26.01.2018, 12:25
Оқылды: 18

Ақжайықтық жастар ұтымды ұсыныстарын ортаға салды

Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламанов Чапаевтағы «Өркен» coworking орталығында жастармен кездесті.

Айта кетейік, осындай орталық аймағымызда әзірге тек Орал қаласында бар, бұл жерде жастарға компьютермен жұмыс істеу, интернет қызметтері Wi-Fi арқылы тегін ұсынылады. Мысалы, орталыққа жыл басынан бері 21 адам келіп, ұсынылатын қызметтерді тегін пайдаланды. Сонымен қатар, мұнда жастардың бойында қазіргі талаптарға сай коммуникативтік, жауапкершілік сыңды дағдыларды (Soft skills машықтары) қалыптастыру мақсатында тренинг, адами құндылықтарды, еңбектің бағасын дәріптейтін «Жақсыменен жарты сағат» атты жүздесу кештері өткізілді.

«Ел ішінде жұмыс іздеп жүрген, ия болмаса әлдебір себептермен мәдени-көпшілік шараларға араласа алмай жүрген жастарды қоғамға тартуда бұл орталыққа сенім зор. Олар да мемлекеттен қолдау тауып, өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеулері тиіс»,-деді Әділ Тауфиқұлы жүздесу барысында.

Сонымен қатар ол цифрлы заманға байланысты «Смарт сити» жобасының элементерін аудан орталығында қалай енгізу жайында ойымен бөлісіп, тірлік-тынысымызға байланысты қыз-жігіттердің ұсыныс-пікіріне құлақ түрді.

Чапаевтағы агротехколледждің оқытушысы Сәтжан Елешев интернет-провайдерлер қызметінің сапасын арттыру,бүгінгі күндегі интернет желісін жастардың сауатты пайдалануы турасында салмақты ойларын ортаға салды.

Түркия мемлекетінде оқып жатқан Омар Ахмет бұл ел халқының кітап оқуға деген айрықша құштарлығын сөз етіп, «Өзіміздің өзіміздің кейінгі іні-қарындастарымызға оқып-тоқуды күнделікті дағдыға айналдыруға көмектесуге тиіспіз»,- деді. Дәстүрімізден ажырап кетпеуімізді де баса айтқан оның пайымы көптің көңілінен шықты. Аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов жастар арасында ұлттық дәстүрлеріміз жөнінде білімді ұлғайту үшін арнай кештер ұйымдастыруды ұсынды.

Жалынды жастардың мына дәуір талабына сай білім-ғылымды үйреніп, оны ел пайдасына жұмсай біліуі – Отан болашағының жарқын кепілі. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әлия Серікқызының айтуынша, жастармен осындай жүздесулерді жиі өткізу жоспарлануда.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале