11.08.2017, 15:20
Оқылды: 20

БҚО-ның «Ақ бидайы» аламанмен басталды

Ауыл спортының дүбірлі додасы «Ақ бидай» облыстық VI ауыл спорты  ойындары биыл Зеленов ауданында жалауын желбіретті. Төрт жылда бір өтетін спорт бәсекесі тек ауыл спортшыларының қатысуымен ерекшеленеді.


Зеленов ауданының Переметный, Асан, Мичурин ауылдарында бес күн бойы жалғасатын «Ақ бидай» ойындары бүгін аламанмен басталды. Алдымен 11 шақырымға жіберілген тоқ бәйгеге 17 жүйрік қатысты. Атшабарды 5 айналып, топырағын төңкерген жүйріктерге қиқу қосқан халықтың бірі көрегендік танытып, пәленінші нөмірлі ат өзгесіне дес бермес десе, келесісі шабандозды кінәлап өздерінше сәуегейлік танытып жатты. Сүт пісірім уақытта соңғы айналымды ораған сәйгүліктердің арасынан зеленовтық Марат Асановтың жүйрігі бірінші, теректілік Яков Лепнаудың аты екінші келсе, жүлделі үштікті шыңғырлаулық Нұрболат Ақпановтың тұлпары түйіндеді.

Көп ұзамай 21 шақырымдық аламанның жарыс жолына 14 ат сап түзеді. Атшабарды 10 айналу үшін жүйрігін ентіктірмей, күшін сақтауды ойлаған шабандоздар тізгінді шірене тартып ат үстінде қаққан қазықтай қатып-ақ қалған. Қаны қызып, жер тарпыған жүйріктер желдей жүйткіп бірін-бірі оздырғысы жоқ. Бәйге жартысынан ауып, қызған шағында жүлдеден дәмелі сәйгүліктер негізгі топтан қара үзіп кете берді. Дүбірге дүбір қоса қиқулап, делебесі қозған халық дала төсін думанға бөлеп той көрігін асқақтатып әкетті. Ақ көбігі бұрқырап, төрт аяғын еркін тастай көсілген «Аманат» атты торының өзгеден сойы бөлек көрінген. Негізгі топтан оқ бойы озық келіп, аламанның бірінші жүлдесін еншілеген торының иесі тасқалалық атбегі Бауыржан Мәмбетов болып шықты. Мәре сызығынан зеленовтық Марат Мұхтаровтың «Аймаңдайы» екінші, жаңақалалық Ерболат Айтқалиевтың «Назқоңыры» үшінші болып өтті.

Бәйгеге тігілген арнайы жүлде 15 тамызда шараның жабылуы кезінде табысталатындықтан, жүйріктердің иелеріне әзірге арнайы диплом ғана ұсынылды.

Аударыспақ, теңге алу, жамбы ату, асық ату, көкпар, қазақ күресі мен тоғызқұмалақ, өзге де спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайтын жарыс жалғасуда.

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале