27.05.2020, 5:28
Оқылды: 163

Казталовта жұлдыздық түлектер туған жерге тарту жасады

Жұлдыз ауылы аудан орталығынан шалғай жатса да жыл сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Қандай жағдай болса да берекелі ауыл қаланың қым-қуыт тірлігіне қызығып, үдере көшпеді. Керісінше жылдар жылжыған сайын әсем үйлер көше бойлап, аппақ қаздай тізіліп тұр.

127D29FF-4049-4B0F-B099-E90493BD7F72

Жұлдыздың көркіне көз тояды. Әр үйдің ауласынан асыр салып ойнаған баланы көргенде балалықтың көрінісі ерiксiз ойға оралады. Төскейде малы өрген, даласын қуанышты үн кернеген ауылдың осынау көрінісі өз перзенттеріне ерекше ыстық әрі қымбат. 4115FA77-72EF-4FB5-AEDD-BFAA67F74F99

 Соңғы жылдары еліне болсын дейтін туған жердің әр түлегі оң жаңалықтарымен қуантуда. Жұлдыздық жастар қашан да туған жерді гүлдендіруді перзенттік борышымыз деп санайды. Бүгінде ұрпақтар сабақтастығының көрінісі ретінде мектеп бітіргендеріне 5 жыл, 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл толған түлектер кездесіп, туған жеріне, алтын ұя мектебіне ерекше ықыластарын, сый-құрметтерін білдіріп жүр. 1DA0B8B2-8CE4-4C45-B0E6-3E605298C637

Биыл Батыр атындағы білім ордасын 2010 жылы бітірген түлектерге – 10 жыл. Сыныптай сырғып өткен уақыттың жүйріктігіне қарап таң боласың?! Арман аясында, межелі мақсат жолында сан тарапқа аттанған түлектер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр. 1992 жылы туған түлектер әр жерде табысты қызметтер атқарып, бедел биігінен көрініп жүрсе де перзенттік парыздарын ұмытпады. Түлектер мақсаты бір арнаға тоғысып, туған жерге сый жасады. 10 жылдық түлектер ауыл ішіне заманауи үлгідегі жарық шамдармен көмкерілген «Туған жерім Жұлдыз» атты конструкциялық белгі орнатып, жерлестерін қуантты.

- Бұндай игі істер біздің ауылымызда біраз уақыттан бері жүзеге асып келеді. Қаншама түлек ауылдан жырақта жүр. Әлбетте әрқайсысының жүрегі елім, жерім деп соғады. Кіндік қанымыз тамған жерді көркейту - біздің борышымыз. Сондықтан да еш ойланбастан былтырдан бастап ақша жинап, қолға алдық. Нәтижесінде 1 млн. теңге қаражат жиналды. Игі істің жүйелі жүзеге асуы түлектердің ауызбіршілігі пен татулығының септігі деп білеміз. Жасалған жұмыстардың жалғасы ретінде келесі эстафетаны 1993 жылы туылған жастарға жолдаймыз, - дейді Әліби Тасқалиев.

 Қара шаңырақтың қашан да биік екенін қанға сіңірген қасиетті жер – ауыл. Есейіп, өмірден өз жолыңды тауып, уақыт ағынымен алыстарға шарықтап кете барсаң да, қайта айналып келуге мәжбүрлейтін де – ауыл. Себебі ауылдағы қара топырақтың киесі, ошақ-самаурыннан бұрқыраған нағыз қазақылықтың иісі қазақ баласының өмірімен еріксіз байланыстыратындай.

 «Елдің қамын ойлаған ерте өседі»,- дейді Мұзафар Әлімбаев атамыз. Туған жердің қадірі асып, мәртебесі таси берсін дейтін жұлдыздықтардың ұраны лайым да солай болмақ. Туған жерді қалай мақтасақ та жарасымды. Көркейіп, құлпыра бер, туған өлкем! Ел игілігіне арнаған іске ұйытқы болған 10 жылдық түлектерге айтар алғысымыз шексіз.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале