12.12.2019, 10:24
Оқылды: 309

Көрермен болу қиын ба?

 "Жалпы көрермен сахнадағы қойылымды тамашалау керек"

Бізге спектакль мен көрермен арасында болатын контакт қымбат» – деген еді Қазақ радиосындағы «Армандастар» бағдарламасына берген сұқбатында жерлесіміз Асхат Маемиров. Расымен, ауданымызда «құлақтан кіріп бойды алар» әсем ән де, би де,қойылым да қамтылған сан түрлі мәдени шаралар жоспар бойынша өткізіліп жатыр. Осы күнге дейін аудандық мәдениет үйінің сахнасы өнерпаздардан босап көрген жоқ. Ал көрермендер залы ше? Өкінішке қарай, концерт сайын бос қалған орындар көп болады. Халық неге көрермен болуға құлықсыз? Әлде өнерпаздар елді қызықтырмай ма? Не болмаса өнерқұмар халық азайды ма? Қамшының сабындай қысқа ғұмырдатек үй мен жұмыс арасында жүріп, қашан рухани азық жинамақпыз?Уақыт жоқ деген желеумен өнерпаздарды бағалай да білмейміз. Әртістеріміздің көл-көсір еңбегі, сарп еткен уақытын көргенде олардың Гиннестің «Санасы бос адамның алдында ойнағанша, бос орындықтың алдында ойнаған жақсы» күйін кешіп жүргендігін ұғамыз.

Осы ойлар мен сұрақтар бізді аудан мәдениетінің бесігі – мәдениет үйіне алып барды. Көкейде самсап тұрған көп сауалдың жауабын іздеп,  аудандық мәслихат депутаты, демалыс орталығының директоры Серік Тоқмамбетовке жолықтық.

"Біздің өнерпаздар тек жанды дауыста ән айтады"

– Халыққа уақыты ыңғайлы болуы үшін бір шараны түске дейін, екіншісін кешке де қойып көрдік. Ұжым мүшелерімен бас қосқанда «Бәлкім, біз қызықтыра алмадық па?» деген ойға қаламыз. Көпшілік мәдени шаралар кезінде көрермен жинау үшін шарасыздықтан мекеме басшыларына хат жіберіп, қызметкерлерін жіберуді сұратып жататын жағдайлар болады. Ауданымыздың өнерпаздары ешқандай фонограммасыз, табиғи дауыста өнер көрсетеді. Олар көрермендіәкім яки қаралар деп бөліп жармайды. Біз үшін бәрі – халық. Осы халыққа ұнап, көңілдерінен шығу үшін барымызды салып жатамыз.
Кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, ауылдық округтерде музыкалық аппараттар ескірген, сахналық костюмдер жеткіліксіз. Кейде ата-аналар өздерінің қалауымен өнерпаз балаларына киімдер тіктіртіп беріп жатады. Әйтсе де «костюм тапшы» деп сылтауратып отырмаймыз. Себебі көрерменге өнерпаздың киімі емес, өнері маңызды екені анық.

Көрерменді тарту мақсатында газет беттеріне мақалалар да беріп көрдік.  Бірақ, жасыратыны жоқ, қарапайым халық түгілі кейбір мекеме басшылары да мәдениет үйіндегі шараларға келгісі жоқ. Сондықтан қарапайым халыққа ренжи алмаймыз.

«Отан отбасынан басталады» демекші, мәдениетті өзімізден, отбасымыздан бастауымыз керек деп есептеймін. Біздің болашағымыз – балаларымыз, өскелең ұрпақ.Тағы айта кетерлік жайт, мекеме қызметкерлерінен бөлек, мектеп оқушыларын аз да болса рухани азық алсын деген оймен кештерге көрермен болуға шақырамыз. Бірақ сол балаларды шара кезінде тыныштандыру мүмкін емес. Не ертіп әкелген жетекшісінің, не мәдениет қызметкерлерінің тілін алмайды. Бітпейтін күлкі, қолдан түспейтін смартфондар. Оқушыларға қатысты тәртіптің әлсіздігі ме, мектеп директорларының осалдығы ма, тәрбие сағаттарының аздығы ма, білмедім,алайда осындай келеңсіздіктер сахнадағы өнерпаз бен залдағы халыққа кедергі келтіреді. Біздің мақсатымыз – біреудің мінін теріп, жұрттың баласын тәрбиеге салу емес, аз да болса жиылған жұрт демалып қайтса екен деген ой, – деп сөзін түйіндеді Серік Әнуарұлы.

                   Афиша – көрермен көңілінің кілті

Мәдени шаралардың тұрақты көрермені, Сүйінғали Даулов:

–Қолым қалт етсе, концерттен қалмаймын. Бірақ өзім шамаластардың  концерттерге, театрға бармайтынын байқаймын.Олай дейтінім, күні кеше ел мақтанышы, ақын, қособалық Бауыржан Халиолланың 40 жасына арналып ауданда өткен мәдени шарада үлкендер жағы көп көзге түспеді. Жастарымыз өнегелі кештер өткізсе, неге барып, рухани байып қайтпасқа?!Кез келген шараның көркі қариялардың әсерлі әңгімесі мен ұлағатты сөзі емес пе?

Көрермен ретінде ұсынысым, халықты мәдениет ошағына шоғырландыру үшін аузы дуалы, көпті көрген үлкендермен тағылымдық-танымдық кездесу кештер ұйымдастырылса, олар өмірлерінен сыр шертіп, тым жалықтырарлық емес, қысқа-нұсқа, сүбелі сөздермен жас буынға тәрбие-тағылым берсежақсы болар еді, –деген пікірін білдірді.

1980 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің лауреаты, «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, мәдениет үйіндегі шараларды қалт жібермейтін тұрақты көрермен, өнер жанашыры Салтанат Жұбаниязовамен тілдестік. Салтанат Елеуқызының айтуынша, бәрі өзіміздің ішкі мәдениетімізден басталады екен.

– Ауданымызда мәдениет үйі бар, жағдай жасалған.Мамандар да жеткілікті. Тек  бір ескерер жайт, мәдениет саласының басшылығы елге келген мәртебелі мейманға да, ауылдағы көркемөнерпазға да бірдей көңілі бөлуі керек. Мейманды мәз қыламыз деп жүріп, өзіміздің таланттарды қолдауға уақыт таппасақ, өлкенің өнер көшін үзіп алуымыз ғажап емес.

Өнер жанашыры ретінде ұсынысым, біздің ауданның мәдениет саласына жаңашылдық жетіспейді. Сахнаға барлық өнерпаздардың нөмірін пысықтап барып шығару керек және әр шара соңында кемшін тұстарды сол бойда ақылдасып, келесі жолы осы олқылықтың орнын толтырса, «көрерменнің келмеуі» деген мәселе тумайды.

Демалыс орталығында әр бөлім өз алдына жекелей жұмыстанса, алынбайтын қамал жоқ. Афишалар жасамас бұрын, әр бағдарламаны басшылық қадағалап, пысықтауы тиіс. Көрерменнің аз жиналуын «Шара ертең» деген күні бір-ақ тексеретін өзімізден емес, концертке келмейді деп халықтан көреміз. Афишалардың өзі тек Фейсбукқа салынумен шектеледі. Одан да басқа желілерге таратылса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Салтанат Елеуқызы.

Тілші түйіні

 Мәдениет саласы мекеме қызметкерлерін жинап концерт берумен шектелмейтіні белгілі. Концерт залы шынайы көрерменмен, өнерге ықыласты жұртпен толуы керек. Сонда ғана көрерменнің қошеметі шынайы болады. Әншілердің, әртістердің еңбегін де жоққа шығаруға болмас. Олар да «өнер өлмесін» деп жанталасып жүр. Ал өнердің өлмегені алдымен халыққа қажет. Ол үшін тау қират, тас қопар демейміз. Тек көрермен орындығына отырсаңыз жеткілікті. Соның өзі құрмет, өнерге көмек.

P.S. Халық арасында сауалнама жүргізіп көрдік. Нәтижесінде, 10 адамның 7-еуі «уақытымыз жоқ» десе, 3 адам «концерттерден қалмаймыз» деп жауап берді.

Айжан Амангелдина

Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале