6.10.2017, 10:49
Оқылды: 29

Ақжайықтық ұстаздар марапатталды

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Мұғалім күніне арналып ауылдар, мекеме, ұйымдар өкілдерінің қатысуымен мереке ұйымдастырылды. Осында аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтау сөз сөйледі.

– Бала жаны бағбандарының тынымсыз да тыңғылықты еңбектеріңіз әрқашан құрметке лайық. Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына үн қосуда, төрткүл әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» көрмесін абыроймен өткізуге сіздердің қосқан үлестеріңіз өте зор,- деді аудан әкімі Әділ Жоламанов. Ол білім һәм бәсекеге қабілеттілік рухани жанданыстың негізі екенін айта келіп, мұның басында, негізінде мұғалім еңбегі тұрғанына тоқталды, білім ұяларынан мазмұндық жағынан сапалы талпыныс талап етілетінін айтты.

Ә.Т.Жоламанов мереке сахнасынан Білім және ғылым министрлігінің марапаттарын – Краснояр орта мектебінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Әжіковаға Құрмет Грамотаны, Ақжайық балалар саз мектебінің директоры Армангүл Хамзинаға Алғысхатын, қол күресінен Венгрия елінде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының чемпионы, аудан түлегі Кенжеқыз Қаупеноваға, өзінің Алғысхатын Алғабас орта мектебінің I санатты география пәнінің мұғалімі Радик Дисалиев, Ақжайық балалар саз мектебінің жоғары санатты қобыз класының оқытушысы Гүлия Жұмағалиева, Қ.Байсықов атындағы орта мектебінің жоғары санатты технология пәнінің мұғалімі Светлана Кажушева, «Ақбота» балабақшасының І санатты әдіскері Айнагүл Мырзағалиева, Тайпақ мектеп-гимназиясының жоғары санатты информатика пәнінің мұғалімі Еркебұлан Өмірзақов, Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің І санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ержан Сәрсенбиев және Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбадан Шамеловаға салтанатты жағдайда тапсырды.

Білім беруде озық тәжірибелерімен жетістікке жеткен бірқатар мақтаулы мұғалімдер облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудандық білім бөлімінің, білім қызметкерлері бастауыш кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды. Есімдері аудандық білім бөлімінің «Құрмет тақтасына» енгізілген мұғалімдер қошеметтелді. Салтанатта аудандық балалар шығармашылығы орталығының «Шаттық» би тобы, халықаралық «Бейбітшілік әлемі» фестиваль-конкурсының Алтын медаль иегері Халел Сапаров жетекшілік ететін Ақжайық балалар саз мектебінің оркестрі, осы тәрбие ошағының хор ұжымы, бірнеше байқаулардың жүлдегерлері Аружан Батырғазиева мен Аружан Әділхан, Айнамкөз Серікқалиқызы, Айым Қайырова, Сәтжан Сүйеуғалиев, Талғат Дошиков, Асылхан Сәрсенғазиевтар өнер көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале