14.08.2019, 16:39
Оқылды: 734

«Құлайын» деп тұрған тарих немесе мемлекет нені қорғап жатыр?

ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Өлеңті өзенінің жағасында Жымпиты деген жаңа қаланың құрылысы басталды. Әуелі мектеп, аурухана, шіркеу және мешіт салынды. Бұл біздің өңірдегі алғашқы ғимараттар еді.

dav

1894 жылы Жымпитыда 25 орындық жаңа аурухана пайдаланылуға берілді. Ғимаратта 6 амбулатория, асхана, сүтке арналған ас бөлмесі, монша және қойма бөлмелері болды. Емхана 1899 жылдан бастап облыстық аурухана басқармасының қарауына еніп, земстволық аурухана болып аталды.

Жымпитыдағы аурухана туралы тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеттің доценті Альфия Байболсынова өзінің 2017 жылы Орал қаласында басылған «Д.Күсепқалиевтің қоғамдық-саяси қызметі» атты монографиясында былай деп жазады:

dav

«Бұл кезеңде (біз айтып отырған ХІХ ғасырдың аяғы.авт) Батыс Қазақстан аймағында дәрігерлік қызметтің басты түрі – земстволық медицина болды. 1898 жылдың 8 шілдесіндегі Мемлекеттік кеңестің «Орал және Торғай облыстарының уездеріндегі дәрігерлік бөлімдерді дәрігерлік учаскелерге бөлу туралы» өкімінен кейін 1899 жылдан земстволық медицинаның дәрігерлік учаскелері Орал облысында да қалыптастырылды. Енгізілген штат санына қарай Орал облысы 1899 жылдың 1 қаңтарынан 11 дәрігерлік учаскеге бөлінді. Әрбір учаскеге дәрігер, фельдшер және фельдшер-акушер бөлінді.

Жымпиты ауруханасы - медициналық қызмет көрсету үшін қазақ жерінде ең алғаш ашылған үш аурухананың бірі».

1909 жылы бұрынғы Жымпиты уезінің, қазіргі Сырым ауданының аумағы Қазақстанның батысындағы оба эпидемиясы тараған ірі ошаққа айналды. Оба Жымпитыға күтпеген жағдайда келді. Жаздың ортасында Жымпиты базарынан 31 шақырым жерде тұратын бірнеше тұрғын осы жұқпалы дертке шалдықты. Күзде Жымпитыдан 12 шақырым жерден аурулар тағы анықталды. Барлық жағдайлар өліммен аяқталды. Сол жылы 31 желтоқсанға дейін обадан 196 адам көз жұмып, 31 баспананың тіршілігі жойылды. Эпидемияны жою үшін Жымпитыда Петербордан келген 4 дәрігер, 20 фельдшер және 23 санитар жұмыс істеді.

1912 жылдың қыркүйегінде дәрігер Дубченко Жымпиты земстволық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің бөлмелерінен обаны зерттейтін арнайы зертхана жасақтады. Ескі аурухана 1980 жылға дейін құлап, бұзылып бітті. Ал Жымпиты земстволық ауруханасының оба зертханасы болған бөлігі ХХІ ғасырға аман жетті.

dav

dav

Ғимарат қазіргі күні ХІХ ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынды. Бірақ, мемлекеттің не қорғап жатқаны белгісіз. Ақпан төңкерілісіне дейін салынып, Қазақстан аумағында осы күнге дейін сақталған жалғыз медициналық нысан қазіргі таңда құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ғимаратпен бірге тұтас тарих құлайын деп тұрғандай көрінді бізге. Ғимараттың қандай тарихи маңызы бар екенін айтайық.

Жымпитыдағы земстволық аурухананың тарихы Д.Күсепқалиев жайлы еңбекте айтылуы тегін емес. Дәулетшах Күсепқалиев 1874 жылы 23 тамызда бір деректерде Орал облысы Калмыкова уезінде, кейбір деректерде 1870 жылы Екатеринаслов уезі, Старосербск қаласында ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Деректердің қиыспауына сол кездегі саяси жағдайлар себеп. Дәулетшахтың тегі – төре, соның ішінде Нұралы ханның тұқымы.

Әрі қарай тағы да тарихшы Альфия Байболсынованың монографиясындағы деректер сөйлейді.

Дәулетшах Күсепқалиев болыстық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, хат таныған. 1887 жылы Орынбор қаласындағы классикалық ерлер гимназиясына оқуға қабылданып, оны 1895 жылы 8 маусымда күміс медальмен аяқтайды. Сол жылы 1 шілдеде Мәскеу императорлық университетінің медицина факультетінің студенті атанады. 1900 жылы университет жанындағы тексеру-сараптама комиссиясынан өтіп, Мемлекеттік кеңестің шешімі бойынша аса жоғары бағалауға ие болып, 14 қазанда барлық артықшылықтар мен құқықтарға ие лекарь атағын алады. Оған кейін дәрігер атағы да беріледі.

Д.Күсепқалиев университетті бітірісімен, Орал губерниясының Жымпиты уезіндегі учаскелік 25 орындық ауруханасына дәрігер етіп жіберіледі. Дәрігер Күсепқалиев тек Жымпиты емес, туған жері Тайпақтың да денсаулық сақтау ісіне жанашырлықпен араласып, осы өңірде алғаш рет шағын аурухана ашуға ұйытқы болды. 1903 жылы ол Гурьев уезінің 2-інші учаскесіне қарасты біраз болысқа дәрігер етіп жіберіліп, әрі сол учаскеде крестьянский начальник, училищенің қамқоршы-попечителі қызметтерін қоса атқарды. 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болуымен крестьянский начальник болды, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болды. Дәрігер Н.Селезновпен Жымпиты төңірегіне ұялаған обаны жоюда үлкен қызмет жасады. Мана айтылған обаны зерттеуге арналған зертхана мен дәрі-дәрмек қоймасы да Д.Күсепқалиевтің тікелей ықпалымен ашылды.

-Д.Күсепқалиевтің қайраткерлігінің, елге қызметінің ауқымды кезеңі 1917 жылы басталды,- деп жазады А.Байболсынова. Дәрігер бола тұра сол замандағы қоғамдық-саяси оқиғалардың ішінен қазақтың мүддесін іздейді. Осы жылы сәуірде Орал қаласында өткен Жайық сырты қазақтарының І сиезінде құрылған Орал облыстық қазақ Комитетіне Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Б.Жанқадамов, Ғ.Әлібеков секілді Алаш қайраткерлерімен бірге мүше болады. ІІ сиезде қазақтың тұңғыш басқару органы – Жайық сырты земство управасы сайланды. Төрағасы – Д.Күсепқалиев. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің құрамына сайланған 7 адамның біреуі де – Д.Күсепқалиев еді. Оның есімі сол уақытта Алашорда үкіметінің қайраткерлерінің бірі ретінде атала бастады.

Жымпиты ауруханасының қазақ жерінде ашылған үш аурухананың бірі екенін жоғарыда айттық. Ғимараттың тарихи тұрғыда құнды болуына осының өзі де жетеді. Оның үстіне ол аурухананы Мәскеудің императорлық университетін бітірген маман, жоғары білімі бар алғашқы қазақ дәрігері, Алаш қозғалысының белді өкілі Дәулетшах Күсепқалиев басқарса, тарихи маңыз деген осы емес пе?

Тарихи ғимарат Жымпиты ауылы, С.Датов көшесінің бойында, Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесінің территориясында, анығырақ айтсақ ауласында орналасқан. Мақаланы дайындау барысында, ғимаратты көзімізбен көріп, сыртқы және ішкі көріністерін суретке түсіргіміз келген. Ол оңай болмады. Себебі, Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшенің ауласы әскери тәртіппен күзетіледі. Содан, бөлімше басшысының міндетін уақытша атқарушы, дәрігер-бактериолог Азамат Ізімовтың атына газет редакциясының атынан ресми хат жазып, суретке түсіруге және мекеменің қызметкерлерімен сұхбат жасауға рұқсат алдық.

Аздап бұрыштары желінгені болмаса, қызыл кірпіштен салынған құрылыстың қабырғасы әлі мықты көрінді. Іргетасының қандай күйде екенін білмедік, бірақ ғимараттың шатыры опырыла бастапты. Бір-екі жылда төбенің ортаға түсетін түрі бар. Аяқты еппен басып, ғимараттың ішіне кіріп көрдік. Үлкен-үлкен ағаш есіктер, сопақ терезелер әлі бүтін қалпында тұр. Мекеменің ауласында ХІХ ғасырға тиесілі үстел жатыр. Үстелдің буылтық- буылтық аяғына қарап, жиһазды тарихи ғимараттың теңгерімінде болған мүлік болар деп топшыладық. Дәл сондай стильдегі үстелдер Жымпитыдағы Алаш музейінде тұр. Бұл үстелге ондай бақыт бұйырмапты.

Ғимаратпен танысып жүріп, Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесінің қызметкері, біздің өңірден шыққан үш зоологтың бірі Арман Құспанмен пікірлестік. Арман Құспанның айтуынша, бұрын зертхананың жанында көлемі 105 шаршы метрге шамалас қойма болған. Қазіргі зоологтар бөлмесі сол ескі қойманың «Г» тәріздес қабырғасына жалғанып қаланыпты.

Жымпитыдағы аурухана мен зертхананың тарихы туралы ауыл ақсақалы Қайыржан Нұрмұхановтан да сұрадық. Ол кісі кезінде «Қызыл үй» атанған Жымпитының алғашқы ғимараттары осы жерде күйдірілген кірпіштермен салынғанын айтты. Кірпіш құю үшін құм Өлеңтінің жағасына Тасқұдық жағынан түйе арбамен тасылған. Жымпитыда әуелде жұқпалы аурулар дендеп кеткені айтылды ғой. Сол уақытта, жұқпалы аурулардың ауаға жайылмауы үшін земстволық аурухана мен оба зертханасының арасына кірпіштен жол төселіп, оның үстіне әйнек дәліз салынып, дәрігерлер мен науқастар сол дәлізбен қатынаған.

Хабарласып біліп едік, мемлекеттік қорғауда тұрған ғимарат Орал қаласындағы обаға қарсы күрес станциясының теңгерімінде тұр екен. Мекеме басшысы Нұрбек Майқанов жөндеуге қаражат жоқ екендігін, десек те өз құзіретінде ғимаратты жаңғырту мәселесін көтеретін айтып, уәде берді. Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігер-бактериологы Азамат Ізімов ғимарат жаңғыртудан өтсе, бөлімшенің әкімшілік бөлігін, кітапханасын сол жерге көшіруге болады деген ой айтады.

Бұл мәселеге тек обаға қарсы күрес станциясы ғана емес, облыстық мәдениет басқармасы да, жергілікті атқамінерлер де назар салуы керек. Тарихи ғимаратты сақтап қалуға билік араласпаса, «Мемлекеттік қорғауда» деген тақтайша ғимаратты құлаудан қорғап қала алмайды.

Қалай болғанда да, ғимаратты жаңғыртудан өткізіп, ауданның тарихи-мәдени орны ретінде пайдалануға тиістіміз. ХІХ ғасырға аман жеткен, Алаш тарихының бөлшегіндей, Күсепқалиевтің көзіндей болған тарихи ғимараттың құлап, құрып кетуіне жол беріп алсақ, кейінгі ұрпақ бізді кешірмейді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале