16.11.2017, 21:53
Оқылды: 61

Қаратөбеде Армат Исламғалиевтің кеші өтті

DSC_0234Бүгін халықаралық және республикалық дәстүрлі ән орындаушылар мен термешілер байқауларының бас жүлдегері, жерлесіміз Армат Исламғалиев туған жері Қаратөбе өңірінің киелі сахнасы төрінде әуелете ән салды.

Өнер кеші "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Өнер жолында биікке самғап, сал Мұхит пен Ғарекеңнің әндерін кеңінен насихаттап жүрген өнер тарланы Армат Жұбайұлы және оның шәкірттері, сонымен қатар еңбек жолын бастаған жылдары бірлесе қызмет еткен «Оралым» фольклорлық ансамблі «Әуелете ән салса...» атты концерттік бағдарламаны өнерсүйер қауым назарына ұсынды.
Сахнаға көтерілген сәтінен Арматты жерлестері қаратөбелік көрермендер үлкен ықыласпен орындарынан түрегеле қол соғып қарсы алды.
Өнер жолында өзіндік орны бар Армат бауырымыздың сахна төрінде орындаған халық әні «Ақайша», Ғ.Құрманғалиевтің әні «Сүйген жар», «Оралым», жерлес ақын Шолпан Қыдырниязованың сөзіне жазылған «Туған жерім – Аққозым» атты және тағы да басқа да көптеген әндерін, Естайдың термесін, Исаның «Желдірмесін» нақышына келтіре орындағанда қаратөбеліктер ыстық ықыласпен ұзақ қол соғып, үлкен қошемет көрсетті.

DSC_0239Өнер иесі А.Исламғалиевтің өнеріне тәнті болған жерлестердің ыстық ықыласымен қатар сахна төріне шыққан аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен Орал қалалық мәдениет және тілдер басқармасының басшысы Қуанышбек Жанболатұлы туған жер төсінде тамаша өнер көрсеткен Арматтың өнеріне сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы елге кеңінен танымал өнер иесі Арматтың иығына шапан жауып, тай мінгізіп және аудан әкімі Жанат Асылханұлының атынан алғыс хат табыстады.
Осылайша, шоқтығы биік әнші Армат Жұбайұлымен бірге өнер көрсеткен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін фольклорлық ансамбль өнерпаздарының тамаша концерті қаратөбеліктерді тәнті етті.

Ерболат РАЙСОВ,
Қаратөбе ауданы

Жасұлан СҰЛТАН,
Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары:

- Жалпы елімізде операдан кейінгі кең диапазонда айтылатын ән – Батыстың ән мектебі. Киелі өнер өлкемізде сал Мұхит пен Ғарифолла бабамыздан бастау алса, осыбір өнерді насихаттап жүрген Сағадат Рахметжанов, Серік Әбдірахманов, Мұхит Бірәнов, Армат Исламғалиев, Фархат Оразов, Асхат Оразов сынды жерлестеріміз ата-бабамыздың дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген азаматтар.
Мұхит пен Ғарекеңнің әндерін елге кеңінен танытып жүрген Армат бауырымыздың көтеріп жүрген жүгі ауыр, оны бәріміз де білеміз және жақсы түсінеміз.
Арматтың әндерін жерлестері сағынды. Әндеріңіз шарықтап, ел құрметіне бөлене беріңіз! Өнерде шығармашылық табыс тілейміз.

Армат ИСЛАМҒАЛИЕВ,
Халықаралық, республикалық әнші-термешілер
байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы:

Қадірлі жерлестерім, біз көрмеген ұлыларды Сіздер көрдіңіздер. Сал Мұхит салған сара жол, Ғарекең салған дара жолмен кейінгі ұрпақ ретінде жалғасытырып біз келеміз.
Біздің кішкене жетістікке жеткеніміз – ол сіздердің қолдауларыңыз деп түсінемін.
«Қарттар – елдің қазынасы» дейді халық даналығы. Кішкентайымнан, құлын кезімнен кекілімді келте кесіп, осы додаға салған да өздеріңіз. Маған үлкен қолдау көрсеткен абыз ақсақал Орынғали ағамыз бен Бейбіт ағамыз ортамызда отыр. Мені өнерге баулыған – осы кісілер. Баршаңызға көп рақмет.
Кеше ғана сары ауыз балапан едік, қазір қанатымыз қатайып, біздер тұрмыз жігіт ағасына айналып. Бұл – өмір. Амандықта жолығайық, ағайын!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале