12.10.2018, 15:15
Оқылды: 249

БҚО-да Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды

Бүгін Теректі ауданында қарасты Долин ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды.

IMG_0087 (1)

«Алтын ханшайым» театрландырылған  көрінісімен басталған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, аудан әкімі Әділ Жоламанов және аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.

2012 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары дәл осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екені анықталды. Сөйтіп, «Тақсай оба кешені» деген шартты атауға ие болып, археологиялық қазба жұмыстары басталған еді. Оған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілік жасап, қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған топ жүргізді.

Тарихи оқиғаның келешек ұрпақ үшін маңызды екенін білетін жомарт жүрек меценаттар (И.Жақсымбетов, Қ.Әшіғалиев, В.Голоухов, А.Ғаббасов, Қ.Сыдықов, Ұ.Мұхамедьяров, Т.Жұмағалиев, А.Авчинник, Ж.Шиназбеков, С.Идиятов, М.Жұмашев, В.Галкин) қолға алған құрылыс жұмыстары биыл маусым айында басталып, «Жаңғар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Г.Көшенованың қолдауымен жүзеге асты. Аталмыш кесененің биіктігі – 7 метр, ені – 4 метр.

Тақсай ханшайымы кесенесінің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сөз сөйлеп, теректіліктерді құттықтады.

-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы бері өңірімізде бірнеше жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі – Тақсай ханшайымы кесенесі. Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына еніп отырған осы жобаға атсалысқан әр жанға облыс әкімі Алтай Сейдірұлының, өзімнің және халықтың атынан алғыс білдіремін. Еліміздің өркендеуіне, тарихымыздың жаңғыруына, өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына үлес қосқан жерлестеріміздің ісі ерлікпен пара-пар, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жиында БҚО тарих және археология орталығының ғылыми  қызметкері Яна Лұқпанова Алтын ханшайым жөнінде деректермен бөлісті.

-Тақсай ханшайымының жасы 35-40 шамасында. Оның бойынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылды. Тіпті үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Тақсай кешенінен алынған бұл артефакттердің алғашқы зерттеу жұмыстары БҚО тарих және археология орталығы базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп, зерттеу барысында Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларының мамандары мен ғалымдары шақырылып, зерделенді. Осы қайталанбас ғажайып ғылыми жәдігерлерді ғалымдарға, мамандарға, қызығушылық тудыратын адамдарға таныстыру мақсатында Тақсай обасынан табылған құндылықтар Елордаға жеткізіліп, Астана қаласында ашылған Ұлттық музейдің экспозициясында «Алтын ханшайым» атауымен көпшілік назарына ұсынылды. Тақсайдан табылған материалдардың құндылығы өте жоғары. Бұл кешеннен табылған «Алтын әйел» ұлттық тарихымыздың өткенін зерделеп, қайта қалпына келтіруде үлкен маңызға ие. Ұлы даламыз осындай киелі жерлерге толы. Осындай жерлерді қадірлеп-қастерлеу – біздің борышымыз», - деді Яна Амангелдіқызы.

Шарада жергілікті меценат Мерхат Жұмашев та ұрпаққа үлгі болатын істі қолдаған жандарға алғыс айтты.

Тақсай ханшайымы кесенесін ашу құрметі Яна Лұқпанова мен аудандық «Ардагерлер үйінің» басшысы Сәлім Қоқашевке бұйырды.

Содан соң қонақтар оң қанаттағы киіз үйден облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесін тамашалады.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

IMG_0017 IMG_0021 IMG_0032 IMG_0046 IMG_0053 IMG_0099 IMG_0123 IMG_0131

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале