17.06.2020, 10:26
Оқылды: 69

Казталовта тауықты табыс көзіне айналдырған жастар қатары көбейіп келеді

Кәсіп меңгерудің шекарасы болмайды. Кім қандай кәсіппен айналысамын десе де өз еркі. Қазақ халқы ықылымнан төрт түлік малын өсіріп, тұрымысына қажеттінің бәріне алдындағы жандығын жаратқан шаруа халық. Ауылдағы ағайын қазір де нарықтың қатаң талабын елеместен, бүкіл кәсіптің тілін меңгеруде. Әркім көрпесіне қарай көсілетінін ескерсек, ауыл халқы да шаруаның небір түрін дөңгелетуде. Әріге бармай-ақ, Казталов ауданының шалғай ауылдарының бірі – Талдықұдықта тауық өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған жастар бар.

Tauyk (1)

 

 

Олардың арасынан Қисымет Алпамыс өз шаруашылығына қоса күркетауық асырауды қолға алып, Сүйірген деген жерде жыл сайын үш жүз балапан сатып табыс көзін тауып отыр.
– Жылына 15 күркетауыққа балапан бастыртып, шөжелерін қажет еткен адамдарға сатамын. Орта есеппен үш жүз балапан сатылымға түседі, – дейді ол.

Tauyk (4)
Сол сияқты Талдықұдық ауылының өзінде Мержан Байзенов пен Берік Дәулеткерей де өткен жылдары мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, тауық өсіру кәсібімен айналысып келеді. Олар жерлестеріне тауық өнімі – жұмыртқаны өткізіп, табысын еселеуде.
– Ауылда тұрып, тұрақты кәсіппен айналысуды қолға алып жүрген жастар қатары көбейіп келеді. Шаруа тетігінің көзін тауып, кәсіппен шұғылданамын деген жастарға біздер де қолдау-көмек көрсетіп тұрамыз, – дейді Талдықұдық ауылдық округінің әкімі Ақжол Қазиуллин.

Tauyk (6)
Шаруасын шалқытып әрі ауыл өмірінің тынысына жан бітіріп отырған талдықұдықтық жастардың байыпты бастамалары осылайша жалғасын тауып жатыр.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале