23.01.2020, 13:05
Оқылды: 91

 Ауыл адамдары белсенділік танытты

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің елмен есепті кездесуі Күйгенкөл, Ақоба, Ұзынкөл ауылдық округтерінде жалғасты.

janibek (2)

Алғашқы кезекте үш округ әкімі Әлия Оспанова, Мақсат Жаналиев пен Бекежан Шарафутдинов 2019 жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Бұдан соң аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы мен 2020 жылдың басты басымдықтарын айтты.

Кездесуде сөйлеген Күйгенкөл ауылының тұрғындары Жұпар Хамзина мен Жеміс Бисенова ауыл жанындағы бөгетке жүргізіліп жатқан жөндеуді қадағалау керектігін айтты. Әрі мұнда медпункт орналасқан ғимараттың бір жағы кітапханаға жалға беріліп отырғаны, екі мекемеге бір оператор жұмыс істейтіні, оны ауыстыратын бір штаттың қажеттілігі сөз болды. Сонымен қатар мәдениет үйінің салқындығы да назардан тыс қалмады. Ал Ақоба ауылының тұрғындары Мұрат Мұқанбетқалиев, Сұңғат Құрмашев ауылға дейінгі 23 шақырым бұрылыс жол мен Х.Халиуллин атындағы мектептің үшінші ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керектігі жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Бұл ауылда сөз алғандар учаскелік инспектордың жоқтығын, ауыл тазалығын, отырғызылған тал-теректерді күтіп-баптау керектігін, сонымен қатар, бұрын балабақша болған ғимаратты қайтадан балансқа алу қажеттігін де әңгімеледі.

janibek (3)

Ұзынкөлдік Айша Сақтапбергенова, Есберген Әжіғалиев, Спартак Нұртаев, Біржан Мұхтаров ауылға жаңадан тағайындалған әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ұялы байланыс жайын тағы да қозғады. Сол сияқты ауыл тұрғындары тазалық, ауыл ішілік кейбір көше жолдарын жөндеу, су каналын тазарту, күл-қоқыс шығаратын полигон орнын ауыстыру сияқты мәселелер айтылды.

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале