Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев Жеңіс күні мерекесімен аудандағы жалғыз соғыс ардагері Құрманғали Ысқақовтың шаңырағында болып, қарияны мерейлі мерекесімен құттықтады.
Ардагердің шаңырағына келген бір топ лауазымды тұлғалар Құрманғали ақсақалды Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.
Ұрпақтарының ортасында бейбіт күннің қызығын қөріп отырған соғыс ардагерінің мереке құрметіне жайылған дастарқанынан дәм татқан аудан басшысы Жанат Асылханұлы:
-Қасиетті де ұлы мерекеде Сізді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықаймын! Осыдан 73 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыс аяқталған болатын. Уақыт өткен сайын соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес.
Бүгінгідей айтулы мереке күні сізге зор денсаулық, жарасты көңіл-күй, баянды бақыт, отбасыңызға береке-бірлік тілеймін, - деді.
Сонымен қатар ардагерге облыс әкімі Алтай Көлгіновтің, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің, «Uniserv» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Нұрғазы Сәтбаевтың құттықтау хаттарын табыс етіп, соғыс ардагеріне бір реттік жәрдемақыға берілетін 150 мың теңгені табыс етті.
ҰОС ардагері Құрманғали Ысқақұлы 1924 жылдың маусым айының 4 жұлдызында Қаратөбе ауданы Шалғын ауылы, Сталин колхозында дүниеге келген. Сол жерден 5 кластық білім алған. Одан әрі оқи алмаған. Ауыл тұрмысы нашар болғандықтан колхоздың жұмысына ерте араласқан. Колхозда косилка, сабан айдап, еңбек еткен.
1942 жылдың 4 тамызы күні әскери комиссариаттың шақыруымен соғысқа аттанған. Соғысқа шақырылған күннен бастап аяқталғанға дейін 2-ші Украина майданының 282-ші атқыштар полкінде әуелі станокті пулеметші, кейін танкіні, самолетті ататын ПТР-ді игеріп ұрыстарға қатысқан. 1944 жылдың қаңтарында ауыр жараланып, госпитальда жатқан. 1945 жылы Жеңісті Варшавада қарсы алған. 1945 жылы ІІ топтағы мүгедектікпен елге оралған. Майдангер аға ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені және мерекелік медальдармен марапатталған. 1996 жылы Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медальімен, 1999 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне “1941-45 жж.” Соғыс ардагері, 2000 жылы “1941-45жж. Майдангер” белгілерімен, 2004 жылы “Украинаны жаудан азат еткеніне 60 жыл” мерекелік медалімен марапатталған.
Серікбай ХАСАНОВ,
Қаратөбе ауданы