22.06.2020, 17:41
Оқылды: 112

Ащысай жақтан көрінген жарық

2019 жылдың маусымы. Жанболат Аязбаевтың Бұлдырты ауылдық округіне учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалған уақыты. Жаңа инспекторға жұмыс көп. Халықтың арыз-шағымымен жұмыстану өз алдына, ел-жұртпен, айналамен танысу керек. Басқа басқа, полиция «Мен бұл қызметке жаңа келіп едім. Оны білмейді екенмін!» - деп сылтау айтпауы тиіс. Білмесең сұрауға, танымасаң танысуға міндеттісің.

15F2A99A-44F4-4028-89ED-1177C0322A7A

Бұлдырты – берекелі мекен, тыныш ауыл. Әрине, өмір болғасын тұрғындар арасында дау, кикілжің туындап жатады. Олардың бәрі көбінесе заңмен емес, армен шешіледі. Халықты полиция инспекторының алдына әкелетін бір мәселесі болса – ол мал жоғалуы. Бұған дейін де бұл жақта талай мал жоғалып, талайы табылды. Мал табылмаса да, алған ұры табылады. Оның ізін кесуге уақыт керек тек. Ұрыға не дейсің? Абайдың «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын» - дегеніндей, аты – ұры болған соң, ұрлайды да. Халықта да кінә бар. Малын не біреуге бақтырмайды, не өзі бақпайды. Далаға айдап жіберіп, қарап отырады. Айына бір түгендесе түгендейді, түгендемесе ол да жоқ. Қадағалаусыз мал – қарақшының олжасы. Ауылда жоғалған малдың бәрі қорадан емес, еркін жайылымнан кеткен. Міне, Жанболат Аязбаевтың алдына жоқ іздеген тағы бір адам келіп отыр:

- Ірі қарам жоқ! Соны тауып беруіңізді сұраймын.

- Қалай жоғалды?

- Далада жүретін еді. Кеше барсам жоқ.

- Оған дейін бар ма еді? Соңғы рет қашан түгендедіңіз?

- Ай жарым бұрын түгендедім. Ол кезде болған.

Осындай жағдай.

Кейде мал суға түсіп кетеді, кейде басқа табынға қосылып, ауылдан ұзап кетеді. Мәселен, былтыр полицейлер Қособадан жоғалған баспақтарды дала кезіп жүрген жерінен тауып, иесіне қайтарып берген. Ал не ізі, не хабары жоқ малдардың шаруасы күрделілеу. Қылмысқа келіңкірейді. Ашу – учаскелік полиция инспекторының міндеті.

Жанболат Аязбаев бір жіптің ұшы шығып қалар деген ниетпен мәлімет жинауға кірісті. Ауылда кім мал союмен, яғни қасапшылықпен айналысады? Кім ауылдан ет алып шығып, қалаға тапсырып жүр? Бәрін сұрастырды. Тіркемесін сүйретіп, әлсін-әлсін Ащысай жақтан келе жататын Ваз LADA 2114 маркалы көлік сол кезде күдікке ілінді. «14» - тің иесі ет саудасымен айналысатын саудагер еді. Халықтан қабылдап, қалаға апарады дегендей. Оған көз үйренген. Бірақ Ащысай жаққа қатынауында бір жұмбақ бар сияқты. Инспектор бақылауын тоқтатпады.

4 қараша күні Жанболат Аязбаев Е.деген азаматтың Ж. деген қасапшыны салып алып, тағы да Ащысайға қарай кеткенін естиді. Сағат 16:00-дің шамасы болатын. Содан аудандық полиция бөліміне хабарласып, жанына әріптесі, Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қадырбек Ғабдуллинді шақыртып, екеуі Ащысайға кеткендердің жолын тосуға шығады.

Қарашаның қара суығы. Қараңғы да ерте түсті. Жел азынап тұр. Жолдың тасасындағы қызметтік «Нивада» отырған екі полицейге алыстан жалғыз көліктің жарығы көрінді. Ащысайдан бері қарай далалық жолмен салып келеді. Бұлдыртыға жақындадық-ау дей бергенде қарсы алдынан төбесінде қызыл-көк жарық ойнаған «Нива» атып шықты. «14» пен «Нива» кешкі сағат 21:00-дің шамасында кездесті.  

Жанболат әріптесі Қадырбек екеуі дереу көліктен түсіп, «14 - тің» жанына барды. Жүргізушісі атып шықты. Түрінде абдырау бар.

- Жолдарыңыз болсын! Қайдан келе жатырсыздар? Көлікте не бар?

- Біреудің сойған малы еді. Жеткізіп бер дегесін... – деді жүргізуші темекісін құшырлана сорып. Бір темекінің артынан екіншісі кетті. Инспекторлар оның дегбірі қашқанын байқады.

- Құжаты бар ма?

- Жоқ!

- Көліктің артын ашасыз ба?

Ашты. Іші қызыл-ала қан. Артқы орындық алынып, орнына жаңадан сойылған бір жылқының еті түгел сыйыпты. Тәртіп сақшылары жылқының бөлек жатқан басын әрі-бері аударып қарады. Бір құлағы әуелден тілінген екен, екінші құлағының ұшын сойғанда кесіп тастапты. Қансырап тұр. Шамасы, ен-таңбасын, не сырғасын алып тастаған болуы керек. Ақ адал жылқылары болса, оның енін жасырып не бар?

Жүргізуші жалғыз емес екен. Жанында қасапшы бар. Бірақ қасапшы көлікте сол отырғаннан мол отырды. Шыққан жоқ.

Жанболат Аязбаев пен Қадырбек Ғабдуллин жылқы тиеген ВАЗ - 2114 мәшинесін тіркемесімен бірге түнде Сырым аудандық полиция бөлімінің ауласына әкелді. Жүргізуші мен қасапшы тергеу бөлмесіне кірді.

Тергеу амалдарын Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бекзат Қуановтың жетекшілігімен криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Азамат Хасанов жүргізді. Екеуі де басында сұрақтарға ойдан құрастырылған жауаптар беріп, жалтарды. Бірақ қолдағы дәлелдер мен полицейлердің өңдеу материалдарының нәтижелері Е. мен Ж.-ның бұлтаруына мүмкіндік бермеді. Көп ұзамай олардың артынан Ащысайдан тағы бір Е. деген азаматтың мотоциклмен ілесіп шыққаны, бұлардың полицияға тап болғанын көріп, даламен қашып, ауыл ішіне кіріп кеткені анықталды. Үйіне тығылған оны да Жанболат Аязбаев аудандағы бөлімге алып келді.

Аға жедел уәкілдің тергеуі нәтижесінде үш азаматтың да сыбайлас екені, олардың өзара келісіп, мал ұрлығымен айналысқаны белгілі болды. Әрбірінің міндеті болған. Е. деген азамат Ащысай жақта мал бағып жүріп, адасқан, қадағалаусыз жүрген сиыр, жылқыны қамап отырған. Саудагер Е. Ж. деген қасапшыны ертіп апарып, сойып, малдың етін кейде Оралға, кейде Ақтөбеге тасымалдаған. Былай қарағанда, қылмыстық топ іспетті қимылдаған.

B62C7E21-CADA-4714-9AAA-816720C725D7

Тергеу амалдарының барысында бұлардың осыған дейін тіркелген басқа қылмыстарға да қатысы бары анықталды. Дәлірек айтқанда, 2018 жылдың мамырында жоғалған 1 сиыр, қарашасында жоғалған 1 сиыр, 2019 жылдың қазанында жоғалған 1 жылқы, қарашасында сойылған манағы 1 жылқы және Көгеріс ауылынан жоғалған 1 бұқа осы қылмыскерлердің қолымен жойылған. Көгерістегі бұқаны айдап әкеліп берген Д. деген азамат та «әріптестерінің» қасына алдыртылды. Беттестіру шарасы кезінде 4-еуі де жасаған қылмыстарын мойындады. Бұлардың қылмыстарын біле тұра жасырған тағы бір азамат жауапкершілікке тартылды. Оларға ҚР ҚК 188 – 1 бабы, эпизодтардың қайталануына байланысты ауыр қылмыс ретінде 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс Сырым аудандық сотына тапсырылды. Еліміздегі төтенше жағдай, карантиндік режим және  тағы да белгілі бір себептермен қылмыстық іс 7 айға созылды. Жәбірленушілердің шығыны толық өтелуіне және тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылды. Егер жоғалған малдың иелері кешірім бермегенде қылмыскерлер жазасын темір тордың ар жағында өтейтін еді.

- Малы жоғалған кезде иелері шарасыз күйде болады. Учаскелік полиция инспекторларынан көмек сұрайды. Көмектесу, жоғын тауып беру – міндетіміз. Инспектор күн-түн жүріп, ұрылардың ізін кесіп, кінәлілерді тауып береді. Иелері болса, тартқан залалын қайтарып алғаннан кейін «Қанша дегенмен ауылдас қой!», «Ұят болар!» - деп, кешірім береді. Ұрылардың ертең тағы да өздеріндей адамдарды сорлататынын ойламайды, – деп налиды аға жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Азамат Хасанов.

Иә, кешірім кейбір жандарды тәубеге салады, ал кейбір жандарды одан әрі еркінсітеді. Халықтың мейірімі, ауылдастарының кешіріміне ие болған қылмыскерлер енді қылмысқа бармайды деп үміттенеміз.

Айтпақшы, 2020 жылдан бастап мал ұрлығы туралы заң қатаңдатылды. Енді кешірім жоқ!

***

Біз 2019 жылы болған мал ұрлығы мен ол қылмысты ашудағы Бұлдырты ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Жанболат Аязбаев пен  аға жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты Азамат Хасановтың еңбегін баяндадық.

Тайпақ ауылының тумасы Жанболат Аязбаевтың ішкі істер саласында еңбек етіп жүргеніне 12 жыл болды. Қызмет жолын жол полициясының инспекторы болып бастаған ол кейін Сырым ауданың жергілікті полициясында еңбек етті. Қазір учаскелік полиция инспекторы ретінде бар білім-білігін ауылдағы ағайынның тыныш тұрмысын, қамсыз өмірін қамтамасыз етуге арнауда.

Ал бала күніндегі арманына қол жеткізіп, форма киіп, полиция қызметкері атанған Сырым аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция тобының аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Азамат Хасанов қазір біліп, үйренетін дер шағында әрі ерінбей еңбек ететін дер шағында. Ақтөбедегі М.Бөкенбаев атындағы Заң институтын тәмамдап, кейін қызметке келген алғашқы уақытта Руслан Хайруллин, Нұрлан Закин деген әріптес ағаларының тәлім мектебінен өтті. 2017 жылы мал ұрлығымен айналысқан аса ірі қылмыстық топты құрықтауда біздің Азаматтың да айтарлықтай үлесі болды.

Қазақ полициясының кәсіби мерекесі қарсаңында ауданымызда да антына адал, ісіне мығым полицейлердің бар екенін айтуды өзімізге міндет санадық.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале