7.08.2020, 14:50
Оқылды: 252

Қойсарының тұзында шипа-ем бар

Қойсары – есімі Алаша руының бір бөліміне айналған батыр. Оны әулие тұтып басына ел түнейтін көрінеді. Сол  әулиенің қорымы Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Жаманқұдық ауылынан солтүстікке қарай 8 шақырым жерде Қойсары сорының қабағында орын теуіпті. Кеңес үкіметінің ескі карталарында бұл жер «Қарағаймола» деп белгіленген.

FA036CB5-B2AC-44D5-BEE1-58657B377BA2

Ертеден келген әңгіме – бұл мекен кезінде Қойсарының бала кезден жайлаған қонысы екен. Бертін келе әулиенің атымен аталып кеткен  сор бұрын суы тұщы Балдырғанды көлі бопты деседі.

Есімі аңызға айналған Қойсары батыр өмірден өтерінде ұрпақтарына:

– Мен өлген соң, көп кешікпей бұл көл тайыздап, бара-бара тұзды сорға айналады. Балшығы дертке дауа, науқасқа шипа болады. Туған жерге тәу еткен ұрпағымды мен де желеп-жебеп жатармын, – депті.

Сонау 2006 жылдары Ресейде тұратын сол атамыздың бір ұрпағы (есімін ұмыттым) осы жақта Қойсарының ата қонысы, зираты бар дегенді естіп, арнайы іздеп келді. Ол қарт болса да, еті тірі пысық адам екен. Атырауда мұнай саласында басшылық қызметтегі баласына айтып, айдалада жатқан атасының басына қызыл кірпіштен күмбез тұрғызып кетіпті.

Сол кездерде жолым түсіп, Жаманқұдыққа барған едім. Сары даланың шаңын шығарып, джип мінген сол ресейлік қарт келе қалмасы бар ма?! Бұл жолы Қойсары атаның есімін жаздырылған гранит тақтаны орнатуға келіпті. Көліктің рөлінде кіші баласы, қасында бір орыс жігіті, өзі және Базаршолан ауылынан жол көрсетіп бастап келген тағы бір қарт бар екен. Жаманқұдыққа соғып, бейіт басына құран оқытпаққа Құттымұрат ақамды алып кетпек болды.

83E3E97A-ADD3-41F7-819B-877F4C7AB1E0

Қойсары әулиеге жақында күмбез тұрғызғанын естісем де, көрмеген едім. Жерден жеті қоян тапқандай: «Мен де барамын!», – деп қолқа салып көргем, – Көліктің артқы орындығында үлкен тақта тас алып келе жатырмыз. Сыймайтын шығарсыз», – деді баласы. «Ау, ай  ортақ, күн  ортақ, әулие де ортақ емес пе? – деп мен де айтқанымнан қайтпаймын. Осы кезде қария әңгімемізге араласып, «Дұрыс айтады, сиыстырып мінгізіңдер!» – деп бұйырды.

Осылайша үш қарт, үш жігіт боп әулие басына келдік. Бұрын қыр басында елеусіз жатқан көне қорымның дәл ортасынан бой көтерген қызыл күмбез алыстан мен мұндалап, киелі жерді қастерлей білетін ата ұрпағы бар екенін дәлелдеп тұрғандай. Қырға шығып, төрт жағыңа көз талдырып қарасаң да, жазықтықтан басқа ештеңе көрінбейтін Тайпақтың далиған даласында жаздың ми қайнатар аптабында су жоқ, байланыс жоқ жерге тәуекелі тұрып, күмбез тұрғызған самаралық ағайынның ата-бабасына, ата тегінің шежіресіне деген махаббатына еріксіз сүйсінесің, бас иесің.

– Мынау қызыл кірпішті Оралдан Камаз жалдап әкелдім. «Айдаладағы атам басына күмбез тұрғызуға адамды қайдан табамын» деп уайымдап едім. Абырой болғанда, мынау қасындағы Төлен деген ауылдың тұрғындары түгелдей алаша руынан екен. Барлығы  көтеріліп келіп, жабылып қолдап, көмектесіп, ә дегенше бітіріп тастадық, – деп әңгімелейді ресейлік қария.

Қорымның орта тұсында бұрын саманнан салынып, жартылай құлап тұрған көне күмбезді тегістеп құлатып, үстіне Қойсары атаға арнап, күйдірген кірпіштен жаңа мазар тұрғызыпты. Күмбездің батыс жағында, сәл беріректе үлкенді-кішілі қос құлпытас қатар тұр. Біреуінің артына батырдың қылышы мен айбалтасы таңбаланыпты.

– Менің естуімше, мынау кіші құлпытас Қойсары атама алғаш тұрғызылған тас екен. Кейін пәленше деген бай ұрпағы үйірлі жылқы беріп, мынау үлкен құлпытасты қайта жасатқан сияқты, – деп жалғастырды әңгімесін қария.

Мен де сұрақты үсті-үстіне жаудыра бастадым. «Сіз құлпытастағы жазуды оқыттыңыз ба?» деген сұрағыма «Фотоға түсіріп алып, Қазан қаласының бас мүфтиіне оқытып едім, оқи алмады. «Қойсары» деген сөзді ғана оқыды», – деді ол.

Қартпен ере келген екі жігіт арнайы жаздырып әкелген тақтатасты орнатып жатқанда, Құттымұрат ақам бір шетте үндемей отырған. Қасына барған мені ымдап, өзіне жақындатты:

– Күмбез жаңылыс тұрғызылыпты-ау, – деп қынжыла күбірледі.

– Қалайша?

– Мен білетін Қойсары зираты мынау күмбездің үстіне тұрғызған мазар емес, оның оң жағындағы төмпе болып жатқаны. Құлпытасы мынау үшке бөлініп, елеусіз жатыр. Көрдің бе, төрт қырында ақтық байлайтын тесігі бар оюын? Мен ес білгелі зиярат етушілер Қойсары құлпытасы деп осында ақтық байлап сыйынады, тұзына түседі.

– Мәссаған!

– Салар кезде біреулер қате көрсетіп, содан жаңылысқан шығар. Енді үндеме. Біткен істің міні жоқ. Ниет дұрыс. Осы жерде Қойсары ұрпақтары жерленген ғой. Қалай болғанда да ұрпағының атасын іздеп келіп, мазар тұрғызуы өте үлкен қызмет.

Осы кезде мазар қабырғасында тақта орнатып жатқан жігіттерге кейіген ресейлік қарттың дауысы шықты. Әлгілер тастың оң жақ шекесін сындырып алыпты. Қарт: «неге абайламайсыңдар?!» деп баласына біраз ұрсып алды. Мен үшін бұл: «мені оң жақтан табасыңдар» деген аруақтың ишаратындай боп көрінді.

Содан кейін бәрі болған соң ақам аруақ рухына құран бағыштап, кештетіп үйге қайтқанбыз.

Кейін Қазыбек інім күмбез алдындағы қос құлпытасты оқып, оның Қойсарының өзіне емес ұрпағына тиесілі екенін дәлелдеді. Ал, Қойсарыныкі делінетін үшке бөлінген көне құлпытастың жазуы қатты бүлінгендіктен оқылмады.

2018 жылы Ақжайық аудандық туризм және экология мекемесінің қолдауымен осы жерге өз шәкірттеріммен келіп, қорымды зерттеп, картаға түсіріп, құлпытас өлшемдерін алғанбыз. Әулие сорының тұзына түскенбіз.

Биыл ел басына індет келіп, иммунитетті көтеруге не қажет деген сауал көтерілгенде, туған жердің тұзы еске түсті. Алыстан автомобиль тіреп келіп, Әулиенің басына  ақтық байлап, Қойсары сорының шипалы балшығына түсіп, тұзды ауасымен тыныстап, суы мен балшығынан аздап алып қайттық.

Тәңірім елімізді мынау тажал індеттен тезірек сауықтырғай деп тілеймін!

Жәнібек Әбілпейісов,

өлкетанушы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале