18.04.2019, 13:10
Оқылды: 69

Бөрліде халықтық театрлардың аймақтық фестивалі аяқталды

Мәдениеттің мәйегі болып Бөрлі ауданында алғаш шымылдығын ашқан «Мұрагер» театрының 5 жылдық мерейтойына орай жастар Жастар жылы аясында «Өнерге тағзым» атты І аймақтық халықтық театрлар фестивалі ұйымдастырылды.

IMG_4929

         Оған БҚО аудандарымен қатар, Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш аудандарының және Ақтөбе облысының Алға ауданының, Атырау облысының Мақат, Индер аудандарының халықтық театрлары қатысты. Және де мерейтойға орай аудандық демалу орталығы жанынан «Мұрагер» театр бұрышы ашылды.

         Фестиваль шымылдығын жергілікті «Мұрагер» театры С.Мұратбековтің «Жусан исі» атты қойылымымен ашты. Сырымдық халықтық театр ұжымы Б.Айдарбековтің «Жұмаққа жетелер жол» қойылымы арқылы бүгінгі дінаралық араздықты жақсы жеткізе алды. Жәнібек аудандық халықтық театры Ж.Б.Мольердің «Еріксіз емшісін» сахналаса, тасқалалықтар И.Зайниевтің «Люстра» атты қойылымын ұсынды. Алыстан ат терлетіп келген Қызылорда облысының Сырдария аудандық халықтық театры С.Раевтың «О, қыздар», Жалағаш театры Б.Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымдарын сахналады. Ақтөбенің Алға ауданынан келген театр Р.Мұқанованың «Тағдыр тауқыметін» сахнаға шығарып, көрермендер көңіліне жол сала білді. Атыраудың Индер аудандық халықтық театры М.Әуезовтің «Қарагөзін» ұсынып келушілердің көңіл кілтін таба білсе, Мақат аудандық театры Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылын» сахналап керемет әсер сыйлады. Казталов ауданы ұсынған Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» қойылымын көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Жалпақтал халықтық театры И.Ғайыптың «Портмоне» қойылымы арқылы сахнаның әрін кіргізді.

         Әділ қазылардың шешімі бойынша бас жүлдені «Мұрагер» халықтық театры ұсынған С.Мұратбековтің «Жусан исі» қойылымына тиесілі деп шешті. Халықтық «Мұрагер» театры атындағы арнайы жүлдені және «Ең үздік жаңашылдық» аталымын Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық М.Ғұмаров атындағы халықтық театры еншіледі. Осы ауданнан келген С.Сыдықов атындағы халықтық театр «Ең үздік сценография» аталымына қол жеткізді. Ақтөбе облысы, Алға ауданынан келген «Заманай» театры Бөрлі ауданы әкімінің арнайы жүлдесін қанжығаласа, «Ең үздік актерлік шеберлік» аталымы Қызыорда облысы Сырдария ауданының теартына бұйырды. «Үздік декорация» тасқалалықтардың еншісіне тисе, «Үздік қойылымды» жәнібектік теарт алды. Атырау облысы Мақат ауданының халықтық театрының әртістері Әзиза Жолдыбай «Ең жас актриса», Бекзат Арыстанов «Ең жас актер» атанды. Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық М.Ғұмаров атындағы халықтық театрының әртісі Нұрбек Мұқанбетқалиев «Ең үздік ер адам рөліне», Атырау облысы Индер ауданының «Жарсуат» халықтық театрының әртісі Лашын Нүркенова «Үздік әйел адам рөліне» лайықты деп танылды.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

IMG_4851 

IMG_4862

IMG_4887

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале