4.12.2019, 19:10
Оқылды: 54

 Енжарлық етектен тартпаса екен...

Жасыратыны жоқ, қазір үй салғысы келетін қазақ құрылыс жұмыстарына өзбек іздейтін болды. Демек, өзгеге уыстап ақша шашатындай болсақ, жағдайымыздың соншалықты нашар болмағаны ғой? Әлде өзіміз үй салуды ұмытып қалдық па? Бәлкім, жанымызды қинап, бас ауыртып, балтыр сыздатқымыз келмейтін шығар? Арзан жұмыс күші дейін десең, бағасы да соншалықты құлдырап тұрған жоқ. Сұраныстың жоғары екенін жақсы білетін өзбек жұмысшылары «а» десең-ақ ауызын арандай ашады.

??????????

Осының мәнісін білмек болып көрші ағайынға үй салдырған бірнеше қандасымызбен сөйлесіп, сыр тартып көріп едік, жауабын естіп, өзім таңырқадым. Сөйтсем, өзге елден нәпақа іздеп келген өзбектердің басында баспанасы болмаған соң құрылыс жұмыстары біткенше қожайынның сарайында күнелте беруге дайын көрінеді. Олар күй талғамайды, түнемеге жарайтын лашық болса жетіп жатыр. Ал баспанасы жоқ адамның мақсаты – тезірек құрылыс жұмыстарын аяқтап, ақшасын алып, елге қайту. Сол үшін де күн көзі көкжиектен көтеріле бере еңбекке араласып, содан қас қарайғанша бел жазбай жұмыс істейді. Біздің қазекеңдер асықпай-аптықпай, ұйқысын қандырып оянады. Сосын ел іші болған соң, қуаныш бар, қаза бар, ондай жағдайда қазақты ұстау тіптен қиын. Оның үстіне «ащы суға» әуес болса, сол кеткенінен мол кетіп, бір аптаға жоғалатыны тағы бар.

Мұның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын қайдам, жалпы еңбек етуге келгенде қандастарымыздың желкесі  кері тартып тұратынын ешкім жоққа шығара алмас. Өзіңді өзің жамандап, жер қыла бергеннен мүйіз де шықпайды, әрине. Дегенмен кемшіліктерімізді мойындай білген де жөн-ау!

Қазір күні Қаратөбе ауданында 30-ға жуық өзбекстандық қара жұмысқа жегіліп, қыруар ақша тауып жүр. Ал қазақтың балаларына «үй сал, мал бақ, бақташы бол» десең «ол келімсектердің жұмысы» деп мұрнын шүйіреді. Қарасаң, қанша жас жұмыссыз жүр. Олардың бәрі де жақсы киініп, тойып тамақ ішкісі келеді. Ол үшін басты мақсаты – несиеге көлік алу. Сонымен таксилетіп несиенің ақшасын жабар едік дейді. Несиені қанша пайыз үстемеақы төлеп қайтаратынын, оны қайтарам деп жүріп жастық дәуренінің қаншама жылын сарп ететінін ұғынбайды. Әрі несие біткенше темір тұлпарының да тозығы жетіп, әуселесі бітетінін ойласа, қане?

Тағы бір өкініштісі, жұмыс іздейтін жастардың дені күзетші болуды қалайды. Тепсе темір үзетін қол-аяғы балғадай жігіттердің күзетшілікке құмартатыны сол бойкүйездіктің белгісі.

Міне, «ауылда жұмыс жоқ» деп аузын қу шөппен сүртетіндер осылар. Әйтпесе, өзегімді талдырмаймын деген жанға ауылда екі қолға бір күрек табылады. Мәселен, Қаратөбе аудандық электр торабы мекемесінде 11 жұмыс орны бос тұр. Мекеме басшысы Хасанғали Мырзагерейұлының айтуынша, жалақысы 55 мың 700 теңге қарапайым көлік жүргізушісіне екі вакансия бар. Бірақ, жастар оны місе тұтпайтын көрінеді.

 «Жұмыспен қамту бөліміне тракторшы болып тіркелген адам болса, екі өкпемізді қолымызға алып, жүгіріп барамыз-ау. Алайда ақшасын қомсынып, жұмыс істегісі келмейді», – дейді мекеме басшысы.

Биылғы Жастар жылында аудан әкімі ауылда қалғысы келетін жастарды айрықша қолдауға дайын. Бұл бағытта аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Назира Ермекқызы жыл басынан бері үш рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткендігін және сол жәрмеңке аясында 216 адам тұрақты жұмысқа, 14 жас жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасқандығын айтты.

 «Жалқаулық деген жақсы екен, жатып ішер ас болса» демекші, «алма піс, аузыма түс» деген масылдық түйсіктен арылмайынша, «жұмыссыздық» деген дертті жеңе алмаймыз. «Есектің артын жусаң да мал тап» деген Абай атамыздың өсиетін әр адам бала күнінен зердесіне тоқып өссе дейсің. Жұмыссыздықты намыс көретін жігіттеріміз көбейсе, «бұл келімсектің жұмысы» дейтін жалған намыстан да арылған болар едік.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале