25.07.2017, 18:23
Оқылды: 58

Ақжайықтан қозы еті Иранға экспортталды

Akjayik kozi eti    Ақжайық ауданында орналасқан «БатысМаркаЛамб» ЖШС-дан тоңазытылған қозы етінің алғашқы өнімі Иранға жөнелтілді.

     Кәсіпорын акционерлерінің бірі Рахымжан Исмағұловтың айтуынша, бастапқы өнім ретінде 18 тонна тоңазытылған қозы еті дайындалған. Екі жүк көлігі қозы етін Ақтаудағы халықаралық әуежайға жеткізіп үлгерді, оны әрі қарай ұшақпен ирандық әріптестер алып кетті. Ирандық әріптестермен барлығы 1,5 мың тонна қозы етін жөнелтуге келісімшартқа қол қойылған.


         Ирандық «Санайе» компаниясы аптасына үш рет осындай өнімді қабылдауға дайын. Компания өкілі Хади Хадад Задэнің сөзіне қарағанда, Иранда қозы еті ерекше сұранысқа ие. Әсіресе, сапасы мен дәмі жағынан қазақстандық өнім жоғары бағаланады. Сондықтан «БатысМаркаЛамб» ЖШС-мен келісімшарт та ұзақ мерзімге жасалған.

         Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, бұл келісімге батысқазақстандық делегацияның Иранға өткен жылғы сапары кезінде қол жеткізілген болатын.

         Елбасының Иранға сапарынан кейін екі елдің арасында жақсы қарым-қатынас орнағаны белгілі. Аталмыш сапардың нәтижесінде қос бірдей маңызды жоба қолға алынды. Соның бірі бірлескен мұнайхимия кәсіпорнын ашу болса, екіншісі - қозы етін экспорттау. Бұл өңірдегі шаруа қожалықтарына да тиімді. Сонымен қатар «БатысМаркаЛамб» ЖШС қозы етін көршілес аймақтардан да қабылдай алады.

 Елжан Ералы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале