30.07.2018, 14:31
Оқылды: 151

Ақжайық жұрты Көшерғалиды еске алды

Koshergali MakarovАқжайық ауданының Сарытоғай ауылдық Мәдениет үйінде халықаралық, республикалық және Түркі дүниесі жыраулары байқауының лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері Көшерғали Макаровты еске алуға арналып «Әуелеп ұшқан жыр-ғұмыр» атты сазды кеш ұйымдастырылды.


Кешті ашқан Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Абзал Жәрдемұлы Көшерғали сынды алдыңғы толқынның халық өнерінің бағын асырған мәнді өмірі жайында баяндады.

Алқалы бас қосуда сөз алған Көшақаңның құрдасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай республикаға танымал жанның дара дарынын, қоңыр дауысты, қоңырау үнді келбетін аша келіп:

– Ауданымызда жыраулар мектебін ашып, оған жыр-терме өретін үлкен-кішіні тарту да біздің бір айтулы ісіміз болар еді. Сондай-ақ өзі жетекші болып жұмыс жасаған Сарытоғай Мәдениет үйіне жыраудың есімін берсек, мұның рухани дүниемізді жадылар жанды іс екеніне көзіміз жетері анық, - деп түйіндеп, ортаға ой тастады.

Тәңірі дарытқан талант шығармашылық ізденіс, яғни еңбекпен ұштасса, халықтың берер бағасы, қошеметі де зор болмақ. Ұлтымыздың сарқылмас рухани қазынасынан қуат алған, жыршылық машықтарын жетік меңгерген Көшерғали Макаровты көркемөнерпаздардың концерті болсын, қарапайым ауылдастың тойы болсын, сабырлы қалпынан танбай, рухты тегеурінмен көпшіліктің делебесін қоздырып, айызын қандырып, Досмамбет, Шалкиіз, Бұқар жырау, Шал ақынның шығармаларын нақышына келтіріп орындайтыны ұмытылар ма? Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жанның бала кезінен бірге өскен жолдасы Орынбасар Жәңгіров, көршілес Атырау облысы, Индер ауданы Мәдениет үйінің ән-терме үйірмесінің жетекшісі Еркін Әубәкіров, Сарытоғай Мәдениет үйінің директоры Ардақ Шабданқызы, Сарман ауылының тұрғыны, зейнеткер Амангелді Қалиталиев, жезтаңдай жырау Қайрат Биманов, көршілес Базаршолан аулдық округінің әкімі Ерлан Базарбайұлы, аудандық мәслихат депутаты Қанапия Таспай, тағы басқалай осындай естеліктерін айтып, жүрекжарды тілектерін бөлісті.

Саңлақтың бұл кешінде оның шәкірттері, дәстүрлі өнерді жалғастырып келе жатқан танымал Сұңғат Жанаев, Гүлжамал Қайбалиева, Данияр Елеуов, Сатыбалды Сүйенұлы, Қайрат Шабданұлы және басқалары жиналған жұртшылықтан әуезді әнге, төкпе жыр мөлдіріне сусындатты. Шара барысында ауыл тұрғындарының қазақтың жыраулық өнеріне деген құрметі шексіз, мейірімі мөлдір екені аңғарылып тұрды.

Кешті жүргізген белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиевтың тапқырлық таланты да үкілі бұл дидарласуға ұмытылмас үндестік қосты. Осы жыр кешінің салихалы өтуіне лайықты қолдау көрсеткен жыраудың жұмыстасы, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ерлан Хабибуллиннің азаматтық белсенділігін айтқанымыз жөн. Қамқорлық бар жерде өнер өлмейді деген осы.

Кеш соңында Көшақанның жары Жұмазия, ұлы Алтынбек және немерелері осы жиналған баршаға, өнерді қадір тұтқан ағайын-бауыры мен келген қонақтарға ыстық лебіздерін арнады. Қазақта «Көңіл көңілден су ішеді» деген бар. Бұл соның бір жарқын мысалы, дәстүрлі өнерімізге деген махаббаттың, жаңашырлықтың, жолдастықтың, бауырмалдықтың, зерденің туын биікке көтерудің шырайлы шарасы болды.

Тілектес САҒЫН

Ақжайық ауданы

Сарытоғай ауылы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале