26.05.2018, 14:10
Оқылды: 24

Биыл Федоровкада 36 пәтерлік үйдің құрылысы басталады

IMG_0012Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Теректі ауданында болды. Аудан әкімі Кәрім Жақыпов, оның орынбасары Лауаз Уәлиев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы Бауыржан Молдашев, құрылыс салушы мердігерлер іссапарда бірге жүріп, әрбір нысан бойынша ақпарат-есеп берді.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытына жетекшілік жүргізетін Бағдат Оразалыұлы ең алдымен Федоров ауылында салынып жатқан 16 үйдің құрылысымен танысты. Елбасы тапсырмасына орай, әр қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін қарқынды жүріп жатқан үй салу жұмыстары біздің ауданда да айқын көрінеді.
Маусым айы басында, жоспар бойынша, тапсырылады деген 16 үйдің ішінде сақадай сай тұрғандары бар. Кейбірінде аспалы шам ілу, сырлау-әрлеу сияқты «соңғы сызықтар» жасалуда. Яғни, бір-екі аптада 16 отбасы жалға алу негізінде баспаналы болады деген сөз. Бұл нысан басында облыс әкімінің орынбасары тұрғын жайлардың коммуникациясы түгел, сыртқы келбетінің тартымды болуы жөнінде тапсырма берді. Және де мердігерге үй маңайын тазалап, жұмысты сапалы атқару керектігін ескертті.

Бұдан соң осы Федоровка ауылына кіре берісте салынады деген үш қабатты 36 пәтерлік үйдің орнын көріп, мердігер – «Альтаир» фирмасының өкілімен үй сызбасын талқылаған облыс әкімі орынбасары құрылысқа қолданылар материалдар жөнінде ақыл-кеңесін берді.

Құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жобаланған үйді, мүмкін болса, уақытын созбай, үстіміздегі жылы пайдалануға тапсыруды қарастыруды ұсынды.

«Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» республикалық тасжолынан Алғабас ауылына қарай тартылып жатқан тасжол басына барған Бағдат Оразалыұлы құрылыстың ең бір күрделі жерлері – су өткізу құбырлары салынған, сайлы алаңдардан өтуін мұқият қарады. Ұзындығы 19 км. жол салуды қолға алған «Түркістан ЖолСервис» ЖШС бұл құрылыстың биыл тек 11 км. салып бітіруі тиіс екен. Қалғаны – келесі жыл еншісіне ауысады. Жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатыр. Жер бедеріне байланысты туындап отырған мәселелер бар. Дегенмен, оларды шешу мүмкіндігін мердігерлер қарастырып та қойған.
Осы жерде іс сапарын аяқтаған Бағдат Азбаев аудан әкімі Кәрім Жақыповқа, жергілікті мамандар мен құрылысшыларға қарқынды бәсеңсітпеуді, сосын, уақыт ұтамыз деп, сапаны әлсіретіп алмауды мықтап тапсырды.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале