15.03.2018, 11:05
Оқылды: 36

Биыл Наурыз тоғыз күн тойланады

DSC_0059Зеленов ауданында Наурыз тойы бүгін Көріс айтын тойлаумен басталды. Орталық алаңға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Айтқа жиылып, арқа-жарқа болған жұртшылыққа наурыз көже, шұбат-қымыз, қымыран ұсынылып, ұлттық дәмнен дастархан жайылды. Мерекелік ән шашумен басталған шара қыс ызғарының сейіліп, көктем нұрын төккен шуақты сәттің келгенін жариялап, ағайынға сүйінші хабар таратты. Көп көңілге тамаша күй сыйлаған мерекеге аудан әкімі Асхат Шахаров арнайы келіп, аудан халқына ізгі тілегін жолдады.

– Халқымыз Көрісу айттың терең маңызын оның тіршілік біткенге жан бітіретін сипатымен байланыстырады. Самарқанның көк тасы жібіген күн ағайын өзара табысып, құшақ жая амандасып, бір-біріне игі тілектерін арнаған. Қыстан аман шыққан халқымыздың ауыл-аймақтың бүтіндігін білдіріп, келер күнге салауат айтатын мерекесі құтты болсын. Айттан айтқа аман жеткен ағайынның берекелі бірлігі, торқалы тойы тарқамасын. Жыл басы Наурыздың жаршысы ретінде Көрісу айтты бүгін тойласақ, Ұлыстың ұлы күніне дейін осы орталық алаңда мереке жалғасатын болады, - деген аудан басшысы биыл Наурыздың тоғыз күн тойланатынын жеткізді.

Осылайша алаңнан орын тепкен киіз үйлерде күн сайын ұлттық дастарған жайылып, келушілерге дәм ұсынылмақ. Сондай-ақ мерекелік концерт, театрландырылған қойылым, ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, күн сайын той базары қыза түспек. Әр күннің жоспарлы шаралары белгілі тақырыптарға орайластырылған. Яғни, 14 наурыз – Көрісу айт, 15 наурыз – Өніс күні, 16 наурыз – Алас күні, 17 наурыз – Береке күні, 18 наурыз – Иіс күні, 19 наурыз – Жайнау күні, 20 наурыз – Шаттық күні, 21 наурыз – Үйлесім күні, 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні тойланбақ.

Күмбірлі күй ойнап, әсем ән тамылжыған айт мерекесінен басталған думан осылайша аудан тарихында ерекше мәнерде жалғаспақ.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале