11.04.2018, 12:42
Оқылды: 23

Михаил Абдоловты ұлықтау шаралары республикалық деңгейде ұйымдастырылады

Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Михаил (Бимағанбет) Абдоловтың алда келе жатқан 100 жылдығына орай Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта «Айбарлы ұлы қазақтың» атты шара өтті. Бұл - биыл республика көлемінде аталып өтетін аталған мерейтойға байланысты ауқымды шаралардың бірі. Басқосуға аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев қатысты.

Аудан әкімінің айтуынша, батырдың 100 жылдығын мерекелеу еліміздің Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен бекітіліп, 2018 жылы тойланатын мерейтойлар тізіміне енді. Осыған орай аудандағы білім, мәдениет ошақтарында, қорғаныс істері жөніндегі бөлімде ірі шаралар, танымдық конференциялар өткізу жоспарлануда. Батыр жүріп өткен жорық жолдарын ұлықтау мақсатында Венгрия Республикасының Секешфехервар қаласына ауданнан арнайы делегация бармақ. Сондай-ақ жыр мүшәйрасы, фотоэтюд, мәдени шаралар сценарийлерінің үздіктерін анықтау мақсатында республикалық, аймақтық байқаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Чапаев – Бұлан – Жамбыл – Чапаев» веложорығы өтеді.

Орталық кітапхана залында еліміздің басқа да аймақтарымен онлайн режімде өткен жиында М.Абдолов жайында мол деректер айтылды. Кітапханашылар жасақтаған көрмеде оның майдандағы ұлы ерліктері таныстырылды. Астана қаласындағы Ұлттық әскери музейі, Атырау облысы, Индер аудандық кітапхана ұжымы, облыстық әскери комиссариат, облыстық өлкетану музейі, Жаңақала аудандық кітапхана, Тайпақ, Жаңабұлақ ауылдық модельді кітапханалары байланысқа шығып, олардың өкілдері өткелі отырған ауқымды шараларға пікір қосты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, еңбек ардагерлері Ғибатолла Тілебалиев, Ғилаж Лұқпанов сөз сөйлеп, Бейіш атамен бірге өткен жылдардан естеліктерімен бөлісті. М.Абдоловтың нағашы інісі Темірғали Қажығалиев, Ақтөбеден келген немересі Ізболат Абдолов мерейтойды кең көлемде атап өткелі отырған ауданның басшы-қосшы азаматтарына, еңбек ұжымдарына, тұрғындарға алғыстарын арнады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале