытып.

         Жұбантанушы ретінде еліміздің біраз ауыл, қалаларында дәріс беруімен де еңбегі алысқа танылған, бүгінде немерелерін әлдилеген әже Ү.Елеубайқызына аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Максим Үмбетәлиев, белгілі ғалым ұстаз Бақыт Шканова, республикалық «Айқанат» қорының БҚО бойынша үйлестірушісі Гүлнәр Әлжанова, ақын Мәлік Берді Әлі игі лебіздерін арнады.

         Құшағы гүлге толған ұстаз-ақын кездесуді ұйымдастырған баршаға жүрекжарды алғысын арнап, халқына тілегін жаңа жырымен түйіндеді.

Бекем Бекұлы,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

DSC_0193 DSC_0199 DSC_0231 DSC_0241 DSC_0259(1) DSC_0276

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале