18.05.2020, 16:00
Оқылды: 264

Ауыл тазалығы азаматына сын

«Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» демекші, әр адам тұрғылықты жерін, өз ауылын таза ұстауы керек. Ауылымыздың маңына тұрмыстық қалдықтарды тастамау жөнінде қаншама айтылып келгенімен, бұл мәселе айналып соғып алдымыздан шыға береді. EC69D337-0438-4975-B208-CD3176D23735

Қаратөбе ауылының халқы қыс бойы жиналған күл-қоқысы мен тұрмыстық қалдықтарын көктем шыға арнайы орынға апарады. Жүк көлігі барлары көліктерімен, жоқтары ақшасына қоқыстарын төктіруде.

Тұрғындардың ауылды таза ұстағаны жақсы-ау, бірақ сол тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар арнайы орынға апарылып төгіліп жүр ме, әңгіме сонда болып отыр.

Мәселен, Қаратөбеден Ақтайсай ауылына шығаберіс айналма жолда «Қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін орын 1200 м.» деп жазылған қалақша тұр. Бірақ жол жиегіне түскеннен соң көп ұзамай қоқыстардың неше шұрайын көруге болады. Түрлі қалбыр құтылар, шыны шөлмектер, қолдануға жарамсыз тұрмыстық техникалар, тіпті қойдың терісі мен жүнін, басқа да қалдықтарды қара жолдың жиегіне төге берген. Сол айналма тас жолдың бергі беті де қоқыс пен қалдық заттардан үйіліп жатыр.

D64E759B-C758-4040-8693-C4000DF20312

Шығарылған қоқыстарды арнайы полигонға апарып төгуге болмас па еді? Бұл қалдықтарды белгіленген орынға жеткізбей төккен азаматтардың жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді. Ауыл маңын ластап, тұрғылықты мекеніміздің тазалығын бүлдірушілерге қадағалаудың болмағаны ма?!

Жиналған тұрмыстық қалдықтарын арнайы орынға апаруға енжарлық танытатын азаматтар да бар. Қаратөбе ауылы орталығындағы Құрманғазы көшесінің сыртына түрлі қалдықтардың тасталуы тыйылар емес. Ұзақ, Наурызалин көшелерінің сырт бетімен ауыл іргесіндегі «Ноғай мола» атанып кеткен зираттардың аралығы түрлі қалдықтарға әбден толған.

Қаратөбе ауылының көшелерінде орналасқан тұрмыстық қалдықтар салатын контейнерлерді тазарту жұмыстарын «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі келісімшартпен жүргізуде. Кәсіпкерлік контейнерлерге жиналған қоқыстарды арнайы полигонға аптасына үш мәрте жеткізіп отырады. Одан бөлек ауыл халқы қора-жайларынан шыққан қоқыстарын жүк көлігі бар азаматтарға ақысын төлеп төккізеді. Бұл жұмыстың ақысы 2500-3500 теңге аралығында.

545EE263-5A2D-441D-8E5E-C9514EF014BA

Аталған мәселе бойынша Қаратөбе ауылдық округі әкімдігіне хабарласқанымызда, округ әкімі аппаратының бас маманы Самғат Зейнуллин Қаратөбе мен Шөптікөл ауылдарында бір-бірден тұрмыстық қалдықтар төгетін арнайы полигон бар екендігін, олардың былтыр талапқа сай қоршалғандығын жеткізді. Полигон қоршалғаннан бері тұрмыстық қалдықтар белгіленген орынға төгіліп жүрген көрінеді. Сонымен қатар Қаратөбе ауылының полигон бағытына бақылау камерасы орнатылған.

Бұл мәселе турасында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айзат Серіков:

– Былтыр және биыл қалдықтарды белгіленбеген орынға төгу фактілері анықталған жоқ. Ауыл сыртына бақылау камерасы орнатылғалы тұрғындар тарапынан тәртіпке бағыну байқалады. Ал жол жиегіндегі шашылған қалдықтар мен қоқыстар алдыңғы жылдары төгілген, – дейді.

Ауыл тазалығына мән беру тек әкімдіктің немесе құзырлы орындардың шаруасы емес. Тұрғылықты жерімізді ластамау барша азаматтың міндеті болып табылады. Ауылымыздың маңындағы шашылған қалдық заттар мен күл-қоқыстар биыл төгілмеген деп әрекет етпеуге әсте болмас.

 Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале