4.12.2019, 17:24
Оқылды: 394

Каратэден әлем чемпионы Анеля Нұрболат: «Иығыма Қазақстан туын жапқанда бойымды мақтаныш сезімі кернеді»

Жақында ғана Сербияның астанасы Белград қаласында каратэденөткен дүбірлі додада әлемді мойындатқан жерлесіміз Анеля Нұрболатпен сұқбаттасуды ұйғарған едік. Жас спортшы бүгіндері Шымкент қаласында жарыста жүр екен. Соған байланысты кейіпкерімізбен әлеуметтік желі арқылы хабарласып, бірқатар сауалға жауап алдық.

tasqala sport (2)

-Анеля, бойыңдағы спортқа деген қызығушылық қайдан пайда болды?

   -Менің анам дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Кішкентай кезімнен бері анамның жарыстарға барып жеңімпаз атанғанын, үйге медальдар мен дипломдар алып келетінін көретінмін. Сондай кезде өскенде менде анам секілді боламын деп армандадым. Кейін спортқа деген ниетімді байқаған ата-анам менің өзіме ұнайтын спорт түрімен айналысуыма жағдай жасады.

-Сенің таңдауың спорттың – каратэ түрі. Оны таңдауыңане себеп болды? 

         -Каратэ – ерекше спорт түрі. Көп адам оны тек төбелесу деп түсінеді екен. Бірақ сырттай қарап, бақылап отырсаңыз бұл спорт түрінің өте әдемі екенін байқайсыз. Өзім солай есептеймін. Сондай-ақ каратэмен айналысу өзіңді қорғау үшін қажет. Жалпы мен есейе келе өзімді сенімді ұстап, ештеңеден қорықпайтын, тайсалмайтын адам ретінде көргім келеді. Сол үшін мен спортпен айналысуды мақсат еттім. Маған ұнайтын спорт түрлері көп, бірақ бәрінен де каратэ қаттырақ ұнады. Таңдауыма ата-анам да қарсы болмады. Олар менің спортпен айналысуыма бар мүмкіндіктерді жасады. Бүгінде жеткен жетістіктерім ең алдымен ата-анамның қолдауымен келіп жатыр.

-Каратэмен айналысқанына қанша уақыт болды?

-2018 жылдан бастап дайындала бастадым. Тасқаладағы каратэ үйірмесінде, сондай-ақ Бәйтерек ауданындағы спорт мектебінде жаттығу жұмыстарын өткіземін. Жаттықтырушылар менің спортқа ыңғайымды бірден байқады. Бұған дейін болған жарыстарда жүлделі орындар алып жүрдім. Ал әлем чемпионатына барғанда ата-анам да, жаттықтырушыларым да үлкен сенім артты. Мен олардың сенімдерінен шыққаныма қуанамын.

 -Соңғы доданың оған дейінгі болған жарыстардан өзгешелігі неде?

 -Жарысқа кетерімде жаттықтырушылар мен үйдегі ата-анам маған жарыстың маңыздылығын түсіндірді. Олар дайындық басталған сәттен-ақ «бұл әлем чемпионаты. Оған кез-келген адамның бару мүмкіндігі болмайды. Ол жерде тек мықтылар кездеседі. Сендер кез-келген қарсыласқа дайын болуларыңыз керек» дегенді жиі айтты. Содан болар, біз сол жолғы доданың үлкен жауапкершілік екенін түсіндік. Кетерімізде барлығы сәттілік тілеп, жеңіспен оралуымызды күтетіндерін айтты. Жарыс өтетартысты өтті. Бізге қатты ұнады. Жан-жақтан келген спортшылар көп,танымаймыз. Бәрі қызық. Әр спортшының өзіндік әдіс-тәсілі бар. Бірақ, бізге жаттықтырушылар таза жеңу керек дегенді айтатын. Сондықтан біздің жеңіс – таза жеңіс екенін айтқым келеді. Бұған дейін облыстық, республикалық додаларға бардым. Әр жарыс өзінше қызық. Кез-келген қарсыласқа мықты спортшы ретінде қарау керек. Сонда сен де мықты боласың.

 -Бірінші орынға ие болып, мойныңа медаль таққандағы сезімің қандай?

 -Чемпионат Сербияның Белград қаласында өтті. Шетелде сенің мықты болғанынды айтып, аты-жөніңді, еліңді атап жатқанда ерекше қуанышқа кеңелесің. Менің де қуанышымда шек болмады. Әсіресе, иығыма Қазақстан туын жапқанда бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Мен өзімнің Қазақстанда туғаныма, бүгінде сол елімнің намысын қорғағаныма қуандым. Менің жеңіске жеткенімді естігенде құттықтап хабарласқан адамдар көп болды. Олардың барлығы мені мақтан тұтатындарын айтып жатты. Отбасымның қуанышы тіпті бөлек. Елге оралғаннан кейін де ата-анам ұзақ уақыт сенер-сенбесін білмей жүрді.

-Кішкентай Анеляның алға қойған мақсаты үлкен бе?

 -Мен өзімнің ұстаздарым Ажаргүл Шолақова мен Фархад Жалмурзиндердей жаттықтырушы болғым келеді. Жалпы болашағымды каратэмен байланыстырсам деген ойым бар. Чемпион болған соң саған жүктелетін міндет те көбейеді екен. Менің арманым мен мақсатым бірдей. Каратэмен айналысу, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрену секілді ойларымды жүзеге асыруға жұмыстанамын.

-Уақытыңның көп бөлігі спорт залында өтетін болса оқуыңа қалай уақыт бөлесің?

 -Барлығына бірдей үлгеремін. Менің сабағыма да, спортпен айналысуыма да ата-анам қолдау көрсетіп отыр.Чемпионаттан оралған соң бірден анам сабағымды оқуымды қадағалады. Себебі, олар менің спортпен айналысып, сабаққа немқұрайлы қарауыма қарсы. Жалпы ата-анам мені қалай еркелетсе, қояр талаптары да сондай. Ал мен олардың үмітін ақтауға тырысамын.

-Сұқбатыңа рақмет Анеля, жеңісті күндерде жолыққанша!

Сұхбаттасқан Әсемгүл Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале