16.04.2018, 16:42
Оқылды: 38

Қаратөбеде ауыл тазалығы жайы талқыланды

Қаратөбеде ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйым жетекшілері, мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жиналысы өтті. Жиналыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Қаратөбе ауылы тұрғындарының иелігіндегі мал бағымын ұйымдастыру және санитарлық-экологиялық айлықтың жариялануына орай ауыл тазалығын сақтау мәселелері жөнінде Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев хабарлама жасады.

- Ауылда мал жайылатын жеті бағыттың үшеуіне мал бағуға бақташылар келісімін берді. Қалған бағытқа мал бағуға ешкім ниет білдірген жоқ, -дейді округ әкімі Ғалымгерей Қажыгерейұлы.

Өткен жылы Қаратөбе ауылдық округі бойынша тазалық айлығында мекемелер арасында 5 рет және күзгі кезеңде 3 рет сенбілік ұйымдастырылған. Сенбіліктерде ауыл ішіндегі көшелер, жол жиектері, Қалдығайты өзенінің жағалаулары күл-қоқыстан, қалдықтардан тазартылды. Тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонға 3471 тонна күл-қоқыс шығарылған. Мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары барлығы 1514 адам және 17 жүк көлігі, тракторлар тіркемелерімен қатынасқан.

Қаратөбе ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Темірхан Мәтжанов ұрлықтың басты себебін мал бағымының ұйымдастырылмауымен байланыстырды. Кешкі мезгілде бос жүрген мал қамалып, мал иесіне тәртіптік шара алынатынын ескертті.

Басқосу барысында сөз сөйлеп, пікір білдірген ауыл тұрғыны Мақсот Ермеғали, аудандық аумақтық басқарма басшысы Рүстем Әлжанов, аудандық коммуналдық кәсіпорынның директоры Айбар Абденов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов ауыл тазалығы, ауылды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға төгу мәселелері бойынша өзіндік ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Тазалық айлығы аясында «Таза көше», «Таза аула», «Үлгілі үй», «Үлгілі мекеме» аталымдары бойынша байқау өткізілетін болады.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале