30.01.2018, 18:18
Оқылды: 22

Ауыл мектептеріне автобус қажет

Бұл жайлы Тасқала ауданы әкімінің Мереке мен ІІ Шежін ауылында өткен есебінде айтылды.

Мереке ауылдық округінің әкімі Р.Бермұханов жиынға қатысушыларды 2017 жылы атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Оның сөзіне сүйенсек, мерекеліктер үшін биылғы жыл мерейлі болғанға ұқсайды.

- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде ауылымызға демеушілік танытып жүрген жандар да баршылық. Мысалы, Мәдениет үйінің би үйірмесіне 210 мың теңгеге ұлттық киімдер тігілсе, қолма-қол бақылау шотындағы қаражатқа киіз үйдің жабыны жасалды. Сондай-ақ ауылымызда ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, қоғамдық келісім кеңесі мен жергілікті қауымдастық, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық ұйымдар әкімшілікіпен бірлесе отырып қызмет атқарады. Бұның өзі ауылымыздың алға қадам басуына мүмкіндік беріп отыр.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 8 адам тегін кәсіптік білім алса, 2 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұған қоса Мереке ауылында кедейшілікті азайту мониторингіне сәйкес 29 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.

Мыңнан аса тұрғыны бар ІІ Шежін ауылындағы ахуал мерекеліктерден аспайды, не кем де емес.

Тұрғындардың күнделікті тұрмыс тіршілігінде, қаржылық жағдайында мал мен егістік шаруашылығының маңызын ескерсек, Шежінде бүгінгі таңда 28 шаруа қожалығы есепте тұр. Мал басында да өсім бар. Сонымен қатар ауылда жыл басынан бері сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, көше тазалығы назарда тұрғаны айтылды. Жалпы 360 адам қатысқан сенбілік нәтижесінде 768 тонна қоқыс шығарылған.

Жиында елді алаңдатқан сауалдар да назар аудартпай қоймады. Мереке ауылында халық интернет желісінің жоқтығын, пошта қызметінің нашарлығын, қалаға қатынайтын көлік жолақысының қымбаттылығын алға тартса, ІІ Шежін ауылының тұрғындары мектепке автобус қажет екенін айтты. Себебі аудан ғана емес облыс көлемінде өтетін жарысқа бару үшін оқушыларға жағдай жасай алмай отырғандарына қынжылды. Алайда бұл басқа ауыл мектептерінің де негізгі мәселесі екенін ескерген жөн.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале