5.03.2019, 9:28
Оқылды: 86

Ажалдың әнін «айтып» дыңылдаған трансформаторлар қашан қоршалады?

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ мекемесінің назарына

Жуырда «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің редакциясына Бұлан орта мектебінің мұғалімі, газеттің тұрақты авторы Серік Зиятовтың «Салғырттық па? Жауапсыздық па?» атты мақаласы келді. Автор мақаласында Бұлан ауылындағы трансформаторлардың талапқа сай емес қоршалғанын мәселе қылып көтерген.

 tansformator (2)

«Төрт – бес ай бұрын Шалқар қаласында он жас шамасындағы баланың токқа соғылып, мүгедек болғанын теледидар көрсетті. Бұған қоршаусыз трансформатор себеп болыпты. Бала деген көзсіз көбелек емес пе, ашық – шашық жатқан ток таратқышты ұстап алса керек. Енді жергілікті билік орындары ұлын қараусыз қалдырған ата-ананы, ал соңғылары алдыңғыларын айыптап жатыр.

Бұл жайсыз жаңалықты көріп отырып, есіме өзіміздің ауылдағы бір метр шамасындай ағаш шарбақпен қалқалай салған трансформатов түсті. Бір метр қоршау қыста айналасын қар басып, аласарып қалады емес пе? Сол кезде балалардың «темір тажалдың» ішіне еркін енбесіне кім кепіл?

Біз көбінесе қай істің де салдарымен күресіп жүреміз. Ал келеңсіздіктің алдын алуға ұмтылмаймыз. Бұл салғырттық па, салақтық па? Қалай десек те, жауапсыздығымыздан болашағымызға балайтын балаларымыз зардап шекпесе екен.» - дейді Серік Зиятов.

tansformator (1)

 

Осы мақала біздің де Жымпитыдағы трансформаторларды төңіректеп шығуымызға себеп болды. Көргенімізді баяндайық.

Шыққанымыз сол еді, С.Сейфуллин көшесіндегі №22 үйдің жанында қоршаусыз тұрған бір трансформатор газеттің штаттан тыс тілшісі Ақеділ Нұрмашевтың фотоаппаратының обьективіне ілікті. Көшені жағалай жүріп тағы біреуін № 136 үйдің алдында тұрған жерінен суретке түсіріп алдық.  Бізді бұл трансформаторлардың біріншіден қоршаусыз болғаны, екіншіден тұрғын үйлерге тым жақын  орналасқаны қатты алаңдатты.

Жымпитының басқа көшелері өз алдына, дәл осы С. Сейфуллин көшесінен өткенде сауысқандай сақтықтың керегін көлік жүргізушілері өте жақсы біледі. Себебі, жолдың екі жанын қысы – жазы ойын балалары босатпайды. Және әлсін-әлсін жолға атып шығады олар. Сақ болмасаң, бітті! Біреудің баласының обалына қаласың! Жолдың үстіндегі көліктен келетін қауіп өз алдына, сейфуллиндік сәбилерді жолдың жанында тағы бір қатер тосып тұр. Ол – қоршалмаған трансформатор!

Көңілсіз көріністі Қарасу мөлтекауданынан да көрдік. Қоршауға жарымаған трансформаторлардың біреуі Асадуллин көшесінде тұр екен.Жалғыз тұрған жоқ. Жанында екі қоқыс контейнері мен пластикалық қалдық жинайтын бір жәшік бар. Қоқыс төгетін орын неге трансформатордың қақ түбінен белгіленді? Тоққа соғылуға оңай болуы үшін бе?

Жымпитыда қоршаусыз тұрған трансформаторлар тағы бар ма? Басқа ауылдар да ше? Оларды кім қоршайды? Қашан қоршайды?

Осы сауалдарды Сырым аудандық электр торабының бастығы Жұмағали Молдашев мырзаға қойдық.

Аудан аумағындағы жинақты трансформаторлық қосалқы станцияларды, яғни трансформаторларды жөндеуге және қоршауға Сырым аудандық электр торабы мекемесі жауапты. Әрине, станциялардың қоршауда тұрғаны, адамдар үшін қауіпсіз болғаны біз үшін өте қажет. Талап бойынша, қоршаулардың биіктігі 1 метр, 90 сантиметр болуы әрі құлыпталуы тиіс.

Біздер аудандағы ахуалды білеміз. Мәселені шешуге қолдау сұрап, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ мекемесіне тиісті сұраныстарды жібердік. 2018 жылы сұраныс бойынша10 станцияны қоршауға ғана жететін тор келді. Темір жақтау болмаса, тордың өзі қалқан бола алмайды. Жоқтан бар жасап, биыл 10 станцияны қоршап қойғымыз келеді.Бәрін қоршап тастар едік, материал тапшы. – деді ауданның бас электригі біздің үшінші және төртінші сұрағымыз бойынша.

Ал бірінші және екінші сауалымызға қатысты мәліметті Сырым аудандық электр торабының инженері Серікбол Мұқановтан алдық. Инженердің мәліметіне сүйенсек,  мекеменің теңгерімінде жалпы саны 152 дана 10/0,4 кВ жинақты трансформаторлық қосалқы станциясы және 9 қосалқы станция бар екен. Олардың арасында қоршаусыз тұрғандары жетеді. Атап айтсақ, Аралтөбе ауылында – 4 дана, Талдыбұлақ ауылында – 3 дана, Тасқұдық ауылында – 2, Қоңыр бойынша – 1 дана, Бұлдырты ауылында - 2, Жырақұдықта – 3 дана, Шағырлой ауылында – 2 дана, Қосаралда – 2 дана, ал аудан орталығы Жымпиты ауылы бойынша - 34 дана жинақты трансформаторлық қосалқы станция қоршаусыз тұр. Жалпы есепті жария қылсақ, Сырым ауданы бойынша 53 жинақты трансформаторлық қосалқы станция қоршаусыз, қобыраған хәлде екен. Яғни, біздің ауданда адамның өміріне аса қауіпті, қауіптілік деңгейі өлімге барып тірелетін 53 нүкте бар деген сөз. Осы жерде облыстан 10 станцияға ғана есептеліп берілген материал қай жыртығымызды жамайды деген заңды сауал туады.

Біздің ойымызша,  ақыры жауапты екен, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ мекемесі Сырым ауданының сұранысын толық қанағаттандыруы керек. Себебі, электр жарығын тұтынғаны үшін қаржысын төлеп отырған халықтың қауіпсіз өмір сүруге қақысы бар. Ал, қоршауы жоқтемір тажалдар айналамызды қоршап тұрған кезде қауіпсіз өмір туралы әңгіме айту қиын.

Биыл 10 станция қоршалады екен. Осы ондықтың ішіне тұрғын үйлердің ауласына жақын орналасқан, халық ағыны көп жерлерде тұрған трансформаторлар енсе деген ұсынысымыз бар. Мәселен, С. Сейфуллин көшесіндегі трансформаторлар. Ел осыны сұрап отыр.

Негізгі екпінді аңғал – саңғал тұрған станцияларға салғанымызбен, біз бұл мақаламыз арқылы Сырым аудандық электр торабы мекемесінің жұрттың игілігі үшін жасаған басқа жұмыстарын жоққа шығарудан аулақпыз. Жасалған жұмыстар бар.

2018 жылы 10 кВТ әуе желісінің 79, 4 шақырымына, 0,4 кВт әуе желісінің 35, 9 шақырымына және 22 дана 10/0,4 кВ жинақты трансформаторлық қосалқы станцияларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тасқұдық ауылы бойынша – 8 бағана және 10 темір бетон тірегіш, Тасқұдық – Талдыбұлақ бағыты бойынша – 8, Қоңыр ауылы бойынша – 12  бағана, Қоңыр – Тамды әуе желісі бойынша – 5, Бұлдыртыда – 21, Бұлдыртыдан Қарақұдыққа қарай шығатын әуе желісінің бойында – 19, Жырақұдық ауылы бойынша – 50, ал Қособа ауылы бойынша – 5 бағана жаңадан қойылған, бірнеше шақырым сымдар жаңартылған. Инвест бағдарлама негізінде Жымпиты ауылына 3, Өлеңті ауылына 1 ЖТҚС (жинақты трансформаторлық қосалқы станциясы) жаңадан қойылды. Тұрғындардың электр желілерін жөндеу жөніндегі ұсыныстарын іске асыру мақсатындабылтыр Сырым ауданында 3 млн 528 мың 362 теңгенің жұмысы атқарылды.

Біздің осы мақала арқылы қауіптің қасымызда тұрғанын айтқымыз келді. Трансформаторлар жақындағанды жалмайды, «тиіскенді» тірі жібермейді. Сақтықтың қамына кірісетін уақыт әлдеқашан болды. Амалды адамдар жасамаса,  ажалдың әнін «айтып» дыңылдап тұрған темір «жүректі» транформаторларға бәрібір ғой...

Алмат Батырханов,

Жымпиты ауылы, С. Сейфуллин көшесіндегі №22 үйдің тұрғыны:

«Мен Сейфуллин көшесінде 1977 жылдан бері тұрамын. Үйімнің жанындағы трансформатор сол кезде бар еді. Бір жылдары қоршалды, кейін станция өртеніп, қоршау кері бұзылды. Содан бері осылай «жалаңаш» тұр.

Көшеде ойын баласы көп. Оларға«Жолдың үстіне шықпаңдар! Бағаналардың айналасына, трансформатордың түбіне жоламаңдар!» деп жиі ескертіп, өзіміз де сырттай қадағалап отырамыз. Қате болып қалар деп қорқамыз.

         Тұрғын ретінде, көшеміздегі қауіпті нысандардың ашық – шашық тұрмай, арнайы қоршауға алынғанын дұрыс деп есептеймін.

tansformator (3)

 

Бауыржан Ширмединұлы,

cуреттерді түсірген: Ақеділ Нұрмашев,

газеттің штаттан тыс тілшісі,

Сырым ауданы

 

© zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале